24 Шілде, 2012

Әлеуметтік қорғаудың нарықтық үлгісі

274 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлеуметтік қорғаудың нарықтық үлгісі

Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:47

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту міндеттері талқыланды. 

Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:47

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту міндеттері талқыланды. 

Алқа мәжілісіне Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед қа­тысып, сөз сөйледі. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев қатысты. Мә­жілісте сондай-ақ облыстар әкім­дерінің орынбасарлары, ми­нис­тр­лікке қарасты мекемелер мен оның аймақтардағы құры­лым­дарының басшылары бас қосты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова баяндама жасады. Мемлекет басшысының кешенді бағдарлама сипатындағы мақала­сы­ның маңызына тоқталып өткен баяндамашы оның еліміздегі әлеу­меттік-экономикалық мәсе­ле­лерді шешудің басты бағыты бо­лумен қатар, жаңа идеологиялық қадам болып та табылатынын тілге тиек етті. «Бағдарламада министрлікке әлеуметтік заңнаманың жаңар­ты­луы, әлеуметтік еңбек қатынас­тары­ның тиімділігін қалып­тас­ты­ру, өмір сүру сапасының қазақ­стандық жоғары стандартын бе­кіту секілді нақты міндеттер жүктелді», деп атап өтті министр.
Ағымдағы жылдың бірінші жартысында Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасы бойынша әзір­лен­ген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы жаппай жүзеге асырыла бастады. Оның 2011-2012 жылдарға арналған бюд­же­ті­нің қаржысы 99,7 млрд. теңгеге жетті. Осыдан қазірге дейін 51,7 млрд. теңге қаржы игерілді. Бұл уақыт аралығында елімізде 110 мың адам аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, әлеумет­тік келісім-шарттарға қол қойды. Осы қол қойғандар қатарындағы   адамдардың 66,7 пайызын жұ­мыс­сыздар, 29,2 пайызын өз бет­терінше жұмыспен айналысатындар және 4,5 пайызын табысы аз санаттағылар құраған. Бір сүй­сі­нерлігі, бағдарламаға қатысу­шы­лар­дың жартысынан астамы, яғни 57 пайызы 29 жасқа дейін­гілер болып отыр.
Министр бұдан кейін бағ­дар­ламаның «Өз бетімен жұмыспен айналысатын, жұмыссыз және табысы аз халықты оқыту және олар­дың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» атты бірінші бағы­ты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралап шықты. Осы­ның шеңберінде 80,8 мың адам қатарға тартылды. Оларды кәсіптік оқытуды ұйымдас­ты­ру­ға республикалық бюджеттен 30,9 млрд. теңге қаржы қа­рал­ды. Бұл 442 білім беру ұйы­мымен шарт жасасып, 43,9 мың адамды кә­сіп­тік оқудан өт­кі­зуге, 30,7 мың адамды қайта даяр­лауға және 5,6 мың адам­ның біліктілігін арт­ты­руға мүм­кіндік берді. Жыл­дың екінші жар­тысы басталған қазіргі шақ­та 46,3 мың адам оқуларын аяқтады.
Олардың шамамен 75 пайызы жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте жұмысты тыңғы­лық­ты ат­қа­рып отырған Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарын ерекше атап өтуге болады.
Уақытша жұмыспен қамту мүм­кіндіктері әлеуметтік жұмыс орындарын ашу есебінен мүмкін болды, деді Гүлшара Әбдіха­лы­қова бұдан әрі. Бұл үшін жер­гі­лік­ті жерлерде 5 мыңнан астам жұ­мыс берушімен шарт жасалып, ша­мамен 38 мың адамды жұ­мыс­пен қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік әріптестік тетіктері жұ­мылдырылды. Әлеуметтік жұ­мыс орындарына жұмысқа орна­лас­тырылған бағдарлама қа­ты­сушыларын жалақымен субсидия­лауға 2,6 млрд. теңге жұмсалды. Ал жұмысқа орналастырылған бағ­дарлама қатысушыларының ор­таша айлық жалақылары 46 мың теңгені құрады. Есепті ке­зеңде жас­тар практикасының мүмкін­дік­­тері де белсенді пайдаланылды. Оның пішінінде 26,7 мың жас буын өкілі жұмысқа орналасты.
Баяндамада жұмыссыздарды, өз бетінше жұмыспен айналысатындарды және жастарды «нақты экономикаға» енгізу үшін бағ­дар­ламаның «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» деп аталатын үшінші бағыты шеңберінде ат­қарылған жұмыстарға да айрық­ша көңіл бөлінді. Ол еңбек етуге қабілетті жұртты әлеуметтік-эко­но­микалық даму әлеуеті төмен қо­ныстардан еңбек ресурстарына қосымша сұранысы қалыптасқан, даму әлеуеті жоғары елді мекендерге көшуге ынталандыруды көз­дейді. Осыған байланысты биыл­ғы жылдың өзінде еліміздің 18 өңі­рінде 1 158 жеке және көп пә­терлі үйлер салу жоспарланған. Күні бүгінге дейін бұл тұрғыда 403 үйдің құрылысы салынып бітті.
Министр Г.Әбдіхалықова еңбек қатынастарын дамыту бағытында да айтарлықтай ауқымды жұмыс­тардың қолға алынғанын мәлім­деді. Өзінің сөзін осындай көтерің­кі мәлімдемемен аяқтаған министрдің баяндамасынан кейін сөз тізгінін Мемлекеттік хатшы алды. Мәжіліс жұмысына орнында отырып араласқан Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндаманың жақ­сы мазмұнда жасалғаны, әлбетте, жақсы екенін айта келіп, онымен қабат жақсы жұмыстардың бол­ға­ны бұдан да жақсы екенін айтып өтті. «Сіздердің министрліктері­ңіз­дің атауының өзі «еңбек» деген сөзден бастау алады, деді Мұх­тар Абрарұлы. Бұл сіздердің басты жұмыстарыңыздың осы ең­бек­пен байланысты екенін біл­ді­реді. Сондықтан ең бірінші еңбек және осы еңбекке сай еңбек­ақы­ның болуы әрдайым қапер­ле­рі­ңіз­де жүруі керек». Бұдан әрі Мем­лекеттік хатшы қазір республика бойынша жалақыға қарыз дере­гі­нің 1 млрд. 821 млн. теңге болып отырғанын баяндама бойынша алғанын негізге ала отырып, мұн­шалықты берешектің қалай пайда болғанына назар аударды. Осы­ның үштен бір бөлігін, яғни 708 млн. теңгесін бір ғана Алматы облысы құрайды. Ал халқы барынша тығыз Оңтүстік Қазақстан об­лы­сындағы қарыздың мөлшері бұ­дан жиырма еседен астам аз, бар болғаны 35 млн. теңге болып отыр.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дарламасының төртінші бағыты ретінде тіркелген ауылдық елді ме­кендердің инфрақұрылымын дамыту мәселесінің өте орынды қолға алынып отырған шаруа еке­ніне тоқталды. Осы бағдарлама бойынша Шығыс Қазақстан облысына – 968 млн., Қарағанды облысына – 946 млн., Қостанай облысына – 699 млн., Павлодар облысына 574 млн. теңге қаржы бөлінген. Қазір жылдың тамыз айы да келіп жетті, ал аталған облыстарда жаңағы қаржыны игеру пайызы «0» деген цифрды көр­сетіп тұр. Біздің міндетіміз, бұл межелерді белгілеп алу ғана емес, сол жобаланған жұмыстарды ат­қару үшін бөлінген қаржыны игеруге де қатысты. Және оларды жылдың соңына дейін қалайда бір игеріп шығу міндет емес, негізгі мақсат, ауылдық жерлердің ин­фра­­құрылымы жақсаруына серпін беру болып табылады.
Мемлекеттік хатшы бағдар­ла­ма­ның екінші бағыты бойынша да айтарлықтай пәрменді жұмыс­тар­дың атқарылып жатқанын ауызға алды. Айталық, Батыс Қазақстан облысында осы бағыт шеңберінде 1415 жоба қолға алыныпты. Ал халқы бұдан әлдеқайда көп Қос­та­най облысында бар-жоғы 2 жоба көрініс тапқан. «Сонда бұл облыста микрокредит алуға ынталы адамдардың шынымен болмағаны ма?» деген сауал тастады Мем­лекеттік хатшы. Әлде мұның басқалай себептері бар ма?
М.Құл-Мұхаммед бірінші ба­ғыттың құрамына кіретін жастар практикасы жөнінде де біраз салиқалы ойдың арқауын ширатты. Бұл бағытқа тартылған студент жастар күні ертең оқуларын бітірген соң өздерінің қайда барып қызмет ететіндерін алдын-ала біледі. Осы жөніндегі республика аймақтары бойынша мәліметтер­дегі бірқатар көрсеткіштер көңіл тоғайтады. Мәселен, Жамбыл облысында ол 146 пайыз болып тұр. Осы арқылы тек осы облыста ғана 2 684 адам жұмыспен қамтылған. Қызылорда облысында да өте жақсы көрсеткіш бар. Мұнда 2 284 жас жұмысқа тартылған. Ал Астана қаласында бұл деңгей не­бә­рі 38 пайыздан қайтады. Құры­лысы қарқынмен жүріп жатқан және оған жұмыс қолы жетпей жатқан қаладағы ахуал, міне, осындай. Онымен бірдей студенті көп тағы бір мегаполис – Алматыда аталмыш мөлшер 161 пайызға жеткен. Еліміздегі ең жоғары көрсеткіш те осы. Мұның бәрі бұл мәселеге барынша мұқият және зор жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
Осыдан кейін Мемлекеттік хат­шы мінбеге көтеріліп, алқа мә­жі­лісіне қатысушыларға арнаған сөзін бастады.
Тәуелсіздік жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың басшылығымен халықты әлеуметтік қорғаудың нарықтық экономикаға сай келетін жаңа моделі жасалды. Зейнетақы, ең­бек­ақы, жәрдемақы мөлшері еселеп өсіп, еліміз бойынша мың­даған жаңа әлеуметтік нысандар: мектептер мен ауруханалар салынды, деп бастады сөзін Мұхтар Құл-Мұхаммед осы орайда. Елба­сы­ның жақында жарияланған стра­тегиялық мақаласы елімізді әлеу­меттік жаңғыртуға қол жеткізген табыстарды орнықтырып қана қоймай, оны одан әрі жетілдіруге арналған. Сондықтан әлеуметтік саланың әрбір қызметкері осы стратегиялық құжатты терең меңгеріп, оны халыққа жан-жақты түсіндіре білуі керек.
Бұдан әрі Мемлекеттік хатшы мына жәйттерге салмақ салды. Жазғы демалыстардың қызып жатқан қазіргі кезде бүгінгі алқа мәжілісінің өтуінің өзі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жү­зеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын тездетіп жасап шығу керектігін білдіреді. Мұндағы әң­гіме шын мәнінде Қазақстанның тек әлеуметтік жүйесін жаңғырту ғана емес, сонымен қатар, әрбір қазақстандықтың өмір сүру дең­гейін жақсартуға бағытталған жаңа идеологияны қалыптастыру туралы болып отыр. Бұл құжат­тың сұлбасы мен негізі нақтылы адам­ға қамқорлық жасауға ар­налған.
Президенттің аталған мақала­дағы барлық тапсырмалары іс жүзінде сіздердің министрліктері­ңізбен тікелей байланыста, сон­дық­тан әрбір әлеуметтік инспектор мен еңбек жөніндегі инспектор бұл кезеңде осынау маңызды стратегиялық құжаттың нағыз насихатшысы мен жүзеге асырушысы бола білуі керек, деп бір түйіндеді Мемлекеттік хатшы жоғарыдағы ойларды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда қалыпта­ғыдан тыс қимыл мен үлкен жауапкершілік керек. Бұл мә­се­леде ешқандай да науқаншылдық пен салтанаттылық орын алмауы тиіс. Үкімет қазірдің өзінде Елба­сының аталмыш мақаласында бе­рілген тапсырмаларды жүзеге асы­рудың шаралары жоспарын жасап қойды. Осы ойларды тар­қатып айтып шыққан М.Құл-Мұ­хаммед үстіміздегі жылғы ақпан айында болып өткен кеңесте министрлік басшылығына кәсіп­одақтар ұйымдары қызметін же­тілдіру туралы тапсырма беріл­ге­нін жеткізді. Сол 8 тапсырманың бүгінде 5-і орындалды. Қалған 3-ін орындау 2013 жылдың соңы­на дейін жалғасады.  Сөзінің со­ңында Мемлекеттік хатшы Елба­сының 20 тапсырмасына орай ми­нистрлік алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталды.
Мәжілісте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев, Қостанай облысы әкімі­нің орынбасары Серік Бектұр­ғанов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Қайрат Айтуғанов және басқалар шығып сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.
Алқа мәжілісі қаралған мәселе бойынша шешім қабылдады.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген  Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан».