25 Ақпан, 2019

Тақсай тарағы

1226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі жалпыұлттық қасиетті орындар қатарына алынған нысанның бірі – Батыс Қазақстан облысындағы «Тақсай» қорымдары. Бұл кешендерге 2012 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бұған дейін отандық археологияға белгісіз болып келген өте құнды жәдігерлер табылды. Атап айтқанда, «Тақсай-1» обасын қазған кезде ағаш бөренемен бүркемеленген жерлеу орны анықталып, осы нүктеден төрт жылқының жүгені және үшінші обадан ежелгі сармат кезеңіне тән ақсүйек әйел жерленген көр табылды. 

Тақсай тарағы

Әйел аса қымбат әшекейлі киім киген: басында шошақ төбелі жоғарғы жағында тау ешкісінің бейнесі салынған алтын бас киім, мойнына екі салпыншақты тұтас құйылған гривна (металдан жасалған әшекей) тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың бастары бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігіліп, жеңдеріне де алтындаған қасқырдың азу тістері бейнелеген салпыншақ тағылыпты.

Сонымен қатар кешеннен табылған таңғажайып жә­ді­гер­дің бірі – «Тақсай тарағы». – Бұл жәдігердің құн­ды­лығы соншалық, дүниежү­зі­лік мә­дени-тарихи қазына қа­та­рына жататын бірден-бір бұ­йым, – дейді Батыс Қазақ­стан облыстық тарих және ар­хео­логия орталығының ди­рек­торы Мұрат

Сыдықов. Ра­сында бұл зат әлемдік дәр­гей­ге баланып отырған елі­міз­­де ба­ламасы жоқ жалғыз жә­дігер. 

Тарақ екі жақты, тікбұрыш пішінді ағаштан жасалған. Оның ені − 11, биіктігі − 17, жуандығы − 0,5 см. Бұйымның шаш тарауға арналған бөлігі жоғарғы және төменгі сүзгі тістерден құралған. Жоғарғы бө­лігінде қимасы жұмыр 13 ірі тіс болса, төменгі жағы бәрі бірдей 79 ұсақ тістермен көмкерілген. Тістердің екі шетіне конус пішіндегі декор ойылып, орталық бөлігі – тік бұрышты өрнектермен бе­зендіріліпті.

Тарақтың дәл ортасында бір жаяу сарбаздың арбада отыр­ған қос сарбазбен сайысы бей­неленген. «Бұл бейне Иран­ның ахеменидтері мен да­ла көшпенділері арасын­да­ғы ұрыстың көрінісі болуы мүмкін», дейді археолог маман Я.Лұқпанова ханым. 

Арбаның астыңғы жағында алты шабақты бұдырлы дөң­гелек бейнеленсе, арба жегіл­ген жылқының жалы қысқа, мо­йны доғаша иілген, алдың­ғы аяқтары бүгілген және жо­ғары көтерілген. Тіпті ат­тың ауыздығы мен божысы анық көрініп тұр. Зерттеу­ші­лер тараққа б.д.д І мың жылдықтың мұрасы деген баға беруде. 

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»