Аймақтар • 25 Ақпан, 2019

Батыстың үздік әскери шаңғышылары анықталды

983 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласындағы «Беркут» туристік базасында әскери қызметшілер арасында шаңғы жарысынан Қарулы Күштердің іріктеу чемпионаты өткізілді.

Батыстың үздік әскери шаңғышылары анықталды

Шаңғы біріншілігіне Ақтау, Атырау және Ақтөбе гарнизондарынан 57 әскери қызметші қатысты. Командалар 2 әскери қызметшіден құралды, олардың бірі ер адам болса, екіншісі әйел адам, қалғандары жеке қатысушы ретінде шықты. Жарыс екі этаптан құралды, олар «Патрульдер эстафетасы» мен «Патрульдер жарысы» деп аталады. Жарыс дистанциясына әскери қызметшілер әскери киім үлгісінде шықты. Патрульдер эстафетасы 10 км арақашықтықтан тұрады, оның 5 км ер адам, ал 5 км әйел адам өтеді. Патрульдер жарысына команда старттан бірге шығып, ілесіп жүреді, уақыт команданың соңғы мүшесі мәре сызығын өткен бойда тоқтатылады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының дене тәрбиесі және спорт қызметінің бастығы майор Медет Құлыбековтың айтуынша, бұл жарыста барлығы командалық жұмысқа байланысты, себебі спортшының техникасы да, шыдамдылығы да мінсіз болғанымен, қортынды нәтиже оның серіктестеріне байланысты болады.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды Атырау қаласының 41433 әскери бөлімі, 2 орынды – Ақтаулық 25744 әскери бөлімі, ал 3 орынды Ақтөбелік 30238 әскери бөлімі иеленді. Ендігі кезекте, жарыс жеңімпаздары 1-3 наурыз күндері Щучинск қаласында өтетін Қарулы Күштердің чемпионатына қатысады.

Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде дене даярлығы жауынгерлік даярлықтың айырылмас бөлігі болып табылады. Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер тұрақты түрде президенттік нормативтерді, бір айда бір рет кезекті сынақты, ал бір жылда бір рет қортынды тексерісті тапсырады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы