Қазақстан • 25 Ақпан, 2019

ШҚО Катонқарағай ауданында «Алтай» шипажайы ашылады

1891 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұндай жағымды жаңалықты облыс әкімі Даниал Ахметов Өскеменде өткен халыққа есеп беру кезінде жеткізді. 

ШҚО Катонқарағай ауданында «Алтай» шипажайы ашылады

Аймақ басшысының айтуынша, шипажай Катонқарағай ауылындағы №2 аудандық аурухана базасында орналасады. Шипажайда Алтайдың емдік шөптерімен, қымызбен, батпақпен емдеу кабинеттері ашылып, келушілерге қызмет көрсетпек. Аурухана ғимаратында халықтық медицина бөлімін ашу да жоспарланып отыр.

Шипажай ашу мәселесі 23 ақпанда Д.Ахметовтің Катонқарағай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында да талқыланды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов әкімге шипажайдың жоба-жоспарын таныстырды.

«Бұл аурухана салынған кезде аудандағы халық саны,  соған сәйкес медициналық мекемеде төсек орындарының саны да көбірек болған еді. Халық жан-жаққа көшкен кезде ауруханаға келетін кісілер де азайып, ғимараттың біраз бөлігі бос тұр. Нақтырақ айтсақ, 9 мың шаршы метр нысанның 3 мың шаршы метрі пайдаланылмай отыр. Біз шипажайды осында, яғни бос аумаққа орналастырмақ ойымыз бар. Шипажай ашудағы мақсатымыз – ең әуелі Катонқарағайдың туристік әлеуетін нығайту. Қазір бұл ауданға туристер негізінен жаз кезінде ғана келеді. Әрі кетсе екі-үш ай. Зерделеп қарағанымызда олардың жеке меншік демалыс базаларына баратынына көз жеткіздік. Аталған демалыс базаларында білікті медицина мамандары жоқ. Қан қысымын, сараптамаларын ешкім тексермейді.

Енді шипажайға келушілерді білікті мамандар қарап, рентгенге, УЗИ-ге түсіріп, денсаулықтарын жіті тексеретін болады. Катонқарағайдың туристік әлеуеті жоғары. Мәселен, Катонқарағай ұлттық саябағында 18 туристік бағыт бар. «Рахман қайнары» шипажайы өз алдына. Жалпы, Катонқарағай ауданының туристерді жыл он екі ай қабылдауға мүмкіндігі бар.

Қыста шаңғы тебуге болады, жазда туристерге Австрия жолын неге көрсетпеске?! Шипажай ауданда қосымша жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді. Біз иппотерапия, ине терапиясы, қымыз терапиясын дамытуды көздеп отырмыз. Керек болса, өзіміздің мамандарымызды оқытамыз.

Қытайдың Алтай ауданында халық медицинасын жақсы меңгерген мамандарды осында тартып немесе өзіміздің мамандарды сол жаққа жіберіп, тәжірибе алмасу да ойымызда бар», - дейді басқарма басшысы.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы