Қазақстан • 25 Ақпан, 2019

19 жылдан кейін табылған Әсел елге оралды

4360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігі осыдан 19 жыл бұрын жоғалып кеткен Әсел есімді Қазақстан азаматын тауып, елге әкелді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

19 жылдан кейін табылған Әсел елге оралды

Әсел Дүйсенбаева 1984 жылы 13 қаңтарда Атырау облысында туған.

Осыдан 19 жыл бұрын Әселдің отбасымен байланысы үзілген болатын. 2000 жылы 7 cәуірде достасып жүрген тәжікстандық азаматпен Саратов-Душанбе бағытындағы пойызбен Атыраудан Тәжікстанға кеткен. Қолында туу туралы куәлігі ғана болған, кейін оны жоғалтып алыпты.

Душанбе қаласының вокзалына келгеннен кейін тәжікстандық әлгі азамат Әселді алдап, тастап кеткен. Вокзалда жүрген кезінде жергілікті бір әйелмен танысып, соның үйінде 10 жыл тұрған. 

Содан кейін, 2011 жылы бір тәжікстандық азаматпен азаматтық некеде тұрып, 2013 жылы ажырасып кеткен, балалары болмаған. Осы кезге дейін Душанбе қаласындағы дәмханада даяшы болып жұмыс істеген.

Әсел биыл қаңтарда Душанбе қаласына келген бір Қазақстан азаматымен танысып, оған өз суретін және жеке деректерін берген екен. Ол азамат WhatsApp желісі арқылы Әсел туралы ақпаратты таратып, нәтижесінде Әселді анасы Мұстақима Дүйсенбаева танып, Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігіне өтінішпен шығыпты. 

Оның үстіне Әсел туралы білген атыраулық депутат Қазақстан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловқа Әселді табуға қолдау көрсету бойынша өтініш жасайды. Өз кезегінде Б.Атамқұлов еліміздің Душанбедегі Елшісіне телефон шалып, Әселді іздестіруге тапсырма береді.

Елшілік оны табу үшін Тәжікстанның құзырлы органдарына сауал жіберген болатын. Қазақстандық дипломаттар және Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-іздестіру басқармасының күштерімен үйсіз-күйсіздерді қабылдайтын орындар, сондай-ақ тіркеуде тұрған немесе құжатсыз жүрген адамдар арасында іздестіру жұмыстары жүргізілген. Оған қоса, елдегі түрлі дәмханалар, мейрамханалар, түнгі клубтар тексерілген. 

Дегенмен, іздестіру жұмыстары нәтиже берген жоқ. Қолдарында тек қана фотосы бар және есімін білетін дипломаттар үшін Әселді бірнеше жүз мың xалқы бар Душанбеден табу расында оңай емес еді.

Әсел және оны табамыз деп әрекет жасаған Елшілік қызметкерлері үшін тағдыршешті күн биылғы 19 ақпан болды. Сол күні Елшіліктің консулы А.Бекбосыновқа Әселге ұқсайтын адам бар деп Душанбе қаласының полиция қызметкері телефон соғып, келіп кетулерін өтінеді. А.Бекбосынов сол жерге дереу барғанымен, ол Әсел болмай шығады. 

Әселді табамыз деген үміті үзілген А.Бекбосынов өзінің жұмысқа қайтып бара жатып, жолдың шетінде тұрған Әселге ұқсайтын әйелді байқайды. Дереу тоқтап, қасына барып, қазақша «Сіздің есіміңіз Әсел емес пе?» - деп сұрайды. Әсел бұл сұрақты қазақша түсінбей, оған тәжікше сөйлей бастады. А.Бекбосынов өзінің сұрағын орысша қайталағаннан кейін ғана Әсел есеңгіреп, «иә, есімім - Әсел» деп жауап береді.

Консул Әселге туыстары іздеп жүргені туралы айтып, телефонындағы анасының видеосын көрсетеді. Әлгі жерде жас қыз есенгіреп, отыра қалып жарты сағаттай өкіріп жылайды. Қуанышы қойнына сыймаған олар бірден Елшілікке келеді.

Әселдің қолында ешқандай құжаты болмағандықтан, консул Атырау қалалық АХАЖ бөлімінен туу туралы актілік жазбаның көшірмесін шұғыл түрде сұратады. Сол көшірменің негізінде Қазақстанға қайтып оралуға арналған куәлік рәсімделеді. 

Елшілік қызметкерлерінің көрсеткен қаржылай көмегімен 22 ақпанда Душанбе-Алматы-Атырау бағыты бойынша әуебилет сатып алынып, нәтижесінде, Әсел Атырау қаласына аман-есен жетіп, анасымен және туыстарымен 19 жылдан соң қайта қосылды.

Осылайша, мейірімді адамдар мен министрлік және Қазақстанның Душанбедегі қызметкерлерінің арқасында 19 жыл жат жұртта жүрген отандасымыз елімізге оралды.