Кеңес төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, соңғы жылдары отандық бизнес бұрынғы алыпсатарлық сипаттан жетіліп, интеллектуалдық деңгейге көтеріліп келеді. Қазақстандық бизнестің қалыптасуында әйелдер ерекше орын алады. Батыс елдерінде мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орындарында жалғасатын бизнес әліппесінің негізін Қазақстандағы нәзік жандылар өмірдің өзінен үйренді. Қазақстан бизнесінің экономикалық өсімді еселеуіне тигізген әсері туралы айтатын кез келді. Экономикадағы өтпелі кезеңге ерлер ғана емес, әйелдер де тез бейімделетіні дәлелденді. Қорыта келгенде, қазақ бизнесінің қалыптасу кезеңіндегі әйелдердің рөлін ешкім де жоққа шығара алмайды.
– Ауылдық жерлерде бизнесті өзінің бастапқы сипатында түсінетін адамдар әлі де болса көп. Олар идеясы, мүмкіндігі бола тұрса да, жаңадан іс бастауға қорқақтайды. Сондықтан балаларды, жастарды ақпараттық технология және бизнес саласына дайындауды мектеп қабырғасынан бастап қолға алатын кез келді. Біз ата-аналарға ғана емес, болашағын бизнес әлемімен байланыстыратын балалар үшін де осы форумды ұйымдастырдық. Пікірлеріңізді ортаға салыңыздар, – деді Л.Ибрагимова.
Оның айтуынша, бүгінде жаңа технологиялардың дамуы әлемді қарқынды түрде өзгертуде. Салық төлемі, коммуналдық қызмет ақысын өтеу, мобильді банкинг, тағы басқаларын меңгеру – уақыт талабы. Осы жаһандық даму үрдісінде бизнестің трендте болмауы мүмкін емес. Артта қалып қоймау үшін қазірдің өзінде жаңа құралдармен жарақтанып, оны шебер меңгерген жөн.
– Бүгінде шағын және орта бизнестің шамамен 40 %-ы әйелдерге тиесілі. Digital экономика, цифрлы коммуникациялар, цифрлы сауда-саттық құралдарымен кім тез жарақтанса, сол жаңа деңгейге алғашқылардың қатарында көтеріледі, – деді Л.Ибрагимова.
Бүгінгі таңда мемлекеттің әйелдер бизнесін дамытуға ықыласы алабөтен екен. Былтырдың өзінде жүздеген кәсіпкер әйелге 1 млрд 2 млн теңге несие ең төменгі пайызбен беріліпті. Мемлекеттің әйелдер бизнесіне оң қабақпен қарап отыруының себебін «Халық Банк» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова түсіндіріп өтті. Оның пайымдауынша, әйелдер кез келген орында жауапкершіліктің салмағын сезінеді, оған атүсті қарай алмайды.
Ү.Шаяхметова сөз арасында экономиканың дамуына мүмкіндік беретін қолайлы сыртқы ахуал қалыптасып отырғанын айтады. Керісінше елімізде нарық заңдылығына қайшы жағдайлар кездеседі.
– Соңғы бірнеше айдан бері мұнай бағасы айтарлықтай жоғарылады. Бюджет пен төлем қабілетіміз де жоғары екенін көріп отырмыз. Бірақ ІЖӨ-нің өсімі тек шикізат секторының түсімі арқылы ғана өсіп отыр. Сондықтан «Экономика неге өсім бермейді?» деген мәселе бәрімізді толғандыруы тиіс. Оған бизнестің дамуы оң ықпал ететінін білесіздер. Қазақстандық бизнестің қарқынды дамуы үшін әйелдер белсенді болуы керек. Нәзік жандылардың бизнесін мемлекет тарапынан ынталандыру әлі де болса жалғаса береді. Оған мемлекет те, банктер де мүдделі, – деді Ү.Шаяхметова.
Бұл форумның бұрнағы жылдардағыдан бір ерекшелегі ретінде шараның ауқымы қазақстандық деңгеймен шектеліп қалмай, халықаралық ауқымға кеңейгенін айта кетуге болады. Гонконгтен арнайы қонақ ретінде шақырылған «China CITIC bank» басқарма төрағасы Ли Цинпин ханымның әңгімесі ресми түрде өтіп жатқан форумның атмосферасын жылытып жібергендей болды. «Форбс» журналының рейтингінде әлемдегі ең ықпалды әйелдердің ондығына кірген Ли Цинпинді үйіндегі жолдасы – адал жар, жалғыз ұлы – ардақты ана деп таниды. Оның пайымдауынша, жұмыс барысы мен ондағы көңіл күй үй жағдайына да әсер етеді екен.
– Отбасымның көңіл күйіне теріс әсер ететін факторлардың бәрін мен жұмысқа қалдырып кетемін. Әйел екенімді ұмытып, тек бизнеске ғана мойын бұрып кетсем, өмірдегі табысым тек бизнесіммен ғана шектеліп қалар еді. Қазір бизнес пен отбасым – қос қанатым. Менің бизнестегі табыс формуламның сыры осы, – деді «China CITIC bank» басшысы.
Ли Цинпин ханым бизнестегі биік табысқа жетуіне ықпал еткен бір фактор ретінде салық саясатының гуманистік сипатын айтты. Салықтағы жеңілдіктер, оны төлеу тетіктерінің ыңғайлылығы адамдарды бизнеске баруға, біліктілігін көтеруге жұмылдырады.
– Табысыңның 10-15 пайызы – мемлекеттің меншігі, қалғаны жеке табысың. Бұл кәсіпкерлерді қанаттандырады. Ер адамдар әйелдердің табыстылығы мен біліктілігін бірден мойындай қоймайтыны белгілі. Сондықтан әйелдердің кез келген саладағы басты қаруы – оның нәзіктігі болуы керек. Бойыңда нәзіктік, парасат қатар келіп тұрса, алынбайтын қамал жоқ,– деді Ли ханым.
Осы орайда «China CITIC bank»-ке қатысты бір мәселені айта кетейік. «Халық Банк» АҚ-тың еншілес компаниясы саналатын Altyn Bank акцияларының 60 пайызы «China CITIC bank»-ке тиесілі. Ли Цинпин ханымнан өткен жылы жасалған осы келісім туралы сұраған едік.
– Біз Қазақстанға өз тәжірибемізбен бөлісуге келдік. Қазір біздің банк тек Қазақстанда жүрген қытай азаматтарына ғана емес, осы елдің азаматтарына да қызмет етеді. Жақында халықаралық компанияларға қызмет көрсететін арнайы бөлім аштық, – деді Ли Цинпин.
Гонконг іскер әйелдер одағының жетекшісі Клэр Ло бізбен әңгімесінде Алматыға, Қазақстанға бірінші рет келіп тұрғанын айтты. Қазіргі тұрып жатқан қаласы Гонконг Қытайға қайта оралу үрдісін бастан кешіп жатқаны белгілі. Бір ғасыр бойы батыс құндылықтарын бойына сіңіріп алған қаланың қазіргі мэрі әйел адам екен. Бұрыннан нәзік жандыларға бизнесте қолдау көрсететін қалада бизнесті қолдау мен қорғаудың шарттарының халықаралық заңнамаға негізделген тетігі жасалған екен.
– ҚХР-дың ішкі жалпы өніміндегі Гонконг бизнесінің үлесі қомақты. Оның басты себебі – бұл қала жемқорлық дертіне бой алдырмаған. Жер көлемі 1 мың шаршы шақырым ғана болғанмен, халқының саны – 7-8 млн. Ол Қытайды Батыспен де, Шығыспен де жалғастырып жатыр. Гонконг бизнесінің табыс формуласының бір қыры осы, – деп сөзін түйіндеді Клэр Ло.
«Hewlett Packard Enterprise» компаниясының бас директоры Дана Алтыбаева – 2018 жылы Microsoft командасынан шақырту алған кәсіпкер. Бұл компанияның Қазақстанда, Қырғызстанда өкілдіктері бар. Ол сөз реті келгенде атақты компанияның табыс сырын жиналғандар алдында жайып салды.
– Әлемдік технология дамып кетті. Батыста тренд болған технологиялар бізге үш-төрт жылдан кейін жетеді. Себебі Қазақстанда технологияға инвестиция салуға билік те, бизнес те онша ықыласты емес. Бұл қоғамға әсер етеді. Кезінде БАҚ тек ер адамдардың еншісінде деген түсінік болатын. Уақыт өте келе әйел журналистердің біліктілігі мен қабілеті бұл түсініктің тас-талқанын шығарды. Қазір сондай түсінік ақпаратты технология саласында жүріп жатыр. Мен айналысып жүрген бизнес ортада әйелдер өте аз, – деді Д.Алтыбаева.
«Women in business» форумға отандық және алыс-жақын шетелдерден келген 100-ден астам кәсіпкер әйел қатысты. Бизнесте бағы жанған нәзік жандылар өзара сөйлесіп, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Форум барысында Қазақстанда кенже қалған, енді дамып келе жатқан welness, fashion, restoclub секторларында қаржыны, брендті қалай басқару керектігі, тайм-менеджменттің мүмкіндігін кәдеге жарату туралы кәсіпкерлердің ой-пікірлері ортаға салынды.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ