Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Хамит Рақышев Алматы облысы, Қаскелең ауданы Абай ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Қошан Рақышев ауылдағы кеңшарда жұмысшы, малшы, шешесі Мағрипа үлкен отбасының ұйытқысы болған. Олар сегіз баланы дүниеге әкелген ардақты жандар еді. Рақышевтар әулеті ел арасында өздерінің еңбектерімен, халыққа жасаған қызметтерімен, орнатқан дұрыс қарым-қатынастарымен сыйлы отбасы. Хамит Қошанұлы 1973 жылы Алматыдағы құрылыс техникумын бітіріп, туған ауылы Абай атындағы совхозда құрылысшы болып жұмысқа қабылданады, көп ұзамай шебер қызметіне бекітіледі. Содан кейінгі жылдары аға инженер, аға прораб болып, өзін жан-жақты дайындалған іскер маман екенін көрсетеді. Алғыр азаматтың ерекше қабілетін байқаған аудан басшылары оны Абай атындағы құс фабрикасы директорының орынбасары қызметіне тағайындайды. Ол 1981-1983 жылдары Қаскелең ауданы Ленин кеңшары тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасары, Үлкен Алматы кеңшары тұтынушылар қоғамының төрағасы, Іле аудандық тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасары болды. 1983 жылдан бастап Хамит Қошанұлы Шамалған кеңшары тұтынушылар одағының төрағасы, 1984-1986 жылдары Жамбыл ауданының тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін атқарды. Осы кездерде Хамит Қошанұлы халықтың бел ортасында болып, өзінің ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетіп, елі үшін аянбай еңбек ететін жан екенін таныта білді. Үлкен жүректі азаматтың істеген жақсы істерін, елге жасаған қамқорлықтарын сол кездерде бірге қызмет істеген аға буын өкілдері әлі күнге дейін естерінен шығармай, толғаныспен айтатынын өз құлағыммен естіп жүрмін.
Қасиет қонып, құт дарыған Жамбыл ауданында қызметте болғанда Хамит Қошанұлы облыс, республика басшыларының көздеріне ілініп, келешек өміріне үлкен жолдама алған еді. 1986 жылы абзал азамат Сарыарқаның төсінде жайғасқан, жаңадан құрылып, қарқындап дамып келе жатқан қазақтың киелі мекені Жезқазған облысында тұтынушылар қоғамының төрағасы болып сайланды. 1988-1990 жылдары Жезқазған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1990 жылы Алматы қаласындағы Республикалық орталық партия комитетінің демалыс үйінің директоры қызметіне жұмысқа жіберіледі. Содан соң Қазақстан Республикасының Президенті мен Министрлер Кабинетінің сауда бөлімінің басқарушысы лауазымына тағайындалады. Қазақстан Республикасы бас тексеруші инспекциясының мемлекеттік инспекторы қызметін атқарады. 1993 жылы Хамит Қошанұлы ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған Сауда-өнеркәсіп палатасы Президиумының төрағасы қызметіне тағайындалды. Жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет үшін аталған палатаның алдында көптеген жауапты міндеттер, халықаралық деңгейде шешетін күрделі мәселелер тұрған еді. Осы қызметте атпал азамат 14 жылдан астам уақыт қызмет етіп, өмірінің соңына дейін барлық күш-жігерін аямай тер төкті.
Мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев Хамит Қошанұлымен жас кезінен бірге өскен. Оның айтуынша, Хамит замандасы жас кезінен өте зерек, алғырлығымен көзге түскен. Өсе келе туған ауылының көркейіп, дамуына өзінің қосқан шексіз үлесі бір төбе. Оның достарының, жерлестерінің арасында шоқтығы биік, беделді, үлкен абырой иесі болғанын ешкім есінен шығарған емес. Талантты азамат екеуі жас кездерінен бастап ауылда спортпен айналысып, әсіресе, волейбол секциясында бірге дайындалған, алғы шепте болса, табиғи қайсар мінезіне сай Хамит командада үнемі шабуылшы шебінде атойлап жүрген. Кейінгі жылдары Хамит досының Алматыда «Динамо» спорт қоғамында волейбол секциясында жаттығуларын жалғастырып, команда құрамында үлкен жетістіктерге жеткенін, оның спорт шебері болғанын мақтанышпен есіне алады. Амангелді Смағұлұлы Хамит екеуі сол кездерде Еуропада екі дүркін жеңімпаз болған алматылық «Буревестник» волейбол командасының құрамында ойнауды армандаған да. Хамиттің велосипед спортымен де айналысып, жүлделі болғаны да замандастарының есінде. Амангелді Шабдарбаевтың ұйымдастыруымен Хамит Қошанұлын еске алу мақсатында ол оқыған мектепке және кезінде отбасы тұрған көшеге оның атын беру ұсыныстары мемлекеттік органдарға тапсырылды. Күні бүгін ол ұсыныс қолдау көріп, іске асса нұр үстіне нұр болар еді.
Кезінде Жезқазған облыстық тұтынушылар қоғамын Хамекеңнен соң басқарған, Арқадан шыққан еліміздің беделді азаматы Сенбай Жаппаров біздің кейіпкеріміз туралы жазылайын деп жатқан жаңа кітапқа бірінші болып өзінің естеліктерін жазып та берді. Сенбай Жаппаров «Алаштың абыз ақсақалы, кемеңгер қариясы болған Бұқар жырау Қалқаманұлының «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөзі өздері өмірден өтсе де өнегесі мен жасаған жақсылықтары өлмейтін Хамаң секілді жақсы адамдарға арнап айтылған сияқты» дейді жүрек толқынысын сездіре отырып. «Баяғыда үлкендеріміз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жатушы еді. Көзін көріп, өзін біліп, ақыл-кеңесін тыңдап, ағалық және азаматтық қамқорлығына бөленіп өмірде өнеге алған адамның жақсы қасиеттерін еске түсіріп, хатқа басып, естелік қалдыруды өзімнің аға алдындағы адалдық мен бауырлық борышым деп санаймын» дейді ол ақжарма көңілмен ақтарыла сыр шертіп.
Хамит Қошанұлы Жезқазған облысы тұтынушылар одағының төрағасы болып қызметке келген кезде өлкенің шалғайда жатқан, жаңадан құрылған облыс болғандықтан ба, әйтеуір, өндіріс пен өнеркәсіптің өркендеуіне көптеген кедергілер туындай бергені ақиқат еді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей Хамит Рақышев өзінің білікті басшы, шебер ұйымдастырушы екенін танытып, бірден тізгінді қолға алып, жұмысты ширатып жібереді. Әсіресе ол кісі саланың өндірістік материалдық базасының дамуына, қарқынды жұмыс жасалуына ерекше ықпал етеді. Оның Югославияда жасалған шұжық дайындайтын цехтың бір емес бақандай үшеуін Жезқазғанға алдыртуы сол кезде таңғаларлықтай оқиға демеске және амалың жоқ. Өндіріс саласына өзге де жаңа технологиялар біртіндеп енгізілгені әлі күнге дейін елдің есінде, оның бәрін Хамаңның есімімен байланыстыру дәстүрі сақталынған.
Ол өз қызмет жолында Арқада болсын, Алматыда жүрсін қазақтың алғыр азаматтарына қолдау жасап, ағалық қамқорлығын аямаған. Хамаң шәкірттерінің біразы қазіргі кезде республикамыздың орталығынан бастап, еліміздің барлық түкпірінде беделді де белсенді қызметтер атқару үстінде. Бір сөзбен айтқанда, аз уақыт ішінде Хамит Қошанұлы көп іс тындырған бірегей азамат. «Сарыарқа азаматтары Хама ағасын әркез сағынышпен естеріне алады» деген Сенбай замандасымның сөзі де әркез құлағымда тұрады.
Сол 80-жылдардың аяғында Ақадыр ауданында қызмет істеп жүрген кезімде мен де Хамит Қошанұлымен алғаш танысқанмын. Кеңпейілді, үлкен жүректі азамат алғашқы кездесуден кейін-ақ мені өзінің бауырына тартып, ағалық ақылын айтып, үнемі іздеп жүрді. Кездескен сәтімізде айрылмастай қауышып қалушы едік. Ерекше жаратылған жанның бойынан қайталанбас кісілік қасиет, тектілік сезім, жүзінен жан тазалығының шапағат нұры төгіліп тұратын. Оның маған деген ыстық ықыласы, көрсеткен ағалық қамқорлығы, әрбір кездесулерде айтқан ақыл сөздері әлі күнге дейін құлағымнан кетер емес. Хамаңдай көңілі дархан мінезді жандар, бәлкім, келешекте кездеспейтін шығар. Дегенмен, осындай айтулы тұлғамен таныстырып, жанына жақындатқанына мен Аллаға шүкіршілік етемін.
Өткен жылдың желтоқсан айында Хамит Қошанұлының өмірлік жары Балжан апаймен кездескенде Хамит ағаның 70 жылдығына деректер жиынтығымен арнайы кітап шығару туралы арамызда келелі әңгіме болған. Осыған орай Хамаңмен қызметтес, мүдделес-үзеңгілес болған мемлекет және қоғам қайраткерлері, туыстары, достары, әріптестері, Сауда-өндірістік палатасының облыстардағы филиалдарын басқарған азаматтар өздерінің Хамит Қошанұлы туралы жазған естеліктерін Алматыға жібере бастады. Олардың ішінде М.Бияров, А.Абдрахманова, Н.Төреханова, С.Ордабеков, Р.Аппазов, Т.Кононова және басқа да азаматтар бар. Текті азамат туралы барлық жүрекжарды естелік-мақалалар, ән сазы мен өлең шумақтары «Дәуір» баспаханасында жинақталып жатыр. Еліміздің сауда палатасын 14 жылдан артық уақыт басқарып, мекеменің абыройын биікке көтерген Хамит Қошанұлы Рақышев ТМД елдерінің арасында жоғары деңгейге шығарып, әлем көлемінде де есте қаларлықтай істер атқарған. Оған дәлел Хамит ағамыздың пікірімен Ресей және басқа да алпауыт мемлекеттердегі әріптестерінің санасқаны. Өзі басқарған ұжымда да беделі өте жоғары болған.
Хамаң халқымыздың, жеріміздің тарихын терең білген. Замандастары оны әркез мақтан тұтатын, елдегі жетістіктерді зор қуанышпен айтып жүретін. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Самсы елді мекенінде жаугершілік заманда елін, жерін жаудан қорғаған, одан азат етуде ерлік көрсеткен, қаһарман Сәмен батырға арнайы ескерткіш орнатылды. Оның айналасы безендіріліп, бау-бақшаға айналды. Бұл істің де ұйытқысы, бас демеушісі және негізгі ұйымдастырушысы Хамит Қошанұлы еді. Өзі туған Абай ауылының өркендеуіне атсалысып, туыстарына, жерлестеріне, әсіресе, қарт азаматтарға өзінің қамқорлығын шексіз жасаған. Ауыл мешітіне, мектепке мейлінше көмек көрсетті.
Хамит Қошанұлының тұғыры биік тұлғалы бейнесі отбасының, туыстарының, достарының, әріптестерінің, жалпы халықтың, бәріміздің есімізде мәңгі сақталады.
Әділ ШАЯХМЕТОВ,
генерал-лейтенант, Орталық Азиядағы есірткіге қарсы күрес орталығы директорының орынбасары
АЛМАТЫ