Қазақстан • 26 Ақпан, 2019

Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі

2213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атам қазақ «ауру – астан» деп жайдан-жай айтпаса керек-ті. Әлемді дендеген семіздік, қант диабеті сияқты инфекциялық емес аурулардың көпшілігі дұрыс тамақтанбаудан, яғни газды сусындарды, қантты, транс майлары мен тұзды шамадан тыс тұтынудан болатынын ақ желеңді абзал жандар айтып-ақ келеді.

Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі

Әлемде жылына 36 мил­­лионнан астам адам инфек­ция­лық емес аурулардан көз жұмады екен. Бұл өлімнің 63 пайызын құрайды. Ал Қазақстанда қай­тыс болатындардың 80 пайызы қатерлі ісік, ас қорыту, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйе­сі ауруына шалдыққандар көрінеді. Бұл деректер Астанада дұрыс және қауіпсіз тамақтану мәдениетін қалыптастыру мәсе­ле­лері талқыланған дөңгелек үстелде айтылды. 

Жиын­да сөз алған Қоғамдық ден­­­­­сау­­­лық сақтау ұлттық орта­­лы­­ғының директоры Уәли­хан Ахме­тов экономикалық ын­ты­­­­­мақ­­тастық және даму ұйы­мы ел­­дерінің әлемдік тәжірибеде мо­й­ын­­далған Дүниежүзілік денсаулық сақ­­­тау ұйымының дұрыс тамақтану мәсе­ле­ле­рі жөнін­дегі ұсыныс­та­ры­­на, Қазақ­­стандағы ағымдағы жағдай­ға және дұрыс тамақтану саясатын қамтамасыз ету бо­йынша міндет­тер­ге жан-жақты тоқтал­ды.

ДДСҰ-ның инфекциялық емес аурулардың алдын алу және оған қарсы күрес жөнін­де­гі Еуро­­палық кеңсе­сі­нің басшысы, тамақ­тану, дене белсен­ділігі және се­міздік жөнін­де­гі бағдар­ла­­­маның менед­жері Жоао Бреда ДДСҰ-ның, ұлт­тық институт­тар мен қоғамдық ден­сау­­лық сақтау сала­сын­­дағы қауым­дас­тық­­тар­дың өзара іс-қимылы тура­лы ай­тып берді. Шетелдік маман тұз­­дың мөлшерін айқындап, тұ­ты­­ну қаптамасындағы таң­ба­лау­­ға тамақ өнімдерінің ерекше белгілерін енгізуді ұсынып отыр. Бұл елімізде дұрыс және қауіпсіз тамақтану мәдениетін қа­­­­лып­­тастыруға мүмкіндік бер­­­­­мек. «Біріншіден, тұздың мөл­­ше­­рін күніне 5 грамға дейін азай­­ту керек. 5 грамм дегеніңіз жар­­ты қасыққа жетер-жетпес. Үй­­де тұз­ды мүмкіндігінше пай­­да­­ланбаған абзал. Екін­ші­­­­ден, же­міс-жидектер мен көкө­ніс­тер­ді жиі тұтыну қажет. Яғни, күні бойы жеміс-жидектер мен кө­кө­ніс­терден тұратын 5 түрлі та­ғам жеу өте маңызды. Үшін­ші­ден, қант­ты аз тұтыну, газ­­дал­ған және тәт­ті сусындар өн­ді­рі­сі­не қантты аз қосу», дей­ді ол. 

Қоғамдық денсаулық сақ­тау ұлттық орталығы ДДСҰ Еуро­па­­лық кеңсесі бір­лесіп өткізген дөң­гелек үс­тел­ге қатысушылар, соны­мен қатар тамақ өнімдеріне және ауыз суға, тиімді және дұ­рыс тамақ­танбауға байланыс­ты ауру­лар­дың таралу дең­ге­­йін төмен­дету, тамақтану, та­мақ өнім­де­рінің қауіпсіздігі сала­­сын­да және қоғамдық ден­сау­лық сақтау са­ласында ғылыми зерт­теулер жүр­гізу сияқты мәселелерді талқылады. 

 Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»