«Мемлекеттік корпорация – еліміздің барлық аймағын қамтыған бірегей ұйым. 18 мың жұмысшы мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне өз үлесін қосып жүр. Олардың әрқайсысының инновациялық идеясы мен ұсынысы қашанда қолдау табады. Жүзеге асқан бірнеше жоба – осының дәлелі», деп өтті Town hall шарасының ашылуы барысында сөз сөйлеген мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.
Бірегей идея авторларының бірі – Әнуар Қожахметов. Ол қызметкерлердің емханадан алатын еңбекке уақытша жарамсыздық парағын онлайн форматқа көшіруді ұсынды. «Бірде досым емханадан алған сырқат парағын жоғалтып, қайта алуға баратынын айтты. Ал егер сол құжат үшін мүлде емханаға барудың қажеті болмаса дегенімде, бұл бұрыннан қалыптасқан дүние ғой деп жауап берді. Біз бұрыннан қалған жүйені өзгертуден қорықпауымыз керек. Цифрлы өмір – қағазбастылықтан арылуға көмектеседі, қарапайым қазақстандықтардың өмірін жеңілдетеді», деді Ә.Қожахметов. Айта кетейік, емханада берілетін сырқат парағын онлайн жүйеге ауыстыру ұсынысы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау тауып, бүгінде оны техникалық тұрғыда жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Кездесуге Индонезияда өткен Азия пара ойындарының жүзуден 2 дүркін жеңімпазы Ержан Сәлімгереев те қатысты. Мемлекеттік корпорацияға 2018 жылы жұмысқа орналасқан спортшы биылғы «100 жаңа есім» жобасында жеңімпаз атанған. Тоғыз жасында трансформатор будкасына тоққа түсіп, бір аяғы мен қолынан айырылған ол қайсар мінезінің арқасында қиындықтарды еңсеріп, спортқа араласып, тағдыр тәлкегіне мойымады. «Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қиындықтарға төтеп беріп, мақсатқа жету – басты міндетім. Осы жігеріммен мемлекеттік корпорацияның дамуына да өз үлесімді қосқым келеді», дейді Ержан Сәлімгереев.
Бүгінде, мемлекеттік корпорацияда мүмкіндігі шектеулі 600-ден аса қызметкер жұмыс істейді. «Азаматтарға арналған үкімет» еліміз бойынша мүгедектігі бар азаматтарды ең көп жұмыспен қамтыған бірден-бір мекеме. «Оларға қолдау көрсетіп, дені сау азаматтармен бір қатарда жұмыс істеуге мүмкіндік беру – адами ресурстарды бағалайтынымыздың көрінісі», дейді корпорациядағылар.
Town hall форматында өткен шараға мемлекеттік корпорацияның басқарма мүшелері, өңірлік филиал басшылары, Астана филиалының қызметкерлері, жиыны 500 адам қатысты. Басқосу барысында корпоративтік мәдениет диагностикасы жобасының қорытындысы айтылып, цифрлы мәдениетті қалыптастыруға негіз болатын корпоративті құндылықтар айқындалды. Шараның мақсаты – қызметкерлерді компанияның күнделікті жұмысына белсенді атсалысуға ынталандыру, сервистік мәдениет деңгейін жоғарылатуға жұмылдыру.
«Егемен-ақпарат»