Кино • 26 Ақпан, 2019

Сценарийден экранға дейін

1254 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Сценарийден экранға дейін

1975 жылы «Қазақфильм» киностудиясы жас жазушыларды киноға тартпақ болып, бір топ жас ақын-жазушыларды кешкілік курсқа шақырды. Киноның ерекшелігімен таныстырды, актерлер, режиссерлер сабақ берді. Оның соңы Мәскеу түбіндегі киногерлердің демалыс үйіне барып, отандық, шетелдік фильмдермен етене танысатын бір айлық курстан өтуімізбен аяқталды.  Одан қайтып келген соң бәрімізден болашақ сценарийдің жобасын жазып әкелуді тапсырды. Мен «Гауһартас» повесі бойынша жоба емес, сценарийдің алғашқы нұсқасын тапсырдым. Осы нұсқаның өзі сценарлық коллегияға ұнап қалыпты. Содан жұмыс қызу басталды да кетті. Сценарлық коллегияның ре­дак­торы Тельман Жанұзақов, Ларик Сон, бас редактор Әбіш Кекілбаев осы бірінші нұсқа бойынша «Қазақфильм» басшылығына, мемлекеттік комитетке автормен келі­сімшартқа отыруды ұсынды. Көп ұзамай келісімшартқа қол қойдым. Ендігі кезек, Лаврентий Сон екеуіміз  сценарийді бастан-аяқ бірнеше рет өңдеп, прозалық стильді кино тіліне көшірген болдық. Барлық талқылау бітіп, от пен судан аман өткен соң «Гос­­киноның» сол кездегі бас редакторы Қалтай Мұха­меджанов сценарийді қолтығына қысып, Мәскеуге жол тартты. Айта кету керек, сол жылы жоспардағы бірнеше сце­нарийді Мәскеу жаратпай тастаған соң, «Қазақфильмнің» бар үміті «Гауһартаста» ғана қалып еді. Егер бұл сценарий де жарамай шықса киностудия бірде-бір аталымсыз қалғалы тұр. Демек, ақша да жоқ, абырой да жоқ. «Қазақфильмнің» жағ­дайы мен беделі одақтас республикалар бойынша бір жылда бірде-бір татымды сценарий дайындай алмаған, шығармашылық белсенділіктері де, потенциалы да ең тө­менгі дәрежедегі киностудия ретін­де бағаланып, оның зардабы алдағы жыл­дарға да кесірін тигізбек.

Мәскеуде мынадай қызық жағдай болыпты. Мемлекеттік комитет қызметкер­лері бір-екі күннің ішінде сценарийді мұқият оқып шығып, негізінен ұнатыпты да, Қалтай Мұхамеджановты ортаға алып: – Бәрі дұрыс, қолдауға тұрарлық дүние екен. Бірақ ұлттық жағынан үлкен бір олқылық бар. Сценарийде неге бірде-бір орыс кейіпкері жоқ?

Сол кезде Қалағаң өзінің өткір тілді­лігіне басып:

– Дұрыс байқағансыздар. Ол олқы­лықты өзіміз де білген едік. Сценарий қой­шылар өмірінен ғой. Ал Қазақстанда  сиыр баққан, шошқа баққан орыстар көптеп табылғанымен, қой бағып  жүрген бірде-бір орысты таба алмадық, – деп жауап беріпті. Қалағаңның бұл дәйекті дәлеліне отырғандар ду күліп жіберіпті де, сценарийді бекітіп, мөрін басып, бас редактордың қолын қойдырып, Алма­­­тыға қуанышпен қайтарыпты.

Қалағаңның Мәскеуден осылай ол­жа­лы келуі бүкіл киногерлер үшін үл­кен той болды. Біріншіден, жалғыз сце­­нарий аман-есен бекіді, екіншіден, «Қа­зақфильм» бір де бір сценарий да­йын­дай ал­мады» деген жаман аттан құ­тыл­ды.

Киносценарий төңірегінде мұндай да оқиғалар жиі болып тұратынының талай куәсі болып едік.

Бұл – 1975 жылдың маусым айы болатын. Киностудияның жоспары бойынша фильм осы жылдың 31 желтоқсанынан қалдырмай премьерасын өткізу керек. Олай болмаған жағдайда, фильм «өт­кінші» фильм боп, келесі жылға ысырылады да, «Қазақфильмнің» басына қара бұлт үйірілгелі тұр.

Мемлекеттік комитеттің төрағасы Камал Смайлов шұғыл түрде түсіру тобын ұйымдастыруды тапсырып, ак­тер­­­­лерді бір-екі күнде бекітіп, Зет Бо­шаевты картина директоры етіп та­ғайын­дап, асығыс түрде Талдықорған об­лы­сының Қапал ауданындағы «Ақсу» сов­хозының «Бала саз» деп аталатын ғажайып сұлу жайлауға аттандырды да жіберді. «Ақсу» совхозының директоры менің туған қайынағам Алматай Жар­мұхамбетов ауданның келісімін алды да, түсіру тобын сол жерге орналастырып, фильмг­е қажетті 200 бас қойды олардың ал­дына салып берді.

1975 жылдың 30 желтоқсанында, Кино үйінде фильмнің премьерасы өтті. Осы премьераның арқасында «Қазақ­фильм» киностудиясы атаусыз қалу қауі­пінен құтылып, режиссер Шә­ріп Бей­­сембаев пен бас оператор Асхат Аш­рапов бастаған түсіру тобына алғыс жария­ланды.

«Қыз Жібектен» кейінгі табысты фильм­­дердің бірі де «Гауһартас» болды. Бұл картина жас актриса Жанна Қуа­нышева мен Әнуар Боранбаевты бүкіл­­одаққа кеңінен танытқан кино болды. Өйткені 1976 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында өткен Бүкілодақтық кино­­фестивальға қатысқан «Гауһартас»­ (орыс­ша нұсқасы – «Храни свою звез­ду») фестиваль сарапшыларының үл­кен ықы­ласына бөленді. Салтанат бей­несін шынайы жасап шыққаны үшін Жан­на Қуанышева «Үздік әйел бейнесін жаса­ғаны үшін» деген арнайы жүлдеге ие болды.

Осы рөлден кейін кино әлеміне аты әйгілі болған Жанна бұдан кейін басқа да фильм­дерде басты рөлдерде ойнады.

2018 жылдың 21 сәуір айындағы нөмірінде «Алматы ақшамы» газеті «Қазақ киносының Гауһартасы» деген мақала жариялады. Онда Жанна Қуа­ны­шеваның 50 сериалы «Тағдырлар тоғысы» («Перекресток»), «Астана – махаббатым менің», «Шегіртке» («Саранча») атты телесериалдарға түс­кенін, бірақ ол қалың көрерменге осыдан 40 жылдан астам бұрын түсірілген «Гауһартас» фильмі арқылы есте қал­ды» деп жазды.

«Мен эпизодтық, екінші рөлдерге түспеймін», деп жауап беріпті актриса журналиске. – Қазір қарап отырсам, жас актри­салар қайдағы бір романтикалық кейіпкерлерді ойнайды. Онда өмірдің шындығы аз, содан кейін көрерменді сендіре алмайды. Мен әрбір адам өз ісімен айналысуы керек деп білемін. Ак­тер бірде режиссер, бірде продюсер бол­­ғысы келеді, екі кеменің құйрығынан ұс­тап, ақыр соңында өзін жоғалтып алады».

Қазақ киносының Гауһартасы атан­ған актрисаның бұл батыл пікірі бүгінгі бірсыдырғы, ұсақ эмоцияға құрылған, оқиғасы өмірден алшақ сериалдарға берілген баға деуге болады. Бұл, әри­не, жеке адамның, киноөндірісі техника, технология жағынан жоғары про­фес­­сионалдық деңгейге көтерілмеген ел­дің жағдайына байланысты айтылған пікір. Өйткені біздің елде продюсер, ре­жис­сер, актер деген профессияның ара жігі толық анықтала қойған жоқ. Ресей де бізден алыс­тай алмай жүр. Ал киноөнері индус­трия дәрежесіне кө­терілген елде продюсер, актер, тіпті ре­жиссер міндеттерін бір адам атқара береді.

Киноның құндылығы – сценарий­дің негізінде. Кино түсіруші компа­нияның әрбір мүшесі сценарий­ді тү­гел оқып, талқылап, пікірлерін қо­са­ды. Киностудияның сценарлық кол­ле­гиясының көптеген талқылау­лардан өтіп барып бекітілген әдеби сценарий түсіру алаңына барған соң да түзетулерге ұшы­рап жатады. Ал бел­гілі актерлар режиссер ұсынған сценарий нұсқасымен түбе­гейлі келіспей, фильмге түсуден бас тар­туы, немесе өзінің стиліне сәйкес көп өзгерістер жасауды талап етуі де мүмкін. Мұндай тәжірибе киноөндірісі дамыған елдерде жиі ұшырасып жатады. Өйткені оларда киноөндірісі сапа­лық жағын былай қойғанда сандық жағы­нан өте бай. Демек, олардың алдында рөл таңдаудың мол мүмкіндігі тұр. Солай бола тұрса да, ең атақты деген Кеңес одағының кезіндегі киношедевр боп есептелетін туындылардың өзі мағы­налық, мақсаттық жағынан шындық тұр­ғысынан талдай келгенде, олардың түпкі  мақсатының негізсіз, әлжуаз еке­ніне, шындық түбіне үңілмейтін, немесе үңілгісі келмейтін күлкіқұмар кө­рер­менге арналған ертегі ретінде оңай «жұтыла» салатын кинобайка екенін білгір сыншылар аңғармай қалған жоқ. Тіпті ең атақты Эйзенштейннің төңі­регінде де неше түрлі өсек-аяңдар толып жатыр.

Шетел көрермендері Кеңес одағында кино­комедияның шедеврі боп қа­лып­­­­тасқан «Бриллиантовая рука», «Кав­казская пленница», «Ирония судьбы» фильмдері күлкіден гөрі күдік ша­қыратын туындылар. Ресейдің ең атақты кинозерттеушісі Денис Горелов «Ресей көрермендерінің ең сүйікті фильм­дері миф пен алдамшы оқиғаларға құ­рыл­ған» деп батыл пікір білдірген болатын. Бұл фильмдерді ашық финал, жабық финал деген конструктивті тео­рияға салып бағалау мүмкін емес. «Эйзенштейннің бар мақсаты – қайткен күнде де көрерменге әсер ету» деп біз күтпеген, мүлде тосын баға берген Денис Горелов ойын әрмен қарай жалғастыра келе бұдан да қатты сын айтады. Сергей Эйзенштейннің атақты «Октябрь» деген фильміне жазған оның рецензиясы мынадай сөздермен басталады: «Сергей Михайлович очень любил дохлых детей. И если присмотреться – Эйзенштейн действительно кровожадный автор. Эйзенштейн делал то, что сейчас делает Ларс фон Триер. Его главной задачей было любой ценой пробить ту мозоль, которая наросла на сердце у людей. Он снимал после гражданской войны и разрухи: его зрители навидались такого, что их нужно было протаранить со страшной силой. И Ларс фон Триер и Сергей Михайлович – люди, безу­словно, бессовестные: они любой ценой должны произ­вести впечатление (газета «Комсомольская правда», 1-8 августа 2018 г.).

Түпкі мақсаты негізсіз «Бриллиан­товая рука» комедиясының оқиғасы да мей­лінше абсурдты тарих: «Гипроры­ба» деген мекеменің аға экономисі шетелеге барған кезде оның «сынған» қолына бриллианттарды тықпалап, дәкемен таңып береді де, қояндар туралы өлең айтқызып, үйіне қайтарады. Неге? Контрабандистер нені мақсат етті? Қымбатшылық пен дефолт меңдеген Кеңес одағында «Москвич» сатып алу үшін бе? Одан  да ол кейіпкерлерін Түркияға аттандырса оқиға нанымдырақ болмас па еді? Режиссер Леонид Гай­дай мен оның қосымша авторлары Яков Костюковский және Морис Сло­бодской бұл сценарийді сату үшін талай машақатты бастан кешірді. Барлық инс­танцияда алдарынан тас қамалдай тосқауыл кездесе берді. Ақырында олар ұятсыздау өтірік аннотация жазып, Ор­талық комитетке, «Госкиноға» ұсын­ды, олар былай деп шылғи өтіріктен тұратын заявка жазды: «Соңғы жылдары Совет ақшасы біршама нығайып, ха­лық­­аралық валюта аренасында беделді позицияға айналып отыр. Ал контрабандистер болса КСРО-ға алтын мен брил­лианттарды өткізіп, оны ақшаға айналдырып, сол ақшаны еліміздің сауда айналымынан шығарып, өз елдеріне алып кетпек». Кереметі сол, жоғары жақтағы билік осы уәжге сене қалды! Ал фильм экранға шыққан соң «бұл қалай?» деп сұраған ешкім болған жоқ. Бартольд Брехт айтатын «бесінші қулық – цензураны алдарқата білу» деген осы болса керек.

Көркем шығармаға, әсіресе көпші­ліктің санасына бірден әсер ететін көр­кем фильмдерге негізінен бес түрлі көз­қарас бар.

1.Цензураның көзқарасы (биліктің)

2.Интеллигенцияның көзқарасы

3.Сыншылардың көзқарасы

4.Көпшіліктің көзқарасы

5.Түсіруші топтың көзқарасы

Түсіруші топтың көзқарасы бесене­ден белгілі – олардың туындысы өз ойларынша сөз жоқ бестселлер. Олар бұл пікірлерін жанын сала қорғайды. Дәлелдейді. Жеңеді. Ал туынды шын­ мәніндегі көркем туынды болса, қан­шама кедергілерді жеңе отырып, ерте ме, кеш пе жалпыхалықтық шедеврге ай­налады, немесе сөреде ұзақ сақтауға түсіп, кейбіреуі сол бойы ұмытылады. Кей­біреулері архивтен қайта шығып, көрер­мендермен қайта табысады. Цензу­раның қатал қаһарына ұшыраған кейбір кино­ленталарды араға ұзақ уақыт салып қай­та «тексеруден» өткізгенде, саясатқа да, қоғам өміріне де, заман талабы мен моральдық қағидаларға қиратып жі­берердей зиян келтіре қоймайтын за­лалсыз дүниелер екеніне көзіміз жетіп, бір кездегі шектен тыс көрсеткен цен­зураның жойқын сынына күле қарайтын кез­деріміз аз болған жоқ.

Ресейдің ішкі нарығында «Москва слезам не верит» фильмі «Пираты ХХ века» фильмінен кейінгі ең кассалық фильм боп, «Оскар» сыйлығына ие болды. Кинотанушы Денис Гореловтің пі­кірінше, ол да «қиялдан туған әдемі ерте­гі». Бұл фильммен қатар басқа да сал­мақты кинотуындылар конкурсқа түсіп еді, ал Ресей картинасының же­ңісін кездейсоқтық деп есептеуге болады. Режиссер Меньшовтың түпкі мақ­­сатының өзі әйел көрермендерге ұнау еді. Ол сол мақсатына түгел жетті деуге болады. Дәлірек айтқанда, 40+ жастағы әйелдер үшін бұл шығарма ерекше бағаланды. Нағыз өмірім енді бас­талды деп ойлайтын әйелдер үшін Кате­ринаның өмірі идеалға айналды. Карьера үшін өжеттікпен өрге ұмтылу, ала­сұрып жүргенде армандаған нағыз еркекке жолығу, онысы темекі тартпайды, арақ ішпейді, машина жөндей алады, тамақ істеп, ыдыс жуады, тіпті ерегіскен адамымен ер жігіт ретінде тұм­сығын да бұза алатын құдай бере салған ерекше жаралған жан. Солай бола тұрса да, бет-әлпеті мінезімен тіл табыса алмайтын интеллигент Алексей Баталовтың бет-әлпеті үйлеспей-ақ тұр. Бұл рөлді ал­ғашқы кезде Меньшовтың өзі ойнамақ бол­ған еді, ол ойынан айнығаны  киноның сәт­ті шығуына басты себеп болды. Мень­шов бұл рөл­­ді құрдымға жіберер еді. Сөйте тұ­­ра, фильм оқиғасының өзі қиял­ға жуық ертегі. Қажырлы еркек, қа­жыр­лы әйел, бұл екеуі қатар өмір сүре алмайды. Екеуінің бір шеңберде тоғысуы машинаның руліне екі адам отырғандай қисынсыз қиял секілді. Катерина экранда мақсатына жетпей тынбайтын өжет әйел боп көріну үшін барын салып бақ­қан. Ол әрекетіне илана қою қиын-ақ. Бі­рақ режиссердің де, актрисаның да берік сенген бір объектісі бар, ол – залда отырған әйел көрермендерінің аңғал пси­хологиясы. Киноны көріп отырып олардың: «Мен де осындаймын, мен де мүлтіксіз Баталовты жақсы көремін, өйткені ол жұрттың бәрін пикникке шақырып, әйелдің қолы кәуап пісі­руге икемсіз екенін ашық айта алады». Әйгілі кинозерттеушінің сарказмге толы пікі­рі тосын боп көрінгенмен кинотану әлемінде өткір де шыншыл пайымдауларымен танымал болған адамның пікіріне дау айту қиын.

Әлемдік кинотану ілімінде ағымдық уақыт (линейное время) және ағымдық емес уақыт (нелинейное время) деген киножасау өнерінде аса қажетті термин бар. Әлемдегі барлық кинотуынды осы екі негізгі терминнің төңірегінде жасалады. Оларды қалай түсінеміз?

Фильмдегі оқиға бірінен соң бірі дамып, көрермен үшін түсінікті тұрғыда баяндалатын болса, біз оны ағымдағы уа­қыт деп атаймыз. Яғни, фильм оқиға­сына жұмсалатын  уақыт.

Ағымдық уақыттағы фильмдердің клас­­­сикалық үлгілерін америкалық атақты ки­норежиссер Стэнли Кубрик жасады. XX ғасырдағы ең талантты, ең ықпалды режиссерлердің бірі. 

Өзін болашақта кинодраматург, ре­жиссер, киноактер болуға дайын­да­ған,­ немесе киноөнерімен өмірін бай­ла­ныс­тырғысы келген адам үшін Стэн­ли­ Кубриктің өмірімен, режис­серлік ерек­шелігімен танысып өткен артық болмас деп ойлаймын. Әлемдегі барлық ұлы режиссерлердің жұмыс тәсілдері алуан түрлі болғанмен, негіз­гі принциптері бір-біріне ұқсас, ал, Куб­риктің режиссерлік стилі ешбір жанға ұқсамайды. Ол – жұмыс барысында өзін де, өзгені де аямайтын, кейде сау мен жындының арасындағы режиссер боп бағаланатын ерекше тұлға. Ол 1928  жы­лы дүниеге келіп, 1999 жылы өзінің ең атақты фильмдерінің бірі – 

«С широко закрытыми глазами» фильмін түсіріп біткен соң бір жетіден кейін кенеттен қайтыс болды.

Стэнли Кубрик – кино тарихындағы ең тұйық, ең экстровагант режиссер­лер­дің бірі. Кино мамандары оның сау адамға ұқсамайтын қисық-қыңыр мінезі мен бірбеткейлігін, өз дегені бол­маса жан адамның пікіріне құлақ ас­пайтын, аурушаң, перфекционизмге шал­­дыққан режиссер екенін түгел мойындап біткен еді. Ол бір фильмді бірнеше ай бойы, тіпті жылдар бойы түсіруден таймайтын. Ол 

«С широко закрытыми глазами» фильмін 15 айда түсіріп бітті, бұл Гиннесстің кіта­­­бына енген рекорд еді. 15 ай азаппен түсірілген материалдың монтаждау кезінде бір пайызын ғана пайдаланатын. «Сияние» лентасы дәл осындай жағдайды  бастан кешірді. Ол қиялында көріп шыққан кино мен түсіріп жатқан шығармасы барлық ұсақ-түйегіне дейін шын өмірдегі лентамен сәйкес болғанша бір эпизодты 70-80, кейде жүзден аса дубль жасаттыратын. Актерлер әбден қалжырап, арып-ашып, жынданудың аз-ақ алдында жүретін. Әбден ызаланған актерлердің бірі оны балталап өлтіргісі де келген кезі болған деседі. «Ол өзінің болашақ фильмдері үшін көп шығармалар оқыды», – деп еске алады оның секретаршасы. Кубрик сол кездегі әйгілі романдарды арнайы тапсырыспен құшақ-құшақ етіп алдыртып, кабинетін тарс жауып алып, күні-түні оқумен болды. Анда-санда жабық есік­тің ар жағынан ашуға толы ызалы айғай, тарс-тұрс еткен дыбыс­тар ғана естіліп жатты. Ол – лақтырылған бестселлер кітаптардың тарсылы еді.

Кенеттен ол жым-жырт бола қалады. Оның қолында Стивен Кингтің «Сияние» атты шығармасы еді. Негізінен бұл – аз ғана адам қатысатын, оқиғасы бір ғана қонақүйде өтетін камералық фильм. Бар болғаны кейіпкердің барға кіріп, онда бір топ елестермен кездесетін көріністі түсіру алдындағы репетицияны алты апта бойы жүргізсе, сол эпизодты тү­сіру үшін актер Джек Николсонды жүз­ге жуық дубль жасатып, оны есінен ауыс­тыруға шейін титықтатып бітірді. Ал бас­ты кейіпкердің әйелінің рөлін ой­наған Шеми Дювальдың жүйкесінің тоз­ғаны сонша, түсірілім біткенде ша­­­шы­ның жартысынан айырылады. Кубрик маньяк-режиссер. Ол түсіру ала­ңында актерлерді шегіне жеткізіп қа­жыту арқылы олардың актер екенін ұмыт­тырып жіберетін жағ­дайға апаруды мақсат ететін. 80, 90 дубль­ден кейін есеңгіреп біткен актерге ал­ғашқылардың бәрін жоқ­­­­қа шығарып, актерге де, фильмге де, өзі­не де қажеті жоқ басқа дубль жасауға мәж­бүрлейтін. Фильм тү­сіріліп болғанша ол ұйқы көрмейтін. Жұрт­тың бәрі шырт ұйқыда жатқанда, ол кенет Стивен Кингке телефон соғып: «ай­тыңызшы, сіз Құдайға сенесіз бе?» деп түнгі ұйқысын бұзудан таймайтын.

Том Круз бен Николь Кидман 

«С ши­роко закрытими глазами» фильміне түсуге келісім беріп, не үшін шартқа қол қойғандарын түсінбей-ақ өтті. Олар фильмге түсуге шартқа отыра салғандары үшін өкінумен болды. Түсіру кезінде азап пен тозақтың түр-түрінен өткен әйгілі актер Джек Николсон режиссерді балталап өлтіргісі келсе, Том Круз оны буын­дырып өлтіре салғысы келген. Пер­фекционизмнің ушыққан бір стадиясында Кубрик, шын мәнінде психикалық ауытқуға ұшырап, оны ауруханаға жатқызып емдету мәселесі де көтеріліп қалды. Кейіпкердің серуендеп, қыдырып жүрген сәтін түсіру үшін азапқа толы 46 апта жұмсаған режиссерді дені сау деп кім айта қойсын? Кинотоп түгелдей арып-ашып, екінші рет Кубриктің құрығына түспеуге ант-су ішкен актерлер «уһ» деп аман-есен фильмді  бітірген соң бір жетіден кейін Стэнли Кубрик–Тиран, маньяк-режиссер кенеттен қайтыс бола салды.

Фильм біткен соң Том Круз асқазан ауруына шалдығып (язва), әйелімен ажырасып тынды. Фильмде актриса Кидман ойнаған қысқа ғана көрініс бар. Экраннан көргенде алып бара жатқан жүгенсіздік байқалмайды, ал түсіру кезінде өтіп бара жатқан келбетті бейтаныс еркекпен «жата кету» эпизодын Кубрик 50 рет, әртүрлі позада түсіріп, күйеуі Том Крузды түсіру ала­ңы түгілі, павильон маңына да жолат­пай қойды. Премьерадан соң бір жарым жыл өткенде Круз бен Кидман ажырасып, «ерлі-зайыпты» деген статустарымен қош айтысты. Солай бола тұрса да, фильмнің премьерасынан соң Том Круз басқа фильмдерден табатын 40 миллион долларлық қаламақысынан айрылғанына, денсаулығының нашар­­лаға­нына, әйелінен ажырасқанына қа­ра­мастан, Кубрикті кешіре білді. Өз де­­ге­нінен қайтпайтын диктатор, тиран, есалаң, маньяк-режиссердің та­би­ға­тына түсіністікпен қарайды. Өйт­кені, Стэнли Кубрик космосқа деп гол­ливудтық көріністі (2001 жылғы сауда орталығындағы қайғылы оқиғаны) сол оқиғадан ондаған жыл бұрын, 1968 жылы түсірген «2001: Кос­мос одиссеясы» деген фильмінде кө­ре­гендікпен болжай білді. «Заводной апель­син» фильмімен миллиондаған көрерменнің санасын дүр сілкіндірді, «Цельнометаллическая оболочка» филь­мінде Вьетнамдағы әскерге жаңа алын­ған жасөспірімдер өмірін шынайы көр­сете білуінің арқасында тағы да мил­лиондардың көзқарасын түбегейлі өзгерте білді.

Оның жұмыс кабинетінде «Напо­леон» деп аталатын болашақ фильм­нің жобасы табылды. Кезінде ол осы жобасына фантастикалық қаржы талап еткен екен. Бірақ продюсерлер банкротқа ұшырап қалуымыз мүмкін деп, ол жобаны қаржыландырудан бас тартады.

Бәлкім, кезекті бір шедевр Куб­рик­пен бірге өлген шығар. Ол импе­ра­тор Наполеонның рөліне Джек Николсонды, императрицаның рөліне Жозефина Одри Хепбернді шақырмақ болған екен. Кубрикті көрген азабы үшін балталап өл­тірмек болған Николсон мұн­дай азаптың екінші түрін қайта көруге келісім бере қояр ма екен? Бұл – тарихи жұмбақ сұрақ.

Барлық фильмдері құры­­­лым­дық жа­ғынан ашық финалға жататын Стэнли Кубриктің ре­жис­серлық мектебі жаппай үлгі тұтатын үйрену мектебі бол­маса да, іздену, көру, таңдау, се­ну, идея жолында өзін аямау, мейлінше еңбексүйгіштік жа­ғынан келгенде оның шығар­ма­шылық кредосынан сабақ алу­дың­ болашақ кинематографистер үшін еш артықтығы жоқ.

Дулат ИСАБЕКОВ