Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап банктер кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ, тек ипотекалық тұрғын үй займын өтеуге байланысты сыйақы мен өсім- ақыны белгілі бір мерзімнен кейін талап етуге де құқылы емес. Бұл келісімшарттағы мерзімнен 180 күн өткеннен кейін салынатын өсімақыға қатысты талап.
Өкінішке қарай, банктердің несие беру кезінде белгілейтін комиссияларына қатысты кілтипандары осымен толық шешілді деуге әлі ерте. Қазір екінің бірі банкке берешек екені белгілі. Баспана бола ма, басқа бола ма, әйтеуір бір мұқтажын жабу үшін банктен несие алмаған адам жоқ шығар. «Қарыз күліп келіп, жылап кетеді» деген қағидаға қарап, кредит алушыларды кінәлай беруге тағы болмайды. Біріншіден, берілетін несиелердің сыйақы пайызы жоғары. Әр банктің жылдық сыйақы мөлшері әртүрлі. Екіншіден, несиені рәсімдегені үшін бір реттік комиссияның өзі қалтаға салмақ салады. Үшіншісі, жоғарыда Ұлттық банк салған тыйыммен тікелей байланысты комиссия. Оны банктер «Несиеге қызмет көрсетудің комиссиясы», «Займға қызмет көрсетудің комиссиясы» деп түрліше атайды.
Банк істері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев бірнеше жылдан бері заңсыз комиссияларды қайтарумен айналысып жүр. Біз оған хабарласып, несие алушылардың кезінде банктердің есепшотына өз қолымен аударған заңсыз комиссиясын қайтарып алу жолдары туралы сұрап көрдік.
– Мен бұрын банк секторында жұмыс істегенмін. Осы іспен айналысуыма бір жағдай себеп болды. 2013 жылдың соңында аяқастынан ақша керек болып, экспресс-кредит алдым. Мен де осы негізсіз белгіленген комиссияны өтеуге мәжбүр болдым. Алайда, несиені толығымен өтеп болғаннан кейін заңсыз комиссияны қайтарып алуға бел будым. Сөйтіп банкті сотқа беріп, жеңіп шықтым, – дейді Н.Бияқаев.
Бұрын-соңды мұндай тәжірибе болмағандықтан, соттағылар да алғашында түсінбестік танытып, алдымен банктердің пайдасына шешім шығарыпты. Алайда, аппеляциялық шағым түсірген Н.Бияқаев банктердің заңсыз әрекетін ақыры дәлелдеп, заңсыз ұсталған комиссияның соңғы тиынына дейін санап алған.
Осыдан кейін ол өзінің туыс-туған, таныстарына осындай заңсыз комиссияларын қайтарып беруге көмектесе бастады. Алғашында бұл талапты мойындаудан бас тартқан банктер кейін өздерінің кінәсін мойындап, қаржыны қайтарып беруге көне бастапты. Айта кетейік, заңсыз комиссия белгілеген және тұрғындардан он жылдан астам уақыт бойы алып келген қаржы институттарының арасында Каспий, Сбербанк, АТФ, Казком, Еуразиялық банк бар.
Нұржан Бияқаев соңғы 5-6 жылда мыңнан астам адамның заңсыз комиссиясын қайтарып беруге және басқа да банктік мәселелерін шешуге қатысты. Сотта жеңіп шыққанын, банктердің заңсыздығын айғақтайтын құжаттарды Ұлттық банкке жіберіп, мәселені Ұлттық банк деңгейінде біржола шешуге де тырысып көрген. Алайда, Ұлттық банк Н.Бияқаевтың талабы орынды екенін көре тұра, істі аяқсыз қалдырды. Депутаттарға хабарласып, бұл мәселенің Парламент деңгейінде көтерілуіне де ықпал етті. Соған қарамастан, бүгінге дейін бұл іс шешімін тапқан жоқ. Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге тұрғындарға несие беру кезінде комиссия белгілеуге және алуға тыйым салу туралы шешім шығарғанының өзі банктердің әрекетінің заңға қайшы екенін көрсетеді.
Н.Бияқаев қана емес, осы жұмыспен айналысатын, несие алушылардың құқын қорғайтын басқа да заңгерлердің қатары көбеюде. Оған қоса тұрғындардың да белсенділігі уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Бірнеше жыл бұрын өтелген несиелерінің келісімшарттарын тауып алып, банктерден сұратып алып, тиісті қаржыларын қайтарып алуды көздейтін адамдардың қатары көп. Сарапшының айтуынша, өкінішке қарай, банктер белгілеген заңсыз комиссияны қайтарып алудың осыған дейін жеміс берген жалғыз жолы – сотқа шағым түсіру, жеңіп шығу. Ал ұзақ уақыт бойы заңсыз төлеген комиссиясын қайтарып алудың қамын жасамағандардың қаржысы банктердің жемі болып қала бермек.
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»