«Қазтеміртранс» АҚ компаниясы директорының орынбасары Абзал Салықбаев жүк вагондарымен қамту мәселесіне қатысты есебінде 2018 жылы Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарынан 40830 вагонға тиелген 2 миллион 749 мың тонна астық тасымалданғанын, 116700 тонна ұнды жеткізу үшін 1896 вагон жалға берілгенін шаттана айтып, сөзінің аяғын резервте 14 мыңнан астам вагон бар деген секілді көтеріңкі леппен аяқтағанымен, кәсіпкерлердің атқарылған істерден гөрі толғақты проблемаларды шешудің ұтқыр жолдарын күткен үміті ақталмады. Биыл екі облыс бойынша 700 мың тонна жүк тасымалданғанына қарамастан тауар өндірушілер делдал-оператор «Еуротрансгрупп» ЖШС-ның қызметіне жүгінуге мәжбүр.
«СевЕсильЗерно» ЖШС-ның коммерциялық директоры Таисия Колегова делдалсыз жұмыс жүргізу жайынан арылу мәселесін тағы да көтерді. «Делдал-операторға тәуелділік салдарынан өнім бағасы қымбат, өзіндік құны жоғары. Мысалы, бір вагонды жалдау 771 мың теңгені құраса, астық жүк тиеушіге жеткенше 810 мың теңгеге шарықтап кетеді. Бюрократтық кедергілер бәсекелестікті тежеп отыр», деді ол.
Ескі және істен шыққан вагондар жайы да алаңдатады. Ұн, бидай тасымалына пайдаланылатын вагондардың 10 пайызының тозығы жеткен.
«Еуротрансгрупп» серіктестігінің өкілдері жұмған ауыздарын ашпауларына қарағанда жағдайдың өзгермеуіне мүдделі секілді. Оны екінші мәрте өткен келіссөз барысында байқатып алды. Диқандарға делдалдық қызметтің жаңартылған, оңтайлы бағасын ұсынудың орнына жеке келісеміз деген шығарып салма жауаппен ғана шектелді. «Қазтеміртранс» компаниясына тікелей келісімшарт жасау мүмкіндіктерін қарастыру болмаса, оператор таңдау құқығын иелену туралы ұсыныс айтылғанымен басшылық тарапынан тиянақты жауап берілмеді.
Темір жолдағы түйткілді түйіндер қашан таратылып, нүкте қойылары белгісіз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Солтүстік Қазақстан облысы