Жиынды ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко мен академияның стратегиялық даму, зерттеу жұмысы және халықаралық әріптестік жөніндегі вице-ректоры Айгүл Көшербаева ашты. Вице-ректор өз сөзінде мұндай іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
«Жаһандану дәуірінде мемлекет білім беру, отбасы және діннің қуатты институттары мінез-құлық, өмір сүру нормасы мен қарым-қатынастардың жаңа үлгілерін жасауда, құндылықтар жүйесін құруда. Осы орайда жаңа өлшемде билік органдары мен азаматтық қоғамның өзара байланысының, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру бойынша міндеттерді іске асырудың тың тетіктерін жасауға көмектесетін жаңа білім қажет», деді ол.
Семинарда Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, отандық сарапшылар және академияның оқытушылары дәріс оқыды. Мәселен, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нәзипа Шанаи цифрландыру және қазақстандық бірегейлікті нығайту мәселелеріне тоқталса, интернеттегі құқықтық қауіпсіздік мәселелері туралы «Құқықтық медиа орталық» ҚҚ медиа-заңгері Гүлмира Біржанова баяндады.
Ал Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы басшысының орынбасары Дастан Көшербаев Орталық Азиядағы этноәлеуметтік үдерістер және олардың Қазақстанға ықпал ету мәселелерін қозғады.
Сонымен қатар ҚХА туралы жаңа заңнама шеңберінде билік органдары мен азаматтық қоғамның өзара байланысының тиімді тетіктері, өңірлік тәуекелдер классификаторы мен этнодемографиялық паспорттардың іс жүзінде қолданылуы және басқа да мәселелер талқыланды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»