Қазақстан • 26 Ақпан, 2019

Жұмыс берушілер субсидияны қалай алады?

1695 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттарын бекіту тәртібі мен талабы белгіленді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Жұмыс берушілер субсидияны қалай алады?

«Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылдың 28 тамызындағы № 280 бұйрығына сай атқарылады» деп мәлімдеді Жұмыспен қамту орталығында.

Ережелерге сай, субсидия мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын жабдықтау (жарақтандыру) – мүгедектерде организмнің бұзылған функцияларын және тіршілік-тынысының шектелуін толық немесе ішінара алмастыратын (орнын толтыратын) және олардың еңбек функцияларын орындау мүмкіндігін жасайтын негізгі технологиялық құрал-жабдықты, технологиялық жарақтандыруды, құралдарды, қосалқы жабдықты алуға арналған.

Субсидия уақытша жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілерге берілмейді. Жұмыс берушілерге субсидия мынадай шарттар сақталған кезде беріледі:

1) құрылып жатқан арнайы жұмыс орындарының Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылдың 14 маусымындағы № 519 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13913 болып тіркелген) бекітілген Мүгедектің жұмыс орны стандарттарына сәйкес келуі;

2) мүгедектерді жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын тұрақты жұмыс орны құрылған сәттен бастап сақтау;

3) жұмыс берушінің жалақы бойынша қарыздарының болмауы;

4) есептелген салықтар, алымдар және бюджетке өзге де міндетті төлемдер бойынша берешектің болмауы;

5) жұмыс берушінің құрылған арнайы жұмыс орындарында атқарып отырған лауазымына сәйкес мөлшерде жалақы төлеуін қамтамасыз етуі.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жұмыс орындарын ашуға дайын жұмыс берушілер субсидия алу үшін аталмыш құжаттарды Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына тапсыруы қажет» делінген орталықтың хабарламасында.