Мәдениет және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қысқы фестиваль биыл 19-шы рет өткізіліп отыр. Фестиваль аясында әртүрлі спорттың шағын-футбол, хоккей, белбеу күресі, гір спорты, армрестлинг, арқан тарту, мотокросс және шаңғы жарысы сияқты түрлерінен жарыстар өтті.
Қала тұрғындарын спорттық мерекемен Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов құттықтады. Оның айтуына қарағанда, бұл іс-шара елордалық қысқы маусымның бір бөлігіне айналып үлгерген.
«Бұл іс-шара Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін орасан пайда әкеледі. Жыл сайын біз спортпен белсенді айналысатын жастар мен балалар санының өсіп келе жатқанын байқаймыз. Айта кетерлік жайт, көрермендердің саны жыл сайын артып келеді» деп атап өтті Болат Мажағұлов.
Бұл жолы «Бұрқасын-2019» фестивалі 2000-ға жуық әуесқой спортшының басын қосты. Іс-шараға мектеп оқушылары, орта және жоғары оқу орындарының студенттері, күштік құрылымдар қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Іс-шара соңында қатысушыларға медальдар, дипломдар, кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Қысқы фестивальді Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы мен қалалық әкімдіктің Сорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы ұйымдастырды.