Дәрігерлерге зәрулік
Сенбі, 25 тамыз 2012 5:58
Қарағанды аймағында айрықша сезіледі
Соңғы жылдарда өндірісті өңірде де денсаулық сақтау саласы күрт өзгеріске енді. Қалаларда, аудан орталықтарында іші-сырты жарқыраған ауруханалар мен емханалар пайда болып, тұрғындар арасында сырқаттардың алдын алу және емдеудің осы заманғы қызметі қалыптасты. Мұндай жағымды құбылысты мойындамауға болмайды. Алайда жағдай біржола жақсарып кетті деу артығырақ болар еді. Медициналық мекемелер жаңа жабдықтармен барынша жасақталып, ең ізгі іске қарым-қабілет арттырылып жатса да өткенде де шешімін табуы қиын болған, бүгінде де сол қалпындағы мынадай мәселе әлі күн тәртібінен түсер емес.
Сенбі, 25 тамыз 2012 5:58
Қарағанды аймағында айрықша сезіледі
Соңғы жылдарда өндірісті өңірде де денсаулық сақтау саласы күрт өзгеріске енді. Қалаларда, аудан орталықтарында іші-сырты жарқыраған ауруханалар мен емханалар пайда болып, тұрғындар арасында сырқаттардың алдын алу және емдеудің осы заманғы қызметі қалыптасты. Мұндай жағымды құбылысты мойындамауға болмайды. Алайда жағдай біржола жақсарып кетті деу артығырақ болар еді. Медициналық мекемелер жаңа жабдықтармен барынша жасақталып, ең ізгі іске қарым-қабілет арттырылып жатса да өткенде де шешімін табуы қиын болған, бүгінде де сол қалпындағы мынадай мәселе әлі күн тәртібінен түсер емес. Ол не делінгенде, білікті дәрігерлер және орта буын мамандарға зәрулік қайдан да алдан шығатынын айтар едік. Бір өзінен жылына 450 түлек ұшатын, соның 230-ы облыста қалатын медициналық университеті, 4 арнаулы колледжі бар аймақ қажетті кадрды толықтай қамтамасыз етуге қол жеткізбей келеді.
Осы орайда деректер не дейді? Оған сүйене сөз сабақтасақ, өңір денсаулық сақтау саласында 5 мың дәрігер, 10 мыңға тарта кіші медициналық қызметкер еңбек етеді. Бұл халқының саны 1,5 миллионнан асатын аймаққа жеткілікті ме деген ойға келсек, жеткіліксіз саналады. 10 мың тұрғынға шаққанда орташа есеппен 35 ғана маманнан келуі қалыптылық деңгейден төмен екені экономикалық та, әлеуеттік те жағынан мықты өлкеге жараспайтын жай демеске болмайды. Ал ол орта құрамды есептемегенде, облыс бойынша 371 дәрігер жетіспеуін байқатады. Соның ішінде ресми мәліметке қарағанда, селолық жерлер 41-іне зәру. Әйткенмен, осы соңғы дерекке күмәніміз бар. Егер тек Қарқаралы жағы 14-ін көзі төрт болып күтіп отырса, басқа 8 ауданға қажеттісі бұдан кем соғады дей алмайсыз. Мұның өзі оларға жүктемелерді еріксіз арттыруға әкеліп соғуда. Жұмыс ауқымының ұлғаюына байланысты асығулы, шаршаулы дәрігерден сапалы қызмет, жылы қабақ күте алмайсыз, әрине. Медициналық және фармацевтикалық бақылау жөніндегі облыстық департаментке кейінгі кезде тұрғындар тарапынан қызмет сапасына өкпе-реніштің жиі түсуі соның бір айғағы деуге болады.
Мақаланы жазу үстінде ойға оралмай қоймай отыр. Сонау жылдарда Қаражал қаласындағы ауруханада оташы, онколог, рентгенолог, отоларинголог, кардиолог, терапевт, педиатр дәрігерлер жетіспеуін білуші едік, бүгінде одан сайын азаймаса өспеген. Бос орындарды толтыру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына жылма-жыл тапсырыс түсіріліп жатады. Бірақ сол бойынша келушілер ілуде-біреу. Оның өзінде аз уақыттан соң тайып отырады. Амалдары не, сырқатқа шалдыққандар Жезқазған әлде Қарағандыдағы емханаларда тексерілуге мәжбүр, әркез солай қарай сабылып жатады. Мұндай жағдайды балқаштықтар да басынан кешіруде. Бірде осы бағыттағы поезға мінгенімізде сапарластарымыздың біразы Қарағандыдағы онкологиялық орталыққа қаралуға, ауруларын анықтауға келіп-қайтып бара жатыр екен. 70 мыңнан астам тұрғыны бар қаладағы жалғыз-жалқы онколог кімге жетеді?! Ал мұнда қатерлі дерттен үркушілер жылдан-жылға көп. Қоршаған ортаның шамадан тыс ластануы кесапатты өршітіп барады. Сонда да онкологиялық бөлімше құру ойластырылмауы түсініксіз. Жәйрем, Шахтинск, Саран қалалары мен Шахан, Ақадыр, Ақсу-Аюлы кенттеріндегі ауруханалардың күйінішті жай-күйі қашан түзелері белгісіз.
Бұдан үш-төрт жыл бұрын Қарқаралыда не қажеттінің бәрімен жасақталған ғажайып медициналық кешен пайдалануға берілгенде «Шіркін, енді жас мамандар қатарымызды толықтырып жатса, тіптен тамаша болар еді» деп айтылған тілектерді ұмыта қойған жоқпыз. Жақында сұрастырсақ өкінішке қарай, айтылған күйінде қалыпты. Әлі 12 дәрігер жетіспейді. Егіндібұлақ пен Қарағайлыдағы ауруханалар тым болмаса 1-2-уі келіп қосылса аспанға бөрік лақтырмақ. Қарқаралыдағы шетелдерден қыруар қаржыға сатып алынып, орнатылған соңғы үлгідегі қондырғылардың игілікке жаратылуынан, бос тұруы жиі. Өйткені тілін білетін мамандар бірде бар, бірде жоқ. Ботақара кентіндегі аурухана да бір қарағанда іші-сырты жарқыраған-ақ. Алайда аталған мәселе салдарынан қызметтің барлық түрі көрсетілуге қол қысқа. Киевка кентіндегі медициналық кешенде де осындай жай. Оның үстіне бұрын емхана болған жапсарлас бір жақ бөлігіне аудандық әділет, мұрағат бөлімдері, тұрғындарға қызмет көрсету орталығы қосақтасып орналасып алыпты. Соған байланысты науқастарды қабылдау, жатын бөлмелері, емдеу жүргізілетін орындар тарылған. Бірнеше жылдан бері бір бүйірден түйілген жоғарыдағы мекемелердің әзірге басқа жерге ауысар түрлері көрінбейді.
Біз қай жер болсын, дәрігерлерге зәру екенін еске салдық. Ал енді бұл мәселе мәлімсіз емес, сондықтан соның шешімі табылуына азаматтық тұрғыда ынталы болуға тиіс жас мамандар сөзіміздің бастапқы тұсында тұспалдағанымыздай жыл сайын арнаулы оқуды аз бітіріп жатпайды. Тағы да салыстырып қарайық. Мысал үшін Қарағанды мемлекеттік медицина университетінен биыл 230 түлек қанат қаққаны айтылды. Әр жылда осындай. Сонда да аға әріптестері қатары толықпақ таяу кез көрінбейді. Боса-болмасын ауыл жаққа баруға ниет етушілер тіпті сирек. Көтерме ақы төлеу, ретіне қарай қиындықсыз баспаналы қылу, әйтпесе жеңілдік несие беру арқылы көмектесу сияқтылы қамқорлық құшағы ашық болғанымен-ақ онша аяқ басылмайды. Алдында аудандық әкімдіктер мен оқу орны және ниеттілі тұлға арасында жасалған шартқа келісушілер артынан айнып шыға келеді. «Маған тағы қандай жеңілдіктер, кепілдіктер бар» деп шақырылған жаққа бару-бармауды бұлдайтын әрекеттер кездеседі. Әсілі, қойылған шарттар сақталуын, уәдені пәрменді талап етуді күшейту қажет пе, қалай дегенде де шара ережесі қатайтылуы керектігі тұр.
Осындайда қалайша ойға оралмасқа. Кезінде жас кадрлар еңбек жолын көп ретте ауылдан бастап, шыңдалыс ұштаушы еді ғой. Осы Қарағанды дәрігерлер мектебінің алғашқы қарлығаштарынан академикке көтерілген Төрегелді Шарманов, Ғабдолла Құлқыбаев, атақты «Алатау», «Оқжетпес» сауығу орындарының бұрынғы директоры Әбілхакім Ақмурзин, белгілі онколог, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қани Мұсылманбеков, қала берді қазіргі Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова бірлері Ұлытаудағы, Жаңаарқадағы, Жезқазғандағы, Нұрадағы ауылдық ауруханалардан өскенін ізбасарлары білер ме екен. Міне, ел алдындағы парыз пен қалаған мамандық шарапатын ең қажетті ортаға арнаудың көз алдарындағы үлгісі қандай десеңізші. Біліктілікті, кәсібилікті беріктіретін, қиындықты жеңе білуді үйрететін, сырқаттарға деген жан жылылығын кеңейтетін мұндай үлкен мектептен өту – біле білгенге көңілге түйер қымбат сабақ, бойды қайратар қайрат емес пе?
Адамның саулығы қашаннан қоғамның байлығы саналған. Мемлекет басшысы қойған міндеттің бірі – денсаулық сақтауды жаңғырту және саламатты өмір салтын дамыту. Сол игілікті істі жарастыру мен жалындату жауапкершілігін, басым салмағын жас дәрігерлер көтере, үлесіне ала түседі, қоғам мүддесі, жұрт тілегі түсініледі, бұл мәселенің түйінін өздері шешуге құлшынады деген үміт ақталып жатса, жағымдысы сол көпшіліккке.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды.