Бұл жобаға еліміздің белсенді деген кез келген азаматы қатыса алады. Жоба шартына сәйкес тұрақты жұмысы жоқ әрі табысы күн көріс деңгейінен төмен республиканың 14-29 жас аралығындағы, мектеп оқушыларынан өзге тұрғындарының қатысу мүмкіндігі бар. Жобаның басты ерекшелігі - жоғары оқу орындарын тәмамдаған жастарға ай сайын 60 000 теңге, басқа қатысушылар үшін 40 000 теңге шәкіртақы тағайындалған.
Жобаны басқару тобының үйлестірушісі Гүлмира Ескендірованың айтуынша, грант соммасы бір миллион теңге. Биылғы жылы Жастар корпусын дамыту жобасы Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарымен қатар Алматы және Астана қалаларын қамтитын болады.
Ал жоба тарихына сәл шегініс жасайтын болсақ, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 2017 жылы 589 әлеуметтік жоба жүзеге асып, 2000-нан астам жас кәсіпкер өз ісін бастаған. Ал 2018 жылы жобаға Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Қостанай облыстары бойынша 3508 жас кәсіпкер қатысып, 1027 жоба сәтті жүзеге асты. Жобаны жүзеге асыру барысында 250 білім беру курстары, ауылдарды дамытуға бағытталған 200-ден астам жоба, 170 спорттық секция, 125 шығармашылық үйірмелер, 61 наубайхана мен кондитерлік цех, 86 тігін шеберханасы ашылған.
Жастар корпусын дамыту жобасын іске асыратын үйлестіру агенттігі тарапынан жобаға қатысушы жастар арнайы тағылымдамадан өтетін болады. Жеке кәсіп ашуға ұсыныс білдірген жастар жобаларын ұжымдық негізде қорғайды. Жобалар үш кезең бойынша іріктеледі. Толық ақпаратты Алматы қаласы бойынша Аймақтық үйлестірушіден және zhasproject.kz сайтынан алуға болады.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ