Оқу-жаттығу штабының жетекшісі, Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Марат Күлдіков өз сөзінде көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жоюдың, өңіраралық іс-қимылдарды үйлестірудің, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін тиімді пайдаланудың маңызын атап көрсетті. Оқу-жаттығуды басқару штабы Петропавл қаласында орналасқан.
«Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиынының алғашқы күні құтқарушылар кәсіби даярлықтары бойынша сынға түсті. Оқу-жаттығу облыс орталығындағы Ойқала, Заречный шағынаудандары мен Жұмысшы кентінде өткізіліп, шара барысында 233 құтқарушы мен 46 арнайы техниканың төтенше жағдайлар кезіндегі әзірлігі тексерілді. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылдары жән апатты жағдайлар жөнінде жұртшылықты дер кезінде құлақтандыру, қауіпсіз аймақтарға алып шығу мүмкіндіктері сараланды. Су тасқынына қарсы іс-шараларда оның алдын алу жолдары әлдеқайда тиімді екені атап көрсетілді. Қарды жинау және шығару, арықтарды тазалау, инертті материалдармен қамтамасыз ету жағдайы барынша ескерілді. Азаматтық қорғау құрылымдары күштерінің және халықтың су тасқыны кезеңінде іс-қимылдары бойынша арнайы-тактикалық жаттығулар өткізу, сондай-ақ азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық және салалық кіші жүйелерінің қызметін дер кезінде жоғарғы әзірлік режиміне келтіру мәселелеріне ерекше мән берілді.
Оқу-жаттығу жалғасуда. Құтқарушылар Мамлют ауданында өз әзірліктерін пысықтайтын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы