Спорт • 27 Ақпан, 2019

Владимир Смирнов: Ондай сәттер ешқашан ұмытыл­майды

575 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 25 жыл бұрын, яғни 1994 жылдың 12-27 ақпаны аралығында Норвегияның Лиллехаммер қаласында XVII қыс­қы Олимпия ойындары өткені барша жанкүйердің есінде. Байрақты бәсеке барысында 67 мемлекеттен келген

1 737 оғлан спорттың 12 түрі бойынша 61 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Жалпы командалық есепте Ресей құрамасы          (11 алтын + 8 күміс + 4 қола) топ жарса, Норвегия (10+11+5) мен Германия (9+7+8) үздік үштіктің қатарына қосылды. Осы дүбірлі додада 1 алтын және 2 қола медальды иеленген Қазақстанның спортшылары 12-орынға табан тіреген еді. 

Лиллехаммерде Қазақстанның туы астында 29 спортшы өнер көрсеткенімен, 30 жастағы даңқты шаңғышы Владимир Смирнов қана жеңіс тұғырына көтерілді. Жоғарыда аталған үш жүлденің барлығы дәл сол саңлаққа тиесілі. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Олимпия ойындарының алғашқы жүлделері еді. Азаттықтың алғашқы алтыны. Сол тарих қойнауына кеткен дүбірлі доданың басты кейіпкері болған отандасымызбен күні кеше ғана телефон арқылы тілдестік. Бұл күндері Владимир Смирнов Швецияда тұрып жатыр.

Владимир Смирнов: Ондай сәттер ешқашан ұмытыл­майды

– Олимпия ойындарында тәуел­сіз еліміздің алғаш рет Әнұраны шыр­­­­қалып, Туы­мыздың көкте жел­бі­ре­­­­геніне бұл күндері тура 25 жыл толып отыр. Сол же­ңісті жолды сіз ба­с­таған еді­ңіз. Арада ширек ғасыр уа­қыт өтсе де, Скандинавия тү­бе­гін­дегі са­­йыстың әрбір сәті күні бү­гінге дейін көз алдыңызда шығар...

– Әрине, ондай сәттерді ешқашан ұмыту мүмкін емес. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тұңғыш рет Олимпия ойын­дарына қатысқан кезде мен шебер­лігі әбден толысқан спортшы едім. Оған дейін де талай дүрмекке қаты­сып, сан мәрте жеңіске жет­тім. Сол себепті де төрт­­жыл­дық­тың басты додасын­да қат­ты толқыдым деп айта ал­­маймын. Десек те Лил­ле­хам­мердегі дода ерекше өтті. Әр қашықтықта бә­секелестік сұм­дық болды. Төрткүл дү­ниенің тең­дес­сіздері Нор­вегияда бас қосты. Әсіресе, Бьорн Дэ­ли, Томас Альсгорд және Вегард Ульванг бастаған жа­рыс қожайындарының қар­қыны керемет еді. Басқа ел­дің оғландары да «өліспей беріспеуге» бекінді. Мен де еш аянып қалған жоқпын. Жарыс жолында барымды салып, қайткенде де ел сенімін, барша жанкүйердің үмітін ақтауға тырыс­тым. Соның нәтижесінде же­ңіс тұғырына үш мәрте көте­рілдім. Ғаламдық додада Туы­мызды көкте желбіретіп, Ән­ұранымызды шырқатуға күш-жіге­рімнің жеткеніне ерекше шаттандым. 

– Өзіңіз Олимпиада са­йысын­да жүлде алған жарыс түрлеріне жеке-жеке тоқ­­тала кетсеңіз... 

– 10 шақырымдық клас­сикалық және 15 шақы­рым­дық еркін тәсілдер бойын­ша өткен жарыстарда кү­міс медальды иелендім. Екі ре­тінде де атағы жер жарған Норвегияның саңлағы Бьорн Дэлиден ғана қалып қойдым. Бұл бәсекелер 15 пен 17 ақ­панда өткен еді. Содан араға тура 10 күн салып, яғни 27 ақпанда классикалық тәсіл бойынша 50 шақырымдық қашықтықта өнер көрсеттім. Осы бәсекеде бағым жанып, бас жүлдені олжаладым. Яғни, дәл сол күні Олим­пия ойындары тарихын­да тәуелсіз Қазақстанның Ән­ұра­ны алғаш рет шырқалған еді. 

– Елге оралғаннан ке­йін айрық­ша құрмет пен қо­шеметке бөленген боларсыз?

– Ол да бір ерекше сәт болды. Қазақ­­станға оралғаннан кейін халық­тың ыстық ықы­ласын сезіндім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­­былдауында болдым. Рес­публикалық деңгейдегі басшылар, облыс әкімдері және басқа да лауазымды тұлағалар құрмет көрсетті. 

– Қазір қандай қыз­меттесіз? 

– Қазір ешқандай қызметте жоқ­пын. Жайлап бизнеспен айналысып жүрген жайым бар.

– Спортшы ретінде көз­деген мақ­сатыңыздың бар­лығына қол жет­кізе алдым деп ойлайсыз ба? 

– Биік белестердің біразын бағын­дырдық. Ең бастысы, аса ірі спорттық додаларда жеңіс тұғырына көтерілу ба­қыты маған бұйырды. Соған тәубе деймін! 

– Оған еш дау жоқ! Десек те адам баласының арманы асқақ қой... 

– Иә, оныңыз рас. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін ел спортының өркендеуіне елеулі еңбек сіңіргім келді... Ал қазіргі кезде Олимпия ойын­­дары Қазақстанда өт­се деп жиі ар­мандаймын. Ең болмағанда, жас­­өспі­рім­дердің Дүниежүзілік Олим­­пиадасының жалауын өз елімізде желбіретсек те жаман болмайтын еді. Айтулы жарыс аса көп шығынды қа­жет етпейді. Есесіне оның бізге берері көп. Ең бастысы, осындай ша­­ралар Қазақстанда қыс­қы спорт түрлерінің өр­кендеуіне үлкен септігін ти­гізеді. 

– Осы саланың майтал­ман маманы ретінде ақи­қатын айтыңызшы: Қа­зақстанда шаңғы спорты өзінің бұрынғы деңгейіне көтеріле ала ма? 

– Қазақстанда шаңғы спортының болашағы бар. Өйткені соңғы жылдары Ал­маты мен Щучье қала­ларында жақсы нысандар бой көтерді. Басқа өңірлерде де осы спорт түріне деген қызығушылық байқалады. Сол нысандарды оңтайлы пайдаланып, дұрыс бағытта жұмыс істейтін болсақ, көп нәрсеге қол жет­кізуге болады. Сонымен қатар клубтық, бұқаралық, мектеп пен студент­тер спортын барынша да­­мыту қажет. Сонда іс өрге басады. 

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»