– Олимпия ойындарында тәуелсіз еліміздің алғаш рет Әнұраны шырқалып, Туымыздың көкте желбірегеніне бұл күндері тура 25 жыл толып отыр. Сол жеңісті жолды сіз бастаған едіңіз. Арада ширек ғасыр уақыт өтсе де, Скандинавия түбегіндегі сайыстың әрбір сәті күні бүгінге дейін көз алдыңызда шығар...
– Әрине, ондай сәттерді ешқашан ұмыту мүмкін емес. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тұңғыш рет Олимпия ойындарына қатысқан кезде мен шеберлігі әбден толысқан спортшы едім. Оған дейін де талай дүрмекке қатысып, сан мәрте жеңіске жеттім. Сол себепті де төртжылдықтың басты додасында қатты толқыдым деп айта алмаймын. Десек те Лиллехаммердегі дода ерекше өтті. Әр қашықтықта бәсекелестік сұмдық болды. Төрткүл дүниенің теңдессіздері Норвегияда бас қосты. Әсіресе, Бьорн Дэли, Томас Альсгорд және Вегард Ульванг бастаған жарыс қожайындарының қарқыны керемет еді. Басқа елдің оғландары да «өліспей беріспеуге» бекінді. Мен де еш аянып қалған жоқпын. Жарыс жолында барымды салып, қайткенде де ел сенімін, барша жанкүйердің үмітін ақтауға тырыстым. Соның нәтижесінде жеңіс тұғырына үш мәрте көтерілдім. Ғаламдық додада Туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқатуға күш-жігерімнің жеткеніне ерекше шаттандым.
– Өзіңіз Олимпиада сайысында жүлде алған жарыс түрлеріне жеке-жеке тоқтала кетсеңіз...
– 10 шақырымдық классикалық және 15 шақырымдық еркін тәсілдер бойынша өткен жарыстарда күміс медальды иелендім. Екі ретінде де атағы жер жарған Норвегияның саңлағы Бьорн Дэлиден ғана қалып қойдым. Бұл бәсекелер 15 пен 17 ақпанда өткен еді. Содан араға тура 10 күн салып, яғни 27 ақпанда классикалық тәсіл бойынша 50 шақырымдық қашықтықта өнер көрсеттім. Осы бәсекеде бағым жанып, бас жүлдені олжаладым. Яғни, дәл сол күні Олимпия ойындары тарихында тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны алғаш рет шырқалған еді.
– Елге оралғаннан кейін айрықша құрмет пен қошеметке бөленген боларсыз?
– Ол да бір ерекше сәт болды. Қазақстанға оралғаннан кейін халықтың ыстық ықыласын сезіндім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдым. Республикалық деңгейдегі басшылар, облыс әкімдері және басқа да лауазымды тұлағалар құрмет көрсетті.
– Қазір қандай қызметтесіз?
– Қазір ешқандай қызметте жоқпын. Жайлап бизнеспен айналысып жүрген жайым бар.
– Спортшы ретінде көздеген мақсатыңыздың барлығына қол жеткізе алдым деп ойлайсыз ба?
– Биік белестердің біразын бағындырдық. Ең бастысы, аса ірі спорттық додаларда жеңіс тұғырына көтерілу бақыты маған бұйырды. Соған тәубе деймін!
– Оған еш дау жоқ! Десек те адам баласының арманы асқақ қой...
– Иә, оныңыз рас. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін ел спортының өркендеуіне елеулі еңбек сіңіргім келді... Ал қазіргі кезде Олимпия ойындары Қазақстанда өтсе деп жиі армандаймын. Ең болмағанда, жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасының жалауын өз елімізде желбіретсек те жаман болмайтын еді. Айтулы жарыс аса көп шығынды қажет етпейді. Есесіне оның бізге берері көп. Ең бастысы, осындай шаралар Қазақстанда қысқы спорт түрлерінің өркендеуіне үлкен септігін тигізеді.
– Осы саланың майталман маманы ретінде ақиқатын айтыңызшы: Қазақстанда шаңғы спорты өзінің бұрынғы деңгейіне көтеріле ала ма?
– Қазақстанда шаңғы спортының болашағы бар. Өйткені соңғы жылдары Алматы мен Щучье қалаларында жақсы нысандар бой көтерді. Басқа өңірлерде де осы спорт түріне деген қызығушылық байқалады. Сол нысандарды оңтайлы пайдаланып, дұрыс бағытта жұмыс істейтін болсақ, көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Сонымен қатар клубтық, бұқаралық, мектеп пен студенттер спортын барынша дамыту қажет. Сонда іс өрге басады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»