«Сапархан Кесікбайұлы, Парламентте бірлесіп атқарған жұмысыңыз үшін барлық әріптестер атынан алғысымызды білдіреміз. Біздің Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетін басқарып, көптеген маңызды заңдарды қабылдауға зор үлес қостыңыз. Енді Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалдыңыз. Осы өте жауапты жұмыста сізге зор табыстар тілейміз», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Жалпы отырыс барысында С. Омаровқа палата депутаттары атынан «Алғыс хат» табысталды.
Өз кезегінде министр қызметіне тағайындалған Сапархан Кесікбайұлы үлкен сенім артқан Елбасына алғысын айтты.
«Сонымен қатар, менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Осы жерде үш жылға жуық бірге жұмыс істедік. Заң шығару ісінде сіздерден тәжірибе алдым. Ауыл шаруашылығын дамыту ісінде сіздермен бірлесе жұмыс істейміз деп сенемін», - деді С. Омаров депуттарға қарата айтқан сөзінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне Сапархан Омаров тағайындалды.
Ал 26 ақпанда өткен Үкімет отырысында жаңа министрлер кабинетінің құрамында С. Кесікбайұлы ант берді.