Елбасының әлемдік саяси-экономикалық төрелігі бастамасының үш тұғыры: ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ
Жексенбі, 16 желтоқсан 2012 7:40
Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 21 жылы ішінде халықаралық ұйымдарға қатысушы мүше ғана емес, осы уақытта халықаралық ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, АӨСШК секілді ұйымдардың төрағасы ретінде танылды. Бұл егемен еліміздің дамуындағы жалпыұлттық стратегиялық жобалар болғандықтан, барша қазақстандықтардың үлкен қуанышы, мәртебесі. Жас мемлекетіміз маусым айының аяғында жаңа атаумен Қазақстан төрағалығы бастау алған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тұтқасын ұстап, табысты төрағалық жасады. Дегенмен, осы мәртебелі жетістіктеріміздің ішіндегі Елбасымыздың еуразиялық идеясын жүзеге асыру барысында атқарған қызметіне ерекше тоқталған дұрыс деп санаймыз.
Жексенбі, 16 желтоқсан 2012 7:40
Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 21 жылы ішінде халықаралық ұйымдарға қатысушы мүше ғана емес, осы уақытта халықаралық ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, АӨСШК секілді ұйымдардың төрағасы ретінде танылды. Бұл егемен еліміздің дамуындағы жалпыұлттық стратегиялық жобалар болғандықтан, барша қазақстандықтардың үлкен қуанышы, мәртебесі. Жас мемлекетіміз маусым айының аяғында жаңа атаумен Қазақстан төрағалығы бастау алған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тұтқасын ұстап, табысты төрағалық жасады. Дегенмен, осы мәртебелі жетістіктеріміздің ішіндегі Елбасымыздың еуразиялық идеясын жүзеге асыру барысында атқарған қызметіне ерекше тоқталған дұрыс деп санаймыз.
Елбасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізген «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» атты дәрісінде: «Еуразиялық идеясы теория ретінде өткен ғасырда туған болатын. Бірақ та Еуразиялық идеясы жаңа өмірді ұйымдастырудың практикасы ретінде осы ғасырда іске асатынына сенімдімін. Еуразияшылдық – бүкіл ХХІ ғасырдың басты бір идеясы. Сендер мұны көп кешікпей түсінесіңдер және көресіңдер. Еуразиялық идеясының Қазақстанның бастамасы бойынша іске асырылған үш тұғыры – бұлар ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ. Бұл бір ғана айтып жеткізгісіз орталықтың, біртұтас Еуразиялық идеяның үш түрлі іс жүзіндегі көрінісі», деген болатын.
Еуразиялық идеясы – құрлық тарихы ерекшеліктеріне негізделген философиялық-саяси тұжырымдама болып табылады. Сонымен қатар, тарихи-мәдени тұжырымдама ретінде саналатын идея еліміздің интеллектуалды элитасын мазалайтын түсініктердің бірі. Еуразиялық озық идеяның ұстамды және сындарлы нұсқасын Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған болатын. Саяси интеграцияға бағытталған түсінік Мемлекет басшысының «Еуразиялық одақ» ұғымын қалыптастыруға септігін тигізді. Қазіргі өзекті саяси тәжірибеде Елбасы посткеңестік кеңістік мемлекеттерінің ықпалдастығынан көреді. Іс жүзіндегі аталмыш идея үлкен кеңістік үшін нақты тұғырнаманың іргетасы. Елбасы үшін интеграция құр бос сөздер мен ұрандар емес. Ол нақты қадамдарға ұласатын маңызды шара. Міне, осы жолдағы маңызды жұмыстар ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ШЫҰ секілді халықаралық ұйымдардың құрылуына және Жалпы экономикалық кеңістік идеяларының дамуына ұйытқы болудан басталады. Елбасы тұжырымдамасы бойынша Еуразия – географиялық шекарасы айқындалған, экономикалық, саяси және мәдени өлшемдерге ие жалпы құрылым.
Елбасымыздың осыған дейінгі ұйымдарға төрағалық ету барысында көптеген тәжірибелі жұмыстар атқарғанын көреміз. Әрбір көшбасшының бүкіл құрылымдық жүйені басқарудағы ең басты көрінбейтін заңдылығы – бұл стратегиялық ұстанымының беріктігі. Бұл идеяларға дәлел Елбасының мына пікірі: «Еуропадағы, әсіресе, Азиядағы қауіпсіздік, Батыс Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияның әлемдік экономикалық орталықтарымен байланысы мемлекеттің ұстанымын айқындайды». Сондықтан тууы мүмкін жаңа қатерлер ұлттық қауіпсіздіктің жаңа механизмдерін қалыптастыруды қажет етеді.
2000 жылдың 10 қазанында Белоруссия, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекет басшылары Астана қаласындағы кездесуінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл шартта Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік жөніндегі келісімдерде айқындалған өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық жолындағы мақсаттар мен міндеттерге жету тұжырымдамасының негіздері қаланды. Қол жеткізген келісімдерді жүзеге асырудың ұйымдастырушылық-құқықтық құралдары, қабылданған шешімдер мен тараптар жауапкершілігін бақылау жүйесі қалыптасты.
Осы жылдар арасында ұйымның халықаралық дәрежедегі орны мен рөлі жоғарылады. Үш жылдың өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесін иеленді. 2005 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Орталық Азия ынтымақтастық ұйымының саммитінде аталмыш одақтың бірігуі орын алды. Ұйым хатшылығы алаңында Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастырудың ұйымдастырушылық құрылымы жасақталды.
2005 жылдың қыркүйегінде қоғамдастыққа мүше елдер үкімет басшылары Душанбе қаласында елдердің отын-энергетика балансын қалыптастыру базалық құжатына қол қойып, бидай тапсырысын реттеу жөніндегі келісім жобасын талқылады. 2010 жылдың желтоқсанында Кеден одағының құрылуынан кейін Мәскеу қаласында өткен ұйым саммитінде Біртұтас экономикалық кеңістік базасы шеңберінде Белоруссия, Қазақстан мен Ресей Еуразиялық одақ құру туралы келісімге қол жеткізді.
ЕурАзЭҚ негізгі міндеттеріне мына мәселелер енеді: 1) еркін сауда тәртібі көлемін ресімдеуді аяқтау, жалпы, кедендік тариф қалыптастыру және реттеу; 2) капитал қозғалысы еркіндігін қамтамасыз ету; 3) жалпы қаржылық нарық қалыптастыру; 4) ұйым шеңберінде ортақ валютаға өту принциптері мен шарттары бойынша мәмілеге келу; 5) кедендік реттеудің бірыңғайланған жүйесін құру; 6) мемлекетаралық арнаулы бағдарламалар дайындау және жүзеге асыру; 7) жалпы энергетикалық нарық қалыптастыру; 8) қауымдастық мемлекеттері азаматтарына оның барлық территориясында білім алу мен медициналық көмекте теңдей құқық беру; 9) ұлттық заңнамаларды жақындастыру мен үндестіру және т.б.
Жалпы, ЕурАзЭҚ пен БЭК мақсаттары мен міндеттері өзара байланысты: ол – жалпы рынок пен біртұтас экономикалық кеңістік құру. Негізінен Біртұтас экономикалық кеңістік – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үш мемлекеті – Қазақстан, Ресей және Белоруссияның экономикалық ықпалдастық жөніндегі ортақ жобасы. Бұл ұйымды құру жөніндегі бастамалар 2003 жылдың 23 ақпанында қалыптаса бастаса, 19 қыркүйекте келісімге қол қойылды. Бүгінде бұл кеңістікке енуге Қырғызстан, Украина, Абхазия және Армения ниет білдіріп отыр.
Елбасы назарында Еуропа аймақтарымен қатар, Азияның стртегиялық жоспарлары да басым көрінеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Азия аймағындағы біршама саяси-экономикалық идеялар іс жүзіне асты. Мәселен, 1996 жылдың 6 ақпанында Алматы қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) шеңберіндегі 15 мемлекет өкілдерінің кездесуі өтті. Бүгінде бұл кеңес Азия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық форум болып табылады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған бұл кеңеске 22 мемлекет мүше. БҰҰ, ЕҚЫҰ мен Араб мемлекеттерінің лигасы және 8 бақылаушы мемлекеттер арқылы қызмет атқаратын бұл ұйымның беделі халықаралық деңгейде жоғары. Бұл шара алғашқы бастамалардың бірі болса, кейінгі жылдары мынадай негізгі кездесулер ұйымдастырылған: 1999 жылдың қыркүйегі – сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуі; 2002 жылдың маусымы – мемлекет немесе үкімет басшыларының бірінші саммиті; 2004 жылдың қазаны – сыртқы істер министрлерінің екінші кездесуі; 2006 жылдың маусымы – мемлекет немесе үкімет басшыларының екінші саммиті; 2008 жылдың тамызы – сыртқы істер министрлерінің үшінші кездесуі; 2010 жылдың маусымы – мемлекет немесе үкімет басшыларының үшінші саммиті.
Біздің еліміз аталмыш кеңеске 2002 және 2010 жылдар аралығында төрағалық қызметін атқарса, 2012 жылға дейін Түркия атқарды. Алдағы уақытта бұл Кеңес тек аймақта ғана емес, халықаралық деңгейде өз беделін жоғарылататынына сенімдіміз.
2002 жылдың 3-4 маусымы күндері өткен ұйымның маңызды бірінші саммиті жұмысына 16 мүше мемлекет (Ауғанстан, Әзербайжан, Египет, Иран, Израиль, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Палестина, Пәкстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Үндістан) пен 8 (Австралия, АҚШ, Индонезия, Жапония, Таиланд, Вьетнам, Украина, Корея Республикасы) бақылаушы мемлекеттер қатысты. Осы жоғары деңгейдегі кездесуден бұрын көптеген елдер ғалымдары, сарапшылары мен сыртқы істер министрліктерінің мамандары және БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб мемлекеттерінің лигасы сынды беделді халықаралық ұйымдар өкілдерінің ұзақ және еңбекті көп керек ететін жұмыстары жүргізілді. Саммитте ұйымның құрылтай құжаты болып табылатын АӨСШК Жарғысы, яғни Алматы Актісі қабылданды. Құжатта мүше мемлекеттердің Азияда бейбітшілік, еркіндік пен өркендеудің шарттарындағы қауіпсіздіктің жалпы және бөлінбейтін салаларын қалыптастыру туралы айтылды. Бұл Үндістан мен Пәкстан арасындағы кезекті қақтығыстардың өршу қаупі туындап тұрған кезеңдегі маңызды қадамдардың бірі еді. Сонымен қатар, АӨСШК құрылымы мен институттары айқындалып, мемлекет басшылары арасындағы тұрақты кездесулер төрт жылда бір рет, ал сыртқы істер министрлері деңгейінде екі жылда бір рет өткізуге келісілді. Саммиттің екінші маңызды құжаты Терроризмді жою және өркениеттер арасындағы үнқатысуға ықпал ету жөніндегі декларацияны қабылдау болып табылады.
Жалпы, АӨСШК шақыру идеясын Азия аймағындағы мемлекеттермен қатар, Ресей Федерациясы, Қытай, АҚШ, Жапония, Австралия, Түркия, Германия қызу қолдады. Мәселен, ГФР-дің экс-вице-канцлері Йошка Фишер: «ГФР үкіметі Қазақстанның аймақтағы жағдайды реттеудегі саяси бастамасын қолдауға дайын» екендігін айтты. Иран Ислам Республикасының бесінші президенті М. Хаттами АӨСШК бастамасы мен оның Азиядағы сенімді бекітудегі рөліне жоғары баға беріп, елінің қолдайтындығын мәлімдеді. Ал Ресей Федерациясының сол кездегі және қазіргі президенті В.В.Путин АӨСШК форумын «өз уақытында өткізілген және жоғары дәрежеде пайдалы» деп атап көрсетсе, БҰҰ-ның 1997-2007 жылдар аралығындағы Бас хатшысы К. Аннан «үлкен жетістік» екендігін көлденең тартты.
2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары негізін қалаған Шанхай ынтымақтастық ұйымы да аймақтағы беделді халықаралық ұйым болып табылады. Өзбекстан қатарға қосылғанға дейін ұйым 1996-1997 жылдары «Шанхай бестігі» аталып, бес ел шекарасындағы тыныштық пен әскери саладағы сенім жөніндегі келісімдерді бекіткен болатын. Жалпы, бұл ұйым қалыптасуының алғышарттары ХХ ғасырдың 60-жылдары КСРО мен ҚХР арасындағы шекара мәселелерін шешуге байланысты қалыптаса бастады. Кеңестер елі келмеске кеткеннен кейін саяси алаңда келіссөздер жүргізудің жаңа қатысушылары пайда болды. Қытай көршілес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен территориялық мәселелерді өркениетті жолмен шешкен соң, аймақтық ынтымақтастықты жалғастырудың әріптестік басымдықтары арта түсті. Оның саммиттері 1997 жылы Мәскеуде, 1998 жылы Алматыда, 1999 жылы Бішкекте, 2000 жылы Душанбеде өтті.
Құрылысы нақтыланған және институтталған ұйым ерекшеліктеріне келсек, мәртебелік қатынас жөнінде Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (НАТО) секілді әскери блок қатарына жатпайды. Өңірлік саяси, мәдени әрі экономикалық ұйым болып табылатын Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiнің ассоцияциясы (AСЕАН) сынды аралық позиция ұстанбайды. Ұйымның негізгі міндеттері қатарына мүше мемлекеттер кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті бекіту, лаңкестік, сепаратизм, экстремизм және наркотрафикпен күрес, экономикалық ынтымақтастық, энергетикалық әріптестік, ғылыми және мәдени өзара әрекеттестікті дамыту жатады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында «ШЫҰ біздің белсенді қатысуымызбен құрылған болатын және біз оның нығаюы үшін барлық қажетті нәрсені жасауға тиіспіз. Мұның барлығы Қазақстанның өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға қосқан маңызды үлесі болады», деді. Былтырғы жылдың маусым айында табысты өткізілген мерейтойлық саммит сыртқы саясатымыздағы кезекті жеңіс, елордамыз – Астананың халықаралық имиджін жоғарылатқан тағы бір қадам болды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негізгі бағыттары туралы» Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстандағы дипломатия ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ОАЫҰ сияқты ұйымдар басымдығын бекітуге аса назар аударуы тиіс», деген болатын. Қазақстан өз тәуелсіздігінің 21 жылында бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше болумен қатар, сол ұйымдардың қызметін жандандыруда белсенді рөл атқарды. Бұрнағы жылы Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына сәтті төрағалық етуі соның айқын дәлелі. Ал Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Еуразиялық идеясы бастамасының үш тұғыры саналатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы мәртебесі қазіргіден де жоғарылай беретіндігіне толықтай сенімдіміз.
Мұрат НАСИМОВ,
Қызылорда «Болашақ» университетінің кафедра меңгерушісі.