Бұл жолы да солай, «Ауылға Қуандық келіпті» дегенді естігенде, әуелгі ойға оралғаны осындай бір жып-жылы естеліктер болатын. Құлдыраңдаған кешегі қара баланың, жас та болса ойының өрістілігі, пайымының тереңдігі, пікірінің парасаттылығы еске сап ете түскен сонда.
«Кездессек кеңесуге уақыты болар ма екен?» деген оймен көрші ауыл Қырғызсайдағы Қапсалаң қарияның үйіне ат басын бұрдым. Бұрынғы әдетімізбен шүйіркелесе кеттік. Әңгіменің арасында оның ауылда біраз күн аялдайтынын аңғардым. Бүгінде түгел түркінің бас қаласына айналған елордамыз – Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының жетекші актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, экранда – батыр Сардарды, партизан Қасымды, сахнада кемеңгер хандарымыз – Керей мен Абылайды кемеліне келтіре кейіптеген әйгілі әртіспен ауыл жастарын жүздестіріп, тағылымды кеш ұйымдастыру ойға орала кетті. Ниетімізге сай, аудан әкімдігі де ойымызды бірден құп көріп, Қуандықтың өзімен келістік. Сұхбатымыз еркін пікір алмасу рәсімінде өтті.
Аудандық кітапхананың оқырмандар залына жиналған қауым актердің жарқылдай күліп, өнер жайлы толғанған жып-жылы әңгімесінен кейін әп-сәтте жадырап сала берді. Емен-жарқын сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Сахна саңлағының әңгімесіне арқау болған қазақ өнерінің корифейі – Кәукен Кенжетаевпен алғашқы кездесуі, өнер өлкесіндегі ұстаздары, сәттіліктері мен сәтсіздіктері, арман-тілектері, өнер жолындағы қызықтары аудиторияның үлкен ықыласына бөленді. Әсіресе осы бір естен кетпес жүздесудің көркі болған – ол әрине Қуандықтың қайталанбас өнері еді. Жүзіне нұр ұялаған актер ортаға шығып Абылай ханның монологын оқыған кезде тебіренбеген, рухтанбаған халық кемде- кем. Көздерінде от ойнаған жастардың сол кездегі жалын атқан жанарын сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Оны тек көзбен көру керек.
«Қазақтың қайран даласын,
Жағасы жайлау ел қылам!
Қара сирақ баласын,
Басқалармен тең қылам!
Осы жолда, әлеумет,
Тайсалар болсам –
маған серт,
Тайқып кетсең, саған серт!
Еремісің, әлеумет! – дегенде Қуандық актер емес, бейнебір хан Абылайдың өзіне айналып кеткендей. Өне бойды шымырлатып, қанды тулатар ердің алапат үнін естіп, от болып жанған жанарына көзің түскенде еріксіз «Иә, ереміз!» деп атойлап, орныңнан тұрып кете жаздайсың. Сөздің, үннің құдіретіне бас иесің! Абылай аңсарының халық көкейі мен өз ішіңіздегі рухыңызбен ұштасқанына куә боласыз. Елбасы айтқан ұлттық кодтың, рухыңыздың жаңғыруы деген осы. Аңғарасыз да, әртістің сонау V-VI ғасыр бұрынғы Абылай арманын бүгінгі ұрпағына жалғастырған шеберлігіне, рөлінің шынайылығына тәнті боласыз. Иә, бұл – өнер!
Кешегі ауылдың қарапайым қара баласының бүгінгі биігін көріп, парасатын пайымдап, сол оқыған мектепте сабақ бергенімізге мақтанып, ерекше бір марқаю сезімін бастан кештік дәл сол сәтте. Жастардың жанарынан «Мен де ертең осындай елімнің ерке ұлы, азамат актері, мақтанышы боламын» деген асқақ арманның жүрек түкпіріне орнап үлгергенін аңғарғандай болдық.
Ақиқатын айтсақ, түп-тегіміз сонау Еділ патша, Күлтегін, Тоныкөктен басталады ғой. Әйтсе де төл тарихымыздың кейбір кезеңдеріне жете мән бермеппіз. Осы ойды кездесу кейіпкерімен бөліскенімізде, ол қалта телефонындағы ақбоз атпен сахнаға шыққан Абылай рөліндегі суретін көрсетті. Бағанағы әсер тіпті өршіп, ақбоз ат үстіндегі халқын азаттыққа, елдікке, бірлікке шақырып тұрған Абылай – Қуандықты көргендегі сезімнің асқақтауын айтсаңызшы! Келесі күні Қырғызсай, Жаңасай, Бірлік-Сүмбе, Шошанай, Сүмбе мектептері оқушыларымен болған кездесуді де Абылай ханның рухты монологымен бастауымыз осы бір тамаша сезімнің әсерінен болатын.
«....Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді?!» деп Ілияс Жансүгіров жырламақшы, осындай талантты ұлдарын туған топырағының құрметтеп, елеп-ескеріп тұруы – келешек ұрпақ үшін үлкен тағылым. Ауыл, аудан басшылары науқаншылдықтан арылып, қасиетті топырақ түлеткен дарынды ұлдары мен қыздарын жиі-жиі туған жеріне шақырып, жергілікті халықпен жүйелі түрде жүздестіру шараларын ұйымдастырып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл да ұрпақ сабақтастығының бір парасы екені сөзсіз.
Жәнет КЕРІМҚҰЛ,
«Ұрпақ парызы» қоғамдық ұйымының төрағасы
Алматы облысы