Он мыңға жуық жанкүйердің қолдауымен «Барыс Арена» мұзайдын сарайында өткен кездесуде «Барыс» командасы жанкүйерлер күткендей матч басында ойын тізгінін өз қолына алып, плей-офф кезеңінің келесі сатысына шығуды алдына мақсат етіп қойғаны анық байқалды. Тіпті, матчтың бесінші минутында Мэттью Фрэттин «Торпедо» қақпашысы Браст Барримен бірге-бір шыққан болатын, бірақ Барри шеберлігімен көзге түсіп, қақпасын голдан сақтап қалды. Матчтағы есепті бірінші болып қонақ команда ашты. Ойынның 12-минутында «Торпедо» ойыншысы Роберт Саболич мергендігімен көзге түсіп, командасын есепте алға шығарды. Жерлестеріміз бірінші кезеңде есепті теңестіруге тырысып баққанымен, қарсыластар шайба соғуға мүмкіндік берген жоқ.
«Барыс» хоккейшілері екінші кезеңінің орта тұсынан бастап қарсылас команданың қақпасына қарай шабуылды қарша боратты. Тіпті, таблодағы көрсеткіш 0:1 емес, 10:1 нәтижесімен «Барыс» пайдасына шешілуі мүмкін еді. Бірақ «Торпедо» қақпашысы Браст Барридің шеберлігін ерекше атап өту керек. «Барыстың» екінші кезең бойы тынымсыз шабуылының нәтижелі аяқталуына Барри мүмкіндік бермеді. Ол қақпасына бірде-бір шайба өткізген жоқ. «Барыс» ойыншылары екінші кезеңнің соңғы минутында есепті теңестіруге мүмкіндік алды. Шайба авторы – Андре Петерссон.
Үшінші кезеңде де ойын тізгінін қолға алған елорда командасы 42-минутта өз дегеніне жетіп, Брэндон Боченскидің соққан шайбасының нәтижесінде есепте алға шықты. Арада екі минут өткенде Мэттью Фрэттин мергендігімен көзге түсіп, командасының үшінші шайбасын соқты. «Барыстың» басымдығымен өткен кездесудің нүктесін 56-минутта команда капитаны Брэндон Боченски қойды. Қорытынды есеп – 4:1, «Барыстың» пайдасына.
Бүгінге дейін екі клуб тұрақты біріншілік аясында өзара 24 кездесу өткізді. Соның 11-інде «Барыс» басымдық танытқан болатын. Қалғанында «Торпедоның» асығы алшысынан түсті. Айта кету керек, елордалықтар 8 мәрте негізгі уақытта жеңіске жетсе, екі ойында овертаймда басым түскен. Ал бір кездесуде «Барыс» буллит сериясы бойынша ұтқан болатын. Елорда командасы қарсылас қақпасына 71 шайба соқса, «Торпедо» ойыншылары 68 мәрте мергендік танытқан. Екі команда соңғы рет былтыр 14 қыркүйекте кездесіп, «Барыс Аренада» өткен матчта елордалықтар 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
Екі команда арасындағы плей-офф кезеңінің екінші кездесуі бүгін «Барыс Арена» мұзайдын сарайында өтеді. Қалған екі ойын 2 және 4 наурызда Төменгі Новгородта өтеді. Айта кетейік, плей-офф кезеңі екі команданың бірі төрт рет жеңіске жеткенге дейін жалғасады.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»