Министрдің анасы ұрланды
Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:23
Нигерияда белгісіз біреулер елдің қаржы министрі Нгози Оконджо Ивеланың анасын ұрлап кеткен. «Франс-пресс» агенттігініңхабарлауынша, министрдің анасы профессор Камене Оконджо өткенжексенбі күні өз үйінде ұрланған.
Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:23
Нигерияда белгісіз біреулер елдің қаржы министрі Нгози Оконджо Ивеланың анасын ұрлап кеткен. «Франс-пресс» агенттігініңхабарлауынша, министрдің анасы профессор Камене Оконджо өткенжексенбі күні өз үйінде ұрланған.
Қаржы министрлігінің таратқан ақпараттарына қарағанда, бұл қылмыстық әрекеттің артында кімдер тұрғаны әзірге белгісіз. Министрлік өкілдері бұл әдейі, алдын ала ойластырылған әрекеттер болуы мүмкін деген болжам жасайды. Себебі, бұрынырақта Нгози Оконджо Ивеланың атына болуы ықтимал әрекеттер жөнінде ақпарат түскен екен. Жергілікті БАҚ-тар қаржы министрінің елдегі сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресуші тұлға екенін жазады. Кейбір дерек көздері бойынша, министрдің анасының ұрлануы одан өтемақы талап етуінде жатыр. Елде мұндай жағдайлар жиі болып тұратын сияқты.
Мұрагерінің аты-жөнін атады
Венесуэла президенті Уго Чавес егер ол денсаулығына байланысты мемлекет басшысы міндетін атқара алмайтын жағдайда, өзінің мұрагерінің кім болатынын атады. Ел басшысы қазіргі кезде Кубада рактан емделіп жатыр.
«Рейтер» агенттігінің жазуынша, сайлау бола қалған жағдайда, Уго Чавес Венесуэла халқын 50 жастағы вице-президент Николас Мадуроға дауыс беруге шақырды. «Ол – нағыз революционер, өз ісіне шын берілген тұлға», – депті Уго Чавес. Дегенмен, саясаттанушылар Н.Мадурода ондай қасиеттер кемшін соғып жататынын, әсіресе, ол әскерилердің ықыласына бөлене алмайтынын алға тартады. Өйткені, үкімет билігіндегі бірқатар орындарда әскерилер отыр. У.Чавестен осы жылдың 8 желтоқсанында қатерлі ісік ауруының жаңа белгілері табылғаны мәлімделген еді.
Президенттікке қайта сайланды
Джон Драмани Махама Гананың президенті болып қайта сайланды. «Франс-пресс» агенттігінің ақпараттары бойынша, елдің қазіргі президенті сайлаушылардың 50,7 пайызын, ал оның негізгі бәсекелесі Нана Акуфо-Аддо 47,74 пайыз дауыс алған.
Жеңілген саясаткер Н.Акуфо-Аддо дауыс берудің алдын ала нәтижесі шыға салғанда-ақ, ол сайлау өрескел бұрмалаушылықтармен өткенін мәлімдепті. Сондай-ақ, оның партияластары сайлаудың әділ өтпегендігін айғақтайтын мәліметтер мен дәлелдер жеткілікті екендігін айтқан. Әсілі, жеңіске Акуфо-Аддо жетті деген болжамды алға тартады. Президенттік сайлауға аттары аталған кандидаттармен бірге, тағы алты үміткер қатысқан еді. Д.Махама осы жылдың шілдесінде, президент Джон Атта қайтыс болғаннан кейін президенттікті қолға алған болатын.
Қысқа қайырып айтқанда:
Президент Ислам Каримов 2013 жылды Өзбекстанның өсіп-өркендеу жылы деп жариялады. Мұны ол ел конституциясының 20 жылдығына байланысты салтанатты жиында мәлімдеді.
Мексикалық құтқарушылар бортында әнші Дженни Ривердің және төрт жолаушы мен екі экипаж мүшелерінің мәйіттері бар ұшақ сынықтарын тапты.
Мысырдағы ахуал әлі тыншымай тұр. Президент Мохаммад Мурсидің жақтастары мен қарсыластары арасындағы дау-дамай жалғасуда.
Иран құқық қорғау органдары елдің Пәкстанмен шекарасына жақын маңда 11 тонна есірткі тәркіледі. Бұл ел тарихында бұрын-соңды кездеспеген оқиға деп бағалануда.
Одесса облысының прокуратурасы адам өліміне соқтырған «Беллини» клубындағы атыс туралы қылмыстық істі қайта жалғастырды.
Бұрынғы басшының қателіктерін түзетуде
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бұрынғы министр Анатолий Сердюковтың кезінде қарулы күштер қатарынан босатылған офицерлерді қайта қызметке алуға уәде берді. Бұл жөнінде «Новости» ақпарат агенттігі хабарлады.
«Ғылым мен әскери білім берудің мақтанышына айналған офицерлерді қайтадан қарулы күштер қатарына аламыз», – деді министр президент Владимир Путиннің сенімді өкілімен кездесу барысында. А.Сердюковтың тұсында офицерлер корпусын қысқарту Ресей қарулы күштерін реформалау аясында жүзеге асырылған еді. Осыған байланысты офицерлер құрамы 335 мыңнан 220 мың адамға дейін қысқарды. Кейбір басылымдарда жарық көрген материалдарда қорғаныс министрлігінде бұған дейін жүргізілген реформаларға көпшілік қанағаттанбайды. Сондықтан жаңа министр қарулы күштердің мәртебесін көтеруге күш салуы қажет. А.Сердюков «Оборонсервистегі» жемқорлыққа байланысты министр қызметінен кеткен болатын.
Қорқытамын деп қызметімен қоштасты
Жергілікті басылымдардың жазуынша, Перудің еңбек министрі Хосе Виллена Арекип қаласындағы әуежайда болған өрескел жағдайларға байланысты министр қызметімен қош айтысқан. Бұған оның әуежай қызметкерлерін балағаттағаны себеп болған.
Lan Peru авиакомпаниясы қызметкерінің сөзіне қарағанда, министр Хосе Виллена әуежайға кешігіп келген. Бұл кезде ұшақ ұшу-қону алаңында ұшуға даяр тұрған. Ал министр болса, әуежай қызметкерлерінен ұшақты тоқтатуды талап еткен көрінеді. Ал олар министрдің талабын қабылдамаған. Ол әуежай қызметкерлерін жұмыстан босатқызамын деп қорқытқан да сияқты. Тіпті біреуін ұрып та жіберіпті. Қателігін кеш түсінген министр отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Қылмыскерді еліне қайтарды
Біріккен Араб Әмірліктері Қырғызстан құқық қорғау органдарына елдегі аса ірі қылмыстық топтың жетекшісі Қамчыбек Көлбаевты тапсырды.
«Новости» ақпарат агенттігінің мәліметтері бойынша, Қ.Көлбаев қазіргі кезде Бішкектегі тергеу абақтысында. Көлбаев сондай-ақ «Коля-қырғыз» деген лақап атымен қылмыс әлеміне танымал. Ол 2000 жылы бірнеше адамды өлтіргені үшін 25 жылға сотталған, алты жыл бұрын түрмеден қашып кеткен. Ұсталғанға дейін Біріккен Араб Әмірліктерінде бой тасалап келіпті.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.