05 Желтоқсан, 2012

Тоқтаған өндіріс. Жаппай жұмыссыздық

297 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тоқтаған өндіріс. Жаппай жұмыссыздық

Сәрсенбі, 5 желтоқсан 2012 7:22

Кез келген экономикалық шолушы қа­зір Батыс әлемінің күнделікті көрінісін осы екі ауыз сөзбен суреттеп бере алады. Кәрі құрлықтың түстік беткейіндегі елдердің астаналарын түгел шарпыған үкіметтің қа­таң үнемдеу сая­сатына наразылық ереуіл­дерінің аптығы басыла берген бойда мұндағы жұртты тағы осындай сынақтың күтіп тұрғаны белгілі бола қалды. Үсті­міз­дегі жылдың ортасынан қайта қанаттана бастаған дағдарыс салдарынан өз жұ­мыс­тарын толық немесе ішінара тоқтатуға мәжбүр, мүдделі, ықтияр өнеркәсіп орындары саны барған сайын көбейіп келеді.

 

Сәрсенбі, 5 желтоқсан 2012 7:22

Кез келген экономикалық шолушы қа­зір Батыс әлемінің күнделікті көрінісін осы екі ауыз сөзбен суреттеп бере алады. Кәрі құрлықтың түстік беткейіндегі елдердің астаналарын түгел шарпыған үкіметтің қа­таң үнемдеу сая­сатына наразылық ереуіл­дерінің аптығы басыла берген бойда мұндағы жұртты тағы осындай сынақтың күтіп тұрғаны белгілі бола қалды. Үсті­міз­дегі жылдың ортасынан қайта қанаттана бастаған дағдарыс салдарынан өз жұ­мыс­тарын толық немесе ішінара тоқтатуға мәжбүр, мүдделі, ықтияр өнеркәсіп орындары саны барған сайын көбейіп келеді.

Франция үнді миллиардерінің зауытын қайтарып алмақшы

Өткен аптада Еуропадағы дағ­дарыс тағы да қалың жұрт­тың назарын өзіне аударды. Брюс­сельде үш жұмадан бері жүріп жатқан Грекияны құтқару үшін бері­летін көмектің кезекті үшінші траншын шешу жөніндегі кеңес нәтижесіз аяқталды. Мұндағы пікірлердің үйлеспеуі Афинаның мемлекеттік қарыз жөніндегі мін­деттемесін табысты орын­дауы үшін оған тағы екі жыл беру төңірегінен көрінді. Бұған Еуро­­одақ елдерінің қаржы ми­нис­тр­лері келісім бергенімен, Ха­лық­ара­лық валюта қорының же­тек­шісі Кристин Лагард үзіл­ді-ке­сілді қарсы шықты. Осының салдарынан халықаралық Moody`s агенттігі Францияның кредиттік рейтингін түсіріп жіберді.

Бұл жағдай француз мем­лекеті басшылығын үнді мил­лиар­дері Лакшми Митталдың еншісіндегі «ArcelorMittal» болат құю компаниясын уақытша национализациялау, яғни мемлекет қарауына қайтып алу жө­ніндегі идеяға мән бере қарауға мәжбүр етті. Біздің қазақ­стан­дықтарға бұл азаматтың аты-жөні өте қанық шығар деп ойлаймыз. Оның біздегі Қарағанды көмірі мен теміріне иелік етіп жүргеніне де бірқатар жылдардың жүзі толды. Одан француз жеріндегі кәсіпор­нын алып қою жөніндегі бастаманы көтеріп жүрген Франция өнеркәсіп министрі Арно Монтебур көрінеді. Бір қызығы, ми­нистрдің ұсынысын елдегі солшылдар да, оңшылдар да бір­ауыз­дан қолдады. Бұған аталмыш металлургия компаниясы­ның Флоранже қаласындағы зауыты төңірегінде қалыптасқан ахуал себеп болған сияқты. Ком­панияның директорлар кеңесінің төрағасы болып табылатын жо­ғарыдағы миллиардер зауыттың шығынды саналатын екі домна пешінің жұмысын тоқтатып, онда нәпақа тауып жүрген 600-ден астам адамды қысқартуға шешім қабылдапты.

«Біз бұл кәсіпорынның бо­ла­шағы болғанын қалаймыз», деді осыған орай Франция прези­денті Франсуа Олланд. Сол се­бепті де ол үнділік алпауытты арнайы қабылдап, мәселенің мән-жайын анықтап алуға ты­рыс­ты. Мұндағы бар ойы әл­де­неше жүздеген адамды жұмыс­сыз қал­дырмау болды. Мүм­кін­дігі бол­ға­нынша кәсіпорынды тоқтат­пау­ға шақырды. Олай бол­маған күнде мемлекет тарапынан нақ­тылы қадамдардың жасалатынын ашып айтты. Ал өнер­кәсіп министрі бұдан да қатты кетті. Ол алдында қызды-қыз­ды­мен та­лап орындалмаған жағ­дайда үнділік шонжардың елден бір­жола қуылатынын мәлімдеді. Ол сонымен бірге Лакшми Мит­талға «өтірікші» және «сөзінде тұр­май­тын суайт» деген баға бе­ріп, оның Флоранжедегі компаниясы мемлекет меншігіне алынатынын хабарлап үлгерді. Алай­да, ертеңіне министрдің пәті сәл қайтып қалғаны байқал­ды. Бұл жолы «Миттал тобының қолда­нып отырған әдістері заңға том­пақ келеді, – деді мем­лекет­тік ше­неунік. – Бірақ бұл тә­сіл­дер бүгінде Франциядағы сияқ­ты Бельгия мен Люксембургте де қолданылып жатыр. Дегенмен, бұл Миттал тобының француз жерінде қалатынына күмән кел­тіретін дерек бола алмайды». Ал Францияда «ArcelorMittal»-дың 150 зауыты бар екен. Оларда 20 мың адам жұмыс жасайды. Компания 2009 жылы фран­цуз­дың Гандрандж коммунасын­да­ғы зауытын жауып, Бельгияның Льеж қаласындағы домна пеш­терінің жұмысын тоқтатыпты. Ал биыл­ғы қазан айында сол үрдісті Фло­ранжедегі зауытта да жүзеге асырып, 2 мың адамның 600-ін қысқартатынын баян­да­ған екен. Дегенмен, үкімет жұ­мы­сын тоқ­тататын екі домна пешін сатып алатын адамдарды тауып алуы үшін желтоқсанның басына дейін шараны жүзеге асыруды кідірте тұрмақшы болыпты.

Әлбетте, Лакшми Миттал­дың шешімі компания жұмыс­шы­ларына ұнап отырған жоқ. Елдің кәсіподақ ұйымының же­текшісі осыған орай: «Мен сіз­дер­дің естеріңізге салайын, Еуропа өзінің қарқынды дамып тұрған кезінде жылына шамамен 200 миллион тонна болат пайдаланушы еді. Бүгінде құрлықта 143 миллион тонна болат өн­ді­рілуде. Ал Миттал мырза мұны да кеміткісі келеді. Бұл Еуро­паның металға деген сұраны­сы­ның көбін сырттан әкелуіне апарып соқты­рады», дегенді алға тартты.

Компания басшысымен кездесулерден кейін Франция пре­зиденті металлургия зауытын мемлекет қарауына алмай болмайтынын мәлімдеді. Бірақ бұ­ған Митталдың келісетін-келіс­пей­тіні әзірге белгісіз. Бұл әң­гіме бұрнағы күні Франсуа Ол­ландтың Италия премьер-ми­нистрі Марио Монтимен болған кездесуінде тағы көтерілді. Онда Аппенин түбегіндегі елдің ауыр өнеркәсібі де басынан ауыр халді кешіп отырғаны сөз болды. Таранта қаласындағы Илва металлургиялық зауыты осының алдында ғана жабылып қалған болатын. Бұған жауап ретінде зауыт жұмысшылары Рим мен Генуяда көшеге ереуілге шықты.

 

Американың Детройты елес-қалаға айнала бастады

Адам айтса нанғысыз жағ­дай, кезінде «Америка автомо­би­лінің атасы» атанған алып шаһар бүгінде «өлі қала» атанып, «елес-қалаға» айналып, жер бетінен біржола өшіп кету қарсаңында тұр. Сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында аумалы-төкпелі ке­зең­нің шырмауында шырмалған біздің Байқоңыр, Қаратау, Жа­ңа­тас, Приозер секілді шағын қа­ла­ларымыз да тап мынадай ахуалды бастан кешпеген шығар.

Қазір тарихшылар «Детрой­т­тың жолы болмады» дегенді айтып отыр. Ол бастапқыда ық­шам ғана елді мекен еді. Содан соң ол машина жасаудың қауырт қарқыны арқасында көтеріліп, алып индустриялы мекенге айналды. Мұнда келіп орналасқан ондаған ірі машина жасау зауыты қаланы аспандатып әкетті. Аз ғана жылдардың ішінде мұнда көк тіреген зәулім үйлер, алаң­дар мен көшелер салынып, АҚШ-тың ең мықты деген қа­ла­ларымен иық тіресетіндей дәре­же­ге жетті. Оның маңайында әлденеше ондаған ойын-сауық отаулары мен клубтары, стадиондар мен ареналар бой көтерді.

Бірақ қандай бір жарқыраған өмірдің де соңы қара түнекке айналып кете беруі ықтимал екенін осы Детройттың тәжірибесі анық көрсетіп кетті. Оның құлдырай бастауына ең алдымен әлемде мұнай бағасының күрт көтеріле түсуі әсер еткен сияқты. Жер-жаһандағы мұнай дағдарысы америкалық үлгідегі классика­лық алып автокөліктердің рынок алаңынан біртіндеп ығысып қала беруіне апарды. Жұрт содан бастап өзінің қалтасына қарайтын болды. Олар үшін енді бензинді суша жұтатын Дет­ройт­тың алып машиналарын сатып алу мен ұстап тұру қиын бола бастады. Бұл жапонның әрі шағын, әрі жанар-жағармайды ба­рынша аз жейтін көліктеріне деген қызығушылықты арттырды. Осының салдарынан Дет­ройт­тағы алып зауыттардың бар­лығы қиын қыспақта қалып, бірінен соң бірі банкротқа ұшырай бастады. Мұ­ның соңы сол зауыттардың бәрінің ақырындап жабылуына, жұмысшылардың жұмыссыз қалуына апарып жеткізді.

Сарапшылар бүгінде «амери­калық автомобиль атасының» бұлай құлдырауға ұрынуына ел­дің түгел… автомобильденуінің өзі әсер етті дегенді де айтып отыр. Екінші дүниежүзілік со­ғыс жылдарында Штаттарда эко­­номикалық өрлеудің жоғары болуы Детройтта тұратын­дар­дың әрбірінің жеке автокөлігі болуын қамтамасыз еткен екен. Бұл елді тіпті өткен ғасырдың 30-шы жылдарында-ақ көшеде кептеліс болуы әдеттегі көрі­ніс­ке айналыпты. Ал қала содан ке­йін де автомобильдену үдерісін мақ­сат­ты түрде одан әрі дамытып, кө­ше­ден қоғамдық көліктің бар­лық түрін ығыстырып шы­ға­рып­ты. Қаланың өзі секілді миллион тұрғыны бар Нью-Йорк, Филадельфия, Бостон, Чикаго шаһарларынан ерек­ше­лігі, бұл сол қалпында ме­тро­ның керек етпей, одан да құр қалыпты. Айналып келгенде, жеке автомо­бильдерінен басқа бірде-бір кө­лік қатынасы қа­лып­таспаған, мұнайдың қымбат­тауы­на байланысты көлік шы­ғаратын зауыттары түгел жабылып қалған Детройттың өзі ақырында құлап тыныпты.

Мұнда бір зауыттан кейін бір зауыт жабылып, мыңдаған адам көшеге шығып қалып жатқан кезде, оған наразылық білдірген жұмысшылар ереуілге де ерік берген. Бірақ бұл тығырықты жеңуге алпауыттардың да, билік басындағылардың да шамалары келмеген. Осының бәрі қаланың болашағы жоқ екенін көрсеткен. Осыны сезген алып өнеркәсіп иелері қаладан алдымен кеткен. Содан соң қарапайым жұмыс адамдарына да кезек жеткен. Дәл қазір Детройтта терезелері мен есіктерінен түк қалмаған, пәтерлерін жан баласы мекен етпейтін отыз қабатты үйлер толып тұрған көрінеді. Міне, жұ­мыс жоқтықтан кезінде миллионнан астам тұрғыны болған мегаполис осылай күннен күнге жоқ болып барады.

Дунай бойымен дүркірей тасылатын жүк қалмады

Соңғы 3-4 жылдың көле­мін­де Еуропа одағы елдерінде өнім өндірудің деңгейі күрт төмен түсіп кетуі кәрі құрлықтың ең үлкен өзені – көгілдір Дунайдың арнасымен тасылып жататын әр­түрлі халық шаруашылығы жүк­терінің бірден күрт азайып ке­туі­не апарып соқтырды. Мұның басты себебі, Австрияның Линц қаласындағы металлургия комбинатына темір кенін жеткізудің тәсілі өзгеруімен бірге, Сербия­ның Смедер металлургия комби­натының жабылуына, сондай-ақ «ArcelorMittal»-дың Румыния­ның Галац қаласындағы комбинаты домна пешінің жұмысын тоқта­туы­на тіреліп тұрған сияқ­ты. Осы­ның негізінде өзен бойымен тасылатын 1,5-2,0 млн. тон­на ши­кі­зат бірден кеміп сала берген. Мұ­ның арғы жағында дағдарыс­тың салдарынан Ма­жарстанның (Венгрия мемлекеті өзінің ресми атауын осылай етіп заңдастырып алды) Дунаферр мен Дунай­ва­рош­тағы комбинаттарында өнді­ретін өнім көлемін қысқартып жіберді.

«Дунайдың бүгінгі таңдағы жүк базасы 2008-2009 жылдармен салыстырғанда да, ең тө­мен­гі деңгейде, – дейді Украи­на­ның Дунай кеме кәсіпшілігінің флотты пайдалану жөніндегі бас­қарма бастығының орынбасары Владимир Запорожан. – Біздің флоттың 2010 жылға­қа­ра­ғандағы көрсеткіші де биыл төрт есеге жуық төмендеп кетті». Мамандар сонымен қатар эконо­ми­кадағы мұндай тоқыраушылық­қа әлемдік экономикалық дағ­дарыстың екінші толқынының қатты әсер еткенін жеткізеді. Бұл толқын әуелі саудаға өзінің кері әсерін тигізген, ол өз ке­зегінде өзен бойымен тасылатын жүк мөлшерінің бірден азайып кетуіне негізгі себепкер болған.

Осы шамада ұялы телефондар шығаратын Nokia фирма­сы­ның Финляндиядағы филиалы да өзінің жұмысын тоқтатты. Ол бір жағынан қазіргі нарық зама­ны­ның қыспағын көтере алмаса, екінші жағынан Apple компаниясымен бәсекелестікке шыдас бер­меді. Осының салдарынан фин жерінде тағы 780 адам жұмыс­сыз қалды. Жалпы, Nokia-ға 2010 жылы Стивен Элоп басшы болып келгелі бері компанияның жер-жердегі филиалдарынан 40 мың адам қысқартылып кетіпті.

Мұның сыртында бүгінгі таң­да Еуропада автомобиль шы­ғару кәсіпорындары үлкен қи­ындықтарды бастан кешіп отыр. Айталық, Италияның атақты «Фиат» концерні жабылу қарса­ңында тұрса, АҚШ-тың «Форд» автоконцерні өзінің Еуропадағы филиалдарын жабу туралы шешім шығарып та қойды.

Мұның бәрі әлемді құрсаған дағдарыстың уақыт озған сайын қыспағын күшейтіп, тамырын тереңге жая бастағанын, оның келтірер залалының әлі де көп екенін көрсетеді. Таяу аралықта әлемде жабылғалы, уақытша жұмыстарын тоқтатқалы тұрған кәсіпорындар өте көп. Олар туралы алдағы күндерде әңгімелеп беретін боламыз.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».