01 Наурыз, 2019

Төлен Әбдік: Біз де күресіп көргенбіз

1123 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Төлен Әбдік: Біз де күресіп көргенбіз

– Төлен аға, сізді жұрт жақ­сы жазушы ретінде таны­ға­ны­мен кезінде белгілі палуан болға­ныңызды екінің бірі біле бермей­ді. Сондықтан сіздің спорт­тық өміріңіз жайлы әңгі­ме өрбітсек дейміз. Ал енді сөз тізгіні өзіңізде…

– Жалпы ер баланың бойында, нақтырақ айтқанда жаратылысында мықты болсам, күшті болсам деген талпыныстың болуы заңдылық. Ондай талпыныс болмаса, одан ертең қандай жігіт шығуы мүмкін? Ер бала өзін ел қорғайтын жауынгер есебінде сезінуге тиісті. Өткен замандарда да осындай түсінік болған. Біз бала кезімізде «Батырлар жырын» оқып өстік. Әйгілі батырларға деген шексіз сүйіспеншілікпен ержеттік. Соларды мұрат тұттық. Солардай батыр болуды аңсадық. Бірақ батыр болу үшін, қайратты да батыл болу керек. Бұл екі қас­иет­ті бөліп қарауға болмайды. Өйт­кені қайратың болмаса, құр батыл­дықпен не бітіресің? Қай­ра­тың болған соң, соған сеніп батыл боласың. Сондықтан ер бала екі жақты дамуға тиісті: бірі – рухани жағынан, екіншісі – күш-қайраты жағынан.

Ал мен болсам, жаратылысымда асып туған адам емеспін. Бойым да шағын, салмағым да аз. Сол олқылықтардың орынын бір­деңемен толтыру керек қой. Ол үшін спорттан басқа не бар? Ме­нің спортқа деген құш­тар­лы­ғым­ды, мінеки, осылай деп те түсіндіруге болатын шығар.

– Дұрыс екен. Бала кезіңізде осын­дай болсам деп еліктеген, яғни үлгі тұтып өскен адамдар бол­ды ма?

– Біреуді кумир қылдым деп айта алмаймын. Бірақ елде өзге­лерге болыса білетін, өзін ешкім­ге басындырмайтын қарулы да жүректі жігіттерге балалар қы­зыға қарай­тын. 1950 жыл­дар­­­дың орта кезінен бастап осын­дай аты шыға баста­ған адам – Түзел­бай Айсин деген мұға­лім жігіт. Ол кез­де біз­дің жақта ма­­ман спорт­шы жоқ се­кілді еді. Ал Түзел­бай табиғи қуа­ты мол, жан-жақты әмбе­беп спорт­шы бо­ла­тын. Бокс­тан да, күрес­тен де хабары мол. Штан­ганы жақсы көтеретін. Ол тур­никте ойна­ған­да жерде тұрып басың айналады. Сол Түзел­бай­дың сырттан келген телі-тентектерді басындырмай, не бір айқастарда «жауды» жеңген ерліктері аңыз боп тарап жүрді.

Бірақ мен өз басым Түзелбай­дың айқасын көрген жоқпын. Ме­нің көргенім өз аулымдағы Қа­сым деген жігіт. Ол кезде елде МТС деген орнаған. Оған сырттан жүздеген механизатор келді. Олардың бәрі сотталған, лагерьде жүрген бәле­лер. Шетінен жан­кеш­ті бұ­зық­­тар. Оларға қарсы тұру жергі­­лікті халыққа оңай бол­­ма­ды. Жаңа­­ғы Қасым да сол сот­­тал­­ғандармен бірге біздің ауыл­­ға келді. Оның не үшін сот­тал­ғанынан біздің хабарымыз жоқ. Еңгезердей, көрікті жігіт еді. Кел­ген бет­те жергі­лікті қа­зақ­­тарды әл­гі бұза­қылар­дан қор­ғап аты шықты.

Әлі есімде, ауылдан колхоз орталығына бір шаруамен келген болатынмын. Әлдеқалай дүкенге кірсем, іші у да шу. Қазақтар бір дембел­ше өзбек­тің (ол да сырт­тан келген механи­за­тор) қа­сына топталып дабыр­ласып жатыр. Әңгімеден ұққанымыз, бір бұзақы орыс сөреден үлкен бума матаны алып шығып бара жатқан. Жұрттың у-шуына қа­­рай­тын түрі жоқ. Абырой бол­ған­­да, жаңағы өзбек жүгіріп бар­ып, бумаға жабысқан. Көмек­ке қазақтар да келген болу керек. Ақыры әлгі бұзақы матаны тастап, сыртқа шығып кеткен. Ең болмаса, қашса екен-ау, маған не істей аласыңдар дегендей, дәл дүкеннің қасында шалқайып темекісін бұрқыратып тұр. Ке­нет дүкенге Қасым кіріп кел­ді. Іштегілер жамырап Қасым­ға шағым айта бастады. Бәріне түсінген ол жауар бұлттай түне­ріп сыртқа шықты. Біз де шық­тық. Қасым әлгі бұзақының қасы­на келіп, әлденені айтып зіркіл­деп сөйлеп жатыр. Анау да тілін тартатын емес. Бойлары да шамалас екен. Бірақ Қасымның денелі екені байқалып тұр. Мен әлдебір дыбысқа елеңдеп бұрылып, қайта қарағаным сол еді, жерде құлап жатқан орысты бір-ақ көрдім. Қал­ай ұрғанын көре алмағаныма өкініп, жақындай түсем. Қасым тұра берген орысты теуіп қайта құлатты. Одан арғысын төбелес деп те айтуға келмейді, бір адам­ның екінші адамды сабауы ғана болды. Жұрт енді Қасымға жабылып, тоқтата алмай әлек. Қасым бес-алты адамды сүйреп келіп, жерде жатқан бұзақыны дәу бәтіңкесімен тепкен кезде, әлгіні өлтіріп тастар ма екен деп зәреміз ұшты. Бұдан кейін де Қасымның қазақтарға болысып, өзімен бірге келген бұзақылармен болған қырғын төбелестерде қалай жеңім­­­­­паз болғаны жайында, кә­дім­­гі батырлар жыры секілді, аңыз-әңгіме ел ішіне тарап жүрді.

Біз де, ертең өскенде өзіңді де, өзгелерді де әділетсіздіктен, бұза­­қы­лардан қорғай алатын жау­­жү­рек азамат болсақ деп арман қылдық.

Жалпы адамдардың тағды­ры­на әсер ететін, өміріне мағына әкелетін бір нәрсе бар, оның аты – ерлік. Ерлікті аңсамайтын адам жоқ. Өмірінде бір ерлік жасап көр­меген адамды тұлға деп айту қиын.

Жасөспірімдердің спортқа ұмты­лысында да ерлікке деген құш­тар­лықтың нышаны бар деп айтуға болады.

– Бала кезіңізде ауыл­ыңыз­­­­да спортпен кәсіби түрде шұ­ғыл­­­данатындай мүмкіндік бол­­­ды ма? 

– Бала кезімізде біздің ауыл­да спортпен кәсіби деңгейде айна­лысатындай мүмкіндік бол­ған жоқ. Бірақ біз – ауылдың қара­си­рақ балалары көп алысып, көп күре­сетінбіз. Қарақоға дейтін ауыл­дық жерде бесінші сыныпты оқып жатқан кезіміз-тін, мек­­теп­тің дәл қасында жұмсақ топы­рақты алаңқай болды. Сабақ ара­сындағы үзіліс кезінде бір топ бала жапа-тармағай кезектесіп кү­р­­есті бастаймыз. Ішімізде әде­­­мі күресетін балалар болды. Әр күн сайын балалардың әдіс-тәсілі жетіліп, кәдімгідей шебер­лігі арта түседі. Жетінші сынып­та оқитын бір баланың маған қағысты үйреткені есімде. Тоғызын­шы-оныншы сыныптарда оқып жүрген кезде жыл сайын болатын аудандық фестивальдарда күресіп жүрдік.

– Қай аудан ол?

– Қостанай облысының Жан­гел­дин ауданы, ор­талығы тари­хи Торғай қала­сы, фестиваль сон­да өтеді. Фестиваль бағдар­ла­масында қаз­ақша күрес түрі болды. Менің салмағым – 48 кило.  Ауданның түкпір-түкпірінен небір мықты балалар жиналатын. Бас­ты қарсыласым өзім шамалас Тал­­ап дейтін бала еді. Ақтық сын­да ол екеуміз сіл­кілесіп жеңі­се алмай қина­ламыз. Асқар Байжұ­манов жақ­сы күресетін. Кей­ін белгілі дәрі­гер-хирург болды. 

– Орта мектепті тәмамдап Ал­ма­­тыға оқу­ға келген соң күр­ес­­­ті жалғас­тырдыңыз ғой?

– Орта мектепті бітірген соң, 1959 жылы Алматыға келдім. Мақ­сатым – жоғары оқу орынына түсу. Ол кезде екі жылдық өтіл дейтін болды. Былайша айт­қан­­да, он жылдықты бітірген соң екі жыл колхозда жұмыс іс­теу керек. Осындай өндірістен келген­дерге жеңілдік берілетін. Мені­мен бірге барған қазіргі жазушы-ғалым Қойшығара Салға­раұлы екі жылдық еңбек тәжіри­бесімен келді де, оқуға түсіп кетті. Бітіргеніме бір жыл болған мен түсе алмай қалдым…Енді не істеу керек?

– Иә, енді не істемексіз…

– Бір жылым босқа өтпесін деп бір жылдық оқу іздемеймін бе. Тағы біреулердің ақылымен кино механиктер даярлайтын мектепке бардым. Оған барған себебім: жатақханасы және стипен­диясы бар. Бірақ оқуға құлықым жоқ. Жас кез, әуейлік басым, бәрін үйренсем деген арман… Оқумен қатар дом­быра үйірмесіне қатысамын. Спортқа құштарлық боса-болмаса. Бір күні Сейфуллин көшесін бойлап келе жат­сам, төбесінде «Еңбек» спорт қоғамы» дейтін үлкен жаз­уы бар ғимарат тұр екен. Кі­р­іп бардым. Өзім қатарлы көбі орыс балалар сілкілесіп жатыр. Сұрас­тырсам еркін күрес бөлі­мі­­нің жат­тықтырушысы Сатсков (атын ұмыттым) деген орыс екен. Мән-жайды айтып, түсіндірдім. Бірден қабылдады.

– Ол кезде қазақша күреске арнал­ған үйірме жоқ шығар…

– Еркін күреске бардым ғой. Күреспен шұғылдана баста­ға­н­ыма тура төрт ай тол­ғанда рес­пуб­­ликалық дең­гей­дегі учили­щеаралық бірін­шілік өтетін бол­ды. Қатысушылардың көптігі сондай, үш күн күрестік. Ауылда жүр­ген­де қазақша күреспен көп айна­лысқандықтан болар, стой­када (түрегеп тұрып) жақ­сы күре­сем де, партерде нашар­лаумын. Сонымен қойшы, қарсы­ластарымды «стойкада» тұрып-ақ қағып түсіре бердім. Баяғы ауылда үйренген қағып тас­тау әдісіме көбісі шыдамады. Бірін­ші орынды жеңіп алдым.

– Салмақ баяғы 48 кило ма?

– Жоқ, 61 кило. Қандай бір жарыстың марапаттау кезі жақсы ғой. Мені тұғырға шыға­рып қойып, қолыма диплом ұстатып жатқан, біреу кеп артқы жағым­нан қапсыра құшақтап, әкетіп барады. Айналып қарасам, қазіргі жазушы-ғалым Қойшығара ағаларың мен Бағда деген досым екен.
Арада екі-үш ай өткенде квали­­фи­кациялық жарыс ұйым­дас­­тырылды. Онда да бірінші орын алдым. Сөйтіп жүргенде оқуға түсу үшін емтихан тапсыратын кез де жақындап қалды.

– Иә, Алматыға келгендегі мақ­сат КазГУ-ге түсу еді ғой…

– Иә. КазГУ-дің филоло­гия факультетіне емтихан тапсы­ру­ға дайындалып жүрдім. Бір күні көше бойлап келе жатыр едім алғашқы бапкерім Сатс­ков ұшы­ра­са кетті. «Қайда жүр­сің?» дейді маған кейіп. «Емти­хан­ға дайындалып». «Сен сөзді қой, ертең жаттығу залына кел, жарысқа қаты­сасың!» деді. Ертеңінде бар­дым. Өліп-тіріліп жаттығу жаса­дым. Келесі күні жарыс. Екі ай бойына жаттығуға келмегеннен кейін, денемнің бәрі салдырап, келесі күні, күреспек түгілі басыммен қайғы болдым. Тұңғыш рет жеңілістің дәмін таттым. Сондағы уайымдағанымды көрсең. Әжетханаға барып, еш­кім­ге көрінбей жылап алғаным есімде.

– КазГУ-ге емтихан тапсырып өтіп кеттіңіз…

– Иә, сол жылы оқуға түстім. Түс­кеннен кейін бокс үйірмесіне жазылайын деп бардым. Менің күрестен спорттық разрядым бар екенін естіп, бокс бапкері, ұмыт­па­сам, Рожков маған күреске бар деп ақыл берді. Сонымен не керек, Зифтириди деген тренердің тәрбие­сінде университетті бітір­ген­ше 5 жыл күрестік.

Үйірмеде менен басқа еркін күрестен «Спорт шебері» дәре­же­сін қорғап үлгерген Сағындық Жылқай­даров, Қайырбек Рым­жанов, Роберт Рахимов, Ата­ев, Гагиев деген жігіттер бар. Негі­зі­­нен алғанда еркін күрестен КазГУ-дің командасы өте мық­ты болды. Алматыдағы Дене тәрбие­сі институтының командасын ұтып кететінбіз.

– Күрес бол­ған соң қарсылас бола­ры сөзсіз. Сіздің басты қарсы­ласыңыз…

– Қарсылас деген көп қой. Жа­рыс­тарда мен аттап өте алмайтын бір адам болды. Ол – бірне­ше дүркін Қазақстан чемпионы Генадий Трунин. Өте мықты палуан. Шаршауды білмейді. Менің ең осал жерім – тынысым (дыхание) жетпей қалады. Екінші бір қателігім – кейде күресті тас­тап қойып домбыраға кетіп қа­лам, тағы да әртістік өнерді үйре­те­тін үйірмеге қатысып тұрам. Күрес­пен бірбеткей айналысуға уақы­тым жетпейді.

Спорт деген өте бір қызық әлем. Республика бойынша күр­ес­­ке қаты­сып жүрген жігіт­тер бірін-бірі жақсы таниды. Өзіміз бір қауым ел сияқтымыз. Кім­нің қалай күресетінін жат­қа білеміз. Көшеде кездессек туыс­қа­нымыздай қуана көрі­се­міз. Осын­дай бір топ пайда болады екен.

– Жалпы кілем үстінде әр­түр­­­лі сәт­сіздіктер де болып тұ­ра­­­тын шы­ғар?

– Әрине. Бір жарыста менің 1-орын алатын мүмкіндігім болып еді. Жоғары дәрежедегі әйгілі палуандар қатыспағаннан кейін, өз салмағымда негізгі үміт­кер мен болдым. Және қарсы­лас­та­рымның бәрін жеңіп жақсы келе жатқанмын. Ең соңғы екі кездесуім қалған. Одан өтсем, келесі күні – финал. Осы кезде жат­тықтырушымның жетіп кел­ме­­сі бар ма. «Қазір мен сені төрешілерден сұрап аламын. Моңғол палуандарымен кездес­ейік деп жатырмыз. Соған бара­сың», дейді. «Ойбай-ау, алдымен мына жарысты бітіріп алмаймын ба?» деймін ғой. «Бұған ертең келесің ғой, анау деген халық­аралық кездесу емес пе» деп бой бермейді. Ақыры бардым. Қарсыласым Олимпиада ойындарының жүлдегері өте мықты палуан екен, текетірескен ау­ыр кезде­­суден кейін мені ұп­ай саны­мен ұтып кетті. Ит­тей боп шар­­шап, жарысқа қай­тып орал­­дым. Менің кеше бола­­тын кездесуімді бүгінге ауыс­ты­рып­ты. Қарсыласым шығыс­қазақ­стан­дық орыс жігіті болатын. Іш­тей жеңетінімді сезгенмін, бір­ақ анандай тарамыс, төзімді болар деп ойламаппын. Қатты қарсы­лық көрсетті. Әйтсе де, ай­қын басымдықпен жеңдім. Бірақ өзім де әбден шаршадым. Мен өзім­нің жіберген қателігімді кейін сез­дім. Артымда соңғы кездесу тұрған­нан кейін, әлгіндей өліп-тіріліп күресудің керегі жоқ еді. Қажетті ұпайларды алғаннан кейін, күшті сақтап, жайлап күресу керек еді. Тәжіри­бенің аздығынан кейде ондай­ды ұмытып кетесің. Кез­де­су­ді аяқтап, дема­латын жерге ен­ді ғана оты­ра бергенімде, мені кі­­лемге қайта­дан шақырсын. Қал­­жы­­раған күйімде кілемге шық­­тым. Ұтылдым. Қолда тұр­ған жүлдеден осылай айрылдым. Кінәлі – алдымен өзімнің бап­ке­рім. Мені басқа жарысқа алып кетпе­генде, бәрі де басқаша болатын еді. Ал төрешілер болса, олар­­ға керегінің өзі сол. Маған тыны­­ғуға еш мүмкіндік бермей, әдейі шығарғанын біліп отырмын. Бірақ оған не істей аласың? Соңғы қарсыласым Дене тәрбиесі институтының студенті болатын. Төрешілер сол институтта жұмыс істегеннен кейін, жа­рыс кезінде өздерінің төл шә­кірт­теріне қалайда бүйрегі бұрады.

– Сол кезде сізбен қатарлас-қа­­нат­­тас кү­ресіп жүрген пал­уан­­­­дар кім­дер еді?

– Бірге күресіп жүр дегенмен, палуандардың дәрежесі әр түрлі. Мәселен, Әбілсейіт Айханов, Аман­гелді Ғабсаттаров сол кезде КСРО чемпионы болатын. Аман­гел­ді, ұмытпасам, 19 жасында ұлы палуан Әли Әлиевпен тең түсіп, 52 килода КСРО чемпионы болса, Әбілсейіт Олимпиада чемпионы Иваницкийді жеңіп чемпион болды. Кейін Иваницкий өзінің кітабында Айхановтан қал­ай ұтылғанын бір жарым бетке тәптіштеп суреттеп жазғанын оқыдым. Айхановтың бойы – 1.91 метр, салмағы 100 килодай, 97 кило салмақ дәрежесінде күресіп жүрді. Кейін 64 кило салмақта Аманжол Бұғыбаевтың аты шықты. Ол да КСРО чемпио­ны болды. Жалпы қазақ палуандары өте мықты еді. Қазір сол мүмкіндіктен айырылыңқырап қалған секілдіміз. Сырттан келген легионерлерді пайдаланып жүлдегер атанғанмен, ол атақтың бәрі уақытша.

Ол кезде әлем чемпионы бол­­ған­нан гөрі, КСРО чемпио­ны болу қиын. Өйткені, әлем чемпиондарының көбі КСРО азаматтары. Жалпы тоталитарлық мемлекеттерде спорт жақсы дамитын бір ерекшелік бар ғой. Қазіргі Кубаны көрмейсіз бе…

– Республикадан тыс жерде өт­кен жарыстарға барып жүрді­ң­із бе?

– КазГУ-дің үшінші курсында оқып жүргенде Белоруссияның Гомель қаласында өткен одақтық тур­нирге республика атынан бардым. Салмағым – 64 кило. Алматының қысына сай жұқа­лау пальто­мен шыққанбыз. Гомель­дің қы­сы қаталдау екен. Қо­нақ­­үйден спорт сарайына жаяу жет­кенше қатып қаласың. Бойы­мызды қыздыруға уақыт аз болды ма, әйтеуір алғашқы кез­де­суде-ақ, бірнеше жігіт біре­у­міз аяғымызды, біреуміз қолы­мыз­дың сіңірін созып ауыр­тып алдық. Мұндай жағдайда өз мүмкіндігіңді толық пайдаланып, қайрат көрсету қиын. Амал жоқ, осындай жағдайда кү­р­е­суге тура келді. Бірінші кез­де­суде ұтылдым. Одан кейін екін­ші, үшінші қарсыласымды ұт­тым. Төртінші қарсыласымды ұтқа­нымды өзім білемін, бір­ақ төрешілер көрер көзге әділет­сіз­дік жасап, менің ұпайларымды есептемей, қайта-қайта кілем сыртына қашып жүрген қарсыласыма ескерту жасамай, әбден зықымды шығарды. Ең соңында екеуміздің күресімізді тең қылып аяқтатты. Кейін білдім әлгі бала Минскіден екен. Төр­тінші кездесуде ұтылуға ту­ра келді, өйткені қолымның соз­ыл­ғаны одан әрі дұрыстап күр­ес­уге мүмкіндік бермеді. Сол тойға­ны­мыз­бен елге қайттық.

– Аманжол Бұғыбаев аға­мыз күреске сізден кейін келді ме?

– Біз оқуды бітірген жылда­ры күреске алақұйындатып Аман­жол Бұғыбаев келді. Оны ал­ып келген Әбілсейіт Айханов. Еке­уі бір ауылдың жігіттері. Әбіл­сейіт­тен «Бұғыбаев қандай?» деп сұраймын ғой. «Стойкадан бәрін қиратады» дейді ол. Содан кейін құлағыма сыбырлағандай болып: «Партерде кішкене шамалылау» деп күліп, ешкім естіп қоймасын деген­дей жан-жағына қарап қоя­ды. Аманжол шын мәнінде мықты палуан. Алматыда өткен КСРО чемпионатында Аманжол қола медальді жеңіп алды. Сол жолы дағыстандық Абдуллаев чемпион болды. Кейін ол Олимп биігін бағындырды. Осы Абдуллаевты Аманжолдың екі рет ұтқанын көзім көрді. Аманжол КСРО чемпионатында бір рет күміс медаль, одан кейін алтын медаль алды да тоқтады. Оны әлемдік үлкен додаларға жібермеді. 

– Бапкерлер жайлы, жалпы бап­керлік мектеп жайлы не айтасыз. Бапкер болу өнер ме?

– Бапкерлік дегеніміз, өте күрделі жұмыс қой. Нағыз бапкер спорттың сыртында, жақсы педагог, психолог болуы керек. Мен өз басым бапкердің тәрбиесін көп көрдім деп айта алмаймын. Қатар жүрген жігіттермен араласу, солардан үйрену арқылы, өзімізбен өзіміз боп күн кештік. Бапкеріміз – Зифтириди кезінде өте мықты палуан болған, қайратты кісі еді. Біздің күресімізге жаны күйіп, жанашырлық танытып жүреді. Бірақ бапкерліктің нәзік қырларына мән бере бермейтін.

«Сенің күресу тәсілің ма­ған келіңкірейді, саған өз тәжіри­бем­ді айтып көмектесейін» деп ма­ған біраз уақыт қамқор бол­ып жүрген спорт шебері Роберт Ра­химов деген адам еді. Мүм­кін осы кісінің қол астында жүйе­лі жаттыққанымда үлкен нәти­же­ге жетуім де мүмкін еді... Жазу­шы­лық құмарлығым басып кетті. 

– Ел-жұрт сізді жақсы күйші дейді…

– Домбыраның менің өмірім­нен алатын орыны үлкен деп айта аламын. Өзімнің де күй шыға­ратыным бар. Кезінде тіпті кон­серваторияға түссем деп қиял­да­ған кездерім болған… Бұл енді басқа әңігіме.

– Қазіргі жастар спортпен шұғылдануы керек, бұны бәрі­міз айтамыз. Бірақ осы іске жас­өспірімдердің ынта-ықы­ла­сын ояту қажет сияқты?

– Қазір жасөспірімдерге спорт­­­пен шұғылдану қиын. Бая­ғы­­­да тұрғын үйлердің арасын­да балаларға арналған спорттық аула­лар болатын. Мектеп жасын­да­ғы балаларымыз сонда футбол ойнап, біз балконда жанкүйер болып отыратынбыз. Қазір ондай спорттық аулалар жоғалды. Оның орнына сірестіріп сау­да үйлерін салып тастадық. Неме­ре­лерімізді спортқа берейік десек, спорттық клубтар алыс, әрі ақы­лы боп кеткен.
Жас­өспірімдер арасында бұ­қа­­­­ра­лық спорт түрін жандан­дыр­май, алыс ауылдардағы қаз­ақ балаларын іріктеп спортқа тарт­пай, ешқандай мандымаймыз. Қытайдан немесе Ресейден жолы болмай жүрген спортшы­лар­ды алып келіп, еліміздің аты­нан ғаламдық жарыстарға қосып, атақ алу, ұлттық спортты ұш­пақ­­қа жеткізетін жол деп айта алмай­мын.

– Осыған не істеу керек өзі…

– Дарынды балалар ауылда то­лып жүр. Соларды іздеп тап­сын, тәрбиелесін. Қашанғы өзі­міз­ді өзіміз алдап жүре береміз. Ол үшін ауыл балаларын спортқа тартатын арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Спорт ең алдымен – еңбек. Құдай берген аз ғана күшіңмен ұзай алмайсың. Еңбек керек. Ғылыми жүйеге негізделген тәртібі қатаң тәрбие болмаса, қанша дарынды болсаң да, биік дәрежеге көтеріле алмай­сың.

Спорт та – ғылым, әдебиет, өнер секілді ұлттық дамуымыздың бір түрі. Ұлы спортшылар ұлттың мақтанышына айналуға тиісті. Ал бү­гін еліңе келіп, абырой әпе­­ріп, ертең қайда кетерін біл­мей отырған көшпелі чемпион­дар қайдан сенің ұлттық мақта­ны­шы­ңа айнала алады? Сон­дық­тан бұл мәселеге мемлекеттік дең­гей­де кең қараған дұрыс деп ойлай­мын.

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»