Форумға қатысушылар мен шақырылғандардың бәрінің ойында тек халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына қаншалықты көмек көрсетілетіні алаңдатқан. Ал енді Елбасының съездегі сөзінен кейін бұл көмек көлемінің орасан зор болғанына қатты таңырқағанымызды жасыра алмадық. Күрделеніп қалған әлеуметтік мәселелерді шешуге 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлінгені бұрын-соңды болмаған жағдай еді.
Шешілуіне қаражат бөлінген барлық мәселелер маңызды. Соның ішінде мені қатты тәнті еткені – ауыл тұрғындарының ауыз су мәселесін шешуге қомақты қаражаттың бөлінуі. Әрине бұған дейін де осы мәселені шешуге миллиардтаған қаражат бөлінген, алайда ол жеткіліксіз болып еді. Көптеген облыстарда таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 50 пайыздан аспаған. Ал Батыс Қазақстан, Павлодар сияқты облыстарда одан да төмен. Әрине ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеру таза ауыз сумен қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Сондықтан бұл мәселе түбегейлі шешілуі керек-ті. Осыған Елбасы назар аударып, мәселені шешуге 150 млрд теңге бөлінсін деген талабы бізді қуантып отыр.
Сонымен қатар жергілікті жолдарды салу мен жөндеуге де қомақты қаражат қарастырылғаны көңілге жылылық ұялатты. Бізде ірі автомагистралдарды салу мен жөндеуге «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде қаражат табылып, қазір олар пайдаланылуда. Бірақ ауыл арасындағы, аудан ішіндегі жолдардың жағдайы сын көтермейтін еді. Сайлаушылармен кездескен сайын біздің алдымыздан үнемі осы мәселе шығатын. Кеше Президент өзінің сөзінде осы мәселе туралы айтып, әрбір адам өзінің үйіне дейінгі жолдың жақсы болғанын қалайды деді. Енді осы проблеманы шешуге қомақты қаржы бөлінгелі отыр. Сонымен бірге болашағы бар елді мекендерді анықтап, оларға толық жағдай жасау мәселесінің шешілетіні де бізді қанағаттандырып отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасынан халық үлкен үміт күтетіні белгілі. Осы шаралар іске асырылса – ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артатыны сөзсіз. Қазір көптеген елді мекендерде мал өсіруге, көкөніс плантациясын құруға, астық егуге қолбайлау болып отырған – жол мәселесі еді. Өйткені шағын кәсіппен айналысатын жандар жолы жоқ жерге бара қоймайтын, енді жол мәселесі шешілетін болса, ең шалғайдағы ауылдарға дейін шағын бизнес өкілдері баратын шығар деген үміт бар.
Маған тағы бір ұнаған мәселе – тұрмысы ауыр отбасылардың тұрғын үйлерге қолжетімділігін арттыру болып отыр. Оларға арналып арендалық үйлер салынумен қатар Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі арқылы 2-3 пайыздық қана өсіммен несие берілетін болды. Бұл да халқымыз үшін қуанышты хабар. Тұрмысы төмен мыңдаған отбасылар бұл жеңілдікті пайдаланатын болады. Елбасы өзінің сөзінде әкімдерге қаратып, «билік қолдарыңда бар, қаражат бөлінген, ендеше неге тапсырманы орындамасқа?!» деді. Сондықтан әкімдер білекті сыбанып жұмысқа кірісетін шығар деп ойлаймын.
Шавхат ӨТЕМІСОВ,
Мәжіліс депутаты