Бұл іс-шара 2018 жылғы қазандағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндия Республикасына ресми сапарының іс жүзіндегі жалғасы.
Дөңгелек үстел жұмысына Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі Анна-Мари Виролайнен, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының 40-тан астам өкілдері қатысты.
Сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары Е. Көшербаев отырысты ашып, инвестицияларды тарту механизмі, инвестициялық климат, шетелдік инвесторларға арналған салықтық жеңілдіктер туралы айтты.
«Елбасы инвестицияларды тарту мәселесіне жеке назар аударады, бүгінгі күні Қазақстанда инвесторларға барлық жағдай жасалып, инвестициялық климатты жетілдіру бойынша жұмыстар ұдайы түрде жүргізілуде. 2018 жылғы желтоқсан айында инвестицияларды тарту функциясы біздің министірлікке жүктелді. Қазіргі кезде «шетелдік кәсіпорындар-орталық-аймақ» форматында кешенді экожүйені қалыптастыру жұмыстары басталды», - деді Е. Көшербаев.
Іс-шара барысында «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ, «Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «KaukoInternational», «Finnish Water Forum», «AINS», «Nurminen Logistics» секілді компаниялардың жетекшілері өз таныстырылымдарын ұсынды.
Екі ел арасындағы тауар айналымы 2018 жылы шамамен 247 миллион АҚШ долларды құрады. Өткен жылы Қазақстаннан Финляндияға 115,7 млн. долларға тауар экспортталған. Негізгі экспорттық өнімдер - шикі мұнай, көмір, көмір шикізатын айыру өнімдері, қозғалтқыштар мен күштік станциялары, жүк машиналары, жер жұмыстарына арналған машиналары және жол-құрылыс техникасы.
Қазақстанға Финляндиядан 2018 жылы импорт көлемі 131,6 млн. АҚШ долларын құрады. Негізгі тауарлар: мұнай өнімдері, қағаз, дәрі-дәрмек пен сутек пероксиді.
Шара нәтижесінде «ТҮКШ жаңғырту қазақстандық орталығы» АҚ, «ТЭЖҒЗО типтік және эксперименталды жобалау ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және «AINS Group» арасындағы меморандумға қосымша үшжақты келісімге қол қою рәсімі өткізілді.
Финляндия Солтүстік Еуропа мен Еуро Одақтағы Қазақстанның негізгі әріптестерінің бірі болып табылады. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар саяси диалогтың жоғары динамикасымен, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін үлкен әлеуетімен сипатталады.