Шымкент қаласындағы мамандандырылған ХҚО үш жыл бойы мемлекеттік қызметтерді стандарттарға сәйкес қолданылатын бизнес-үрдістер бойынша жүргізуде. Мұнда күн сайын 200-ге жуық жүргізуші куәлігі беріліп, 1000-нан астам көлік құралдары тіркеледі.
«Онлайн режимдегі қызметті алу механизмі өте қарапайым. Ол үшін egov.kz порталына кіріп, өтінімді толтырып және өзінің жеке электронды цифрлық қолтанбасымен (ЭЦҚ) қол қойса жеткілікті. Өтінімге фотосурет және қолтаңбаның сканерленген суреті қоса жүктеледі. Жеке кабинетте құжаттың дайын екендігі туралы хабарлама алғаннан кейін (мобильді азаматтар базасына тіркелгеннен кейін SMS-хабарлама жолданады) мамандандырылған ХҚО – ға барып тек дайын жүргізуші куәлігін алып кетеді. Айта кетейін, жыл басынан бері онлайн режимде қала бойынша 80 астам автокөлік құралдары тіркеліп, 20 жуық жүргізуші куәлігі берілді», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директорының орынбасары Жомарт Үмбеталиев.
Өткен жылдан бері азаматтар өздеріне қолайлы кез-келген уақытта электронды үкімет порталы арқылы жүргізуші куәлігін алмастырып, автокөлікті қайта тіркей алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдейді және кезекке тұру қажеттігін болдырмайды.
Сала мамандарының айтуынша мұндай іс-шаралар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және «көмек» деп аталатын делдалдармен күресуге көмектеседі.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент