Қазақстан • 01 Наурыз, 2019

Еуропарламент депутаты Андрей Мамыкин «Алпамыс батырды» жырлады

567 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Латвия мемлекетінің азаматы, Латвиядағы Еуропарламент депутаты Андрей Мамыкин «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған эстафетаны қабылдап, «Алпамыс батыр» жырынан үзінді оқыды.

Еуропарламент депутаты Андрей Мамыкин «Алпамыс батырды» жырлады

Андрей Мамыкин - Латвия университетінің филология факультетін аяқтаған. 2014 жылдан бастап Еуропарламент депутаты қызметін атқарады.

Ол эстафетаны белгілі қазақстандық журналист, «Хабар» агенттігінің Бельгиядағы тілшісі Жанат Эрнсттен алып, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкоға жолдады.

Еске сала кетейік,  2018 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Тұлпар мініп, ту алған!» әдеби, тарихи-танымдық байқауы өтті. Байқауға Алматы қаласындағы 133 мектептен  500 мұғалім қатысып, 1300 оқушы «Алпамыс батыр» жырын жаттады. Қатысушылар ішінде 54 өзге ұлт өкілдері болды.

«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау мақсатында «Алпамыс жырын» оқудан эстафета ұйымдастырылған болатын. Эстафетаны 300-ден аса еліміздің танымал тұлғалары қолдады. Оның ішінде министрлер, депутаттар, облыс пен қала әкімдері, дипломаттар мен сот жүйесінің өкілдері, жоғары оқу орнының басшылары, ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, белгілі спортшылар болды.

Биылғы жылы Жобаның аясында 132 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын 50 000 оқушыға толық жаттату көзделуде.

Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық,қайсарлық қасиеттерге баулу. Байқау республика бойынша 6-10 сынып оқушыларының арасында өтеді. Байқау аясында қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, әзірленген сұрақтарға жауап береді.

Байқау республика бойынша 5 000 мектептен 50 000 оқушы мен 25 000 мұғалімді қамтиды деп күтілуде. Жеңімпаз атанған оқушылар мен оларды сайысқа баулыған ұстаздарды ақшалай сыйақылар күтеді.

Байқаудың ұйымдастыру комитеті – «Qazaq Epos» қоғамдық қоры.

Жобаны қолдаушы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, «Хабар» Агенттігі,  жергілікті атқарушы органдар.