Қазақстан • 01 Наурыз, 2019

«Астана Опера» солисі Айзада Капонова Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты атанды

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының солисі, «Құрмет» орденінің кавалері, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Капонова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының «Музыкалық өнер» аталымы бойынша лауреаты атанды.

«Астана Опера» солисі Айзада Капонова Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты атанды

Әнші сопрано Айзада Капонова туған сахнасында бірқатар қайталанбас бейнелерді жасап қана қоймай, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемнің ең мәртебелі сахналарында гастрольдік сапармен бірнеше рет өнер көрсеткен. Қазақстандық мәдениет қайраткерлерінің көптеген жетістіктерінің арқасында отандық өнер халықаралық аренада бағаланып, беделге ие болуда.

- Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты атану – мен үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш. Әртістердің ерен еңбегі мен шығармашылығын бағалағаны үшін Елбасы Қорына алғысым шексіз. Жастар жылы аясында көптеген жас адамдардың осынау сыйлықты алғаны ерекше маңызды деп ойлаймын, себебі ол бізге өсіп-өркендеп, одан әрі дамуымызға мүмкіндік береді. Отанымызды таныстырып, әлемнің үздік сахналарында өнер көрсету әрі Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қоса отырып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан зор жоспарларын іске асыру мүмкіндігіміздің барын мақтан тұтамыз, - деп атап өтті Айзада Капонова.

Еске салар болсақ, әнші Қазақ ұлттық музыка академиясын «Вокал өнері» мамандығы бойынша тамамдаған (профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Н.Омарбаев сыныбы, 2008). Оның жеңістерінің арасында – «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар байқау-фестивалінің ІІ сыйлығы (Астана, 2007); Халықаралық вокалистер байқауы (Алматы, 2013) мен Дж.Россини атындағы XV халықаралық байқаудың (Пезаро қ., Италия, 2018) І жүлделері, Н.Тілендиев атындағы Халықаралық байқау-фестивалінің Бас жүлдесі (Астана, 2015) бар. Вокалистің репертуарында М.Төлабевтың «Біржан – Сара», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Дж.Вердидің «Травиата» және «Риголетто», Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур», Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері», В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта» және т.б. опера жауһарларынан басты партиялар бар.

Ғылым, мәдениет және өнер саласындағы сыйлық 2008 жылы тағайындалғанын атап өткен жөн. Қордың ең құрметті марапаттарының бірі жас қазақстандық дарын иелеріне олардың өзіндік шығармашылық жобалары, ғылыми зерттеулері үшін беріледі. Сыйлық лауреаттарының қатарында – «Астана Опера» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Әйгерім Бекетаева, Сүндет Байғожин, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Медет Чотабаев, Мейір Байнеш, Талғат Мұсабаев; театр солистері – Бибігүл Жанұзақ (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері), Болат Есімханов, Татьяна Вицинская; опера труппасының концертмейстері Гаухар Тасбергенова және т.б. бар.

Соңғы жаңалықтар