Қазақстан • 01 Наурыз, 2019

Орал қаласында теракт жасамақ болғандар сотталды

602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында «құқық қорғау органдары мен әскерилерге қарсы «қарулы жиһад», яғни терроризм актілерін жасау үшін ұйымдасты» деп айыпталған топ мүшелеріне сот үкімі шықты.

Орал қаласында теракт жасамақ болғандар сотталды

Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құрамында Ж.Ескендиров, А.Исмурзин, Т.Карчегенов, Е.Балтабаев, Н.Айтболатов, С.Тлекбаев, Р.Жасталапов және кәмелетке толмаған Қ.Бргалиев болған қылмыстық топқа қатысты үкімді жарияланды.

Сот материалдарына қарағанда, 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында Ж.Ескендиров Орал қаласында «салафи жиһад» бағытын ұстанатын, діни радикалдық көзқарастағы А.Исмурзин, Т.Карчегеновпен танысып, Сирияға бармай-ақ Орал қаласында құқық қорғау органдары мен әскерилерге қарсы «қарулы жиһад», яғни терроризм актілерін жасау үшін ұйымдасқан террористік топқа (жамағат) бірігу жайлы талқылап, террористік топ құрған.

2018 жылы мамыр айында террористік топты құрушы Ж.Ескендиров, А.Исмурзин, Т.Карчегенов қатарына өзге де адамдарды тартып, діни уағыз жүргізіп, дiни алауыздықты қоздырып, терроризмді насихаттап, терроризм актілерін жасауға жария түрде шақырған. Олардың жоспарында Орал қаласындағы Абай полиция бөлімшесін жарып жіберу, полиция қызметкерлерін өлтіру, әскери бөлімге шабуыл жасау, тағы басқа заңсыз әрекеттер болған делінеді. Топ басшысы, яғни «әмір» ретінде Ж.Ескендировты сайлап, қалғандары оған ант берген.

Бұл мақсаттар үшін «ЗК» моделді 16-калибрлі және «ИЖ-18Е» моделді 12-калибрлі тегіс ұңғылы аңшы «шолақ» мылтықтарын оқ-дәрісімен тауып, ату тәсілін бір-біріне үйретіп, дайындалған.

Қылмыстық топ 2018 жылы маусым айының соңында Орал қаласында орналасқан Полиция бөліміне, №5517 ішкі әскери бөліміне және Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ғимаратына күтпеген жерден шабуыл жасауды жоспарлаған екен. Алайда, 25 маусымда Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті БҚО бойынша департаменті қызметкерлері террористік топты тұтқындаған.

Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үкімі бойынша 25 жасар Ж.Ескендиров пен 35 жасар А.Исмурзин Қылмыстық Кодекстің 174-бабы 3-бөлігімен (қылмыстық топпен жасалған діни алауыздықты қоздыру), 256-бабы 2-бөлігімен (терроризмді насихаттау), 259-бабы 2-бөлігімен (терористік әрекетті ұйымдастыру мақсатында кәмелетке толмаған адамды азғырып көндіру), 287-бабы 5-бөлігімен (қылмыстық топ құрамында қаруды заңсыз иемдену, тасымалдау, сақтау), 257-бабы 1-бөлігімен (террористік топты құру, оған басшылық ету), 24-бабы 1-бөлігі 255-бабы 4-бөлігімен (террористік актілер жасауға дайындалу) айыпты деп танылып, әрқайсысына түпкілікті 13 (он үш) жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

52 жасар Т.Карчегенов Қылмыстық Кодекстің 174-бабы 3-бөлігімен, 256-бабы 2-бөлігімен, 259-бабы 2-бөлігімен, 257-бабы 1-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігімен, 255-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, оған түпкілікті 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

19 жасар Е.Балтабаев пен 20 жасар Н.Айтболатов Қылмыстық Кодекстің 174-бабы 2-бөлігімен (адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, қасақана діни алауыздық қоздыру), 256-бабы 2-бөлігімен, ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігімен 255-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, (белгілі бір құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза тағайындау) арқылы түпкілікті 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

21 жастағы С.Тлекбаев та Қылмыстық Кодекстің 257-бабы 2-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігімен 255-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, (белгілі бір құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза тағайындау) түпкілікті 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

18 жасар Р.Жасталаповқа Қылмыстық Кодекстің 257-бабы 2-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігімен, 255-бабы 4-бөлігімен, ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, түпкілікті 5 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Топ мүшелерінің ішіндегі ең жасы, кәмелетке толмаған Қ.Бргалиев (16 жаста) Қылмыстық Кодекстің 257-бабы 2-бөлігімен, 287-бабы 5-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігімен 255-бабы 4-бөлігімен ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, түпкілікті 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Сот барлық сотталушыларды ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған деп шешті.

«Террористік топтың ең жас екі қатысушысы: Р.Жасталапов пен кәмелетке толмаған Қ.Бргалиевке тоқталатын болсақ, сот Р.Жасталаповтың денсаулық жағдайын, отбасының жалғыз ұлы екенін, топ басшысымен әкелінген қару туралы білмегенін, террористік топпен өткізілген бас қосу жиындарына екі рет қатысып, одан кейінгі жиындарға бармағанын, жастығын; ал Қ.Бргалиевтің кәмелет жасқа толмағанын, террористік топ мүшесі туған ағасы А.Исмурзиннің шақыруымен жалдаған пәтерде бірге тұруы салдарынан олардың азғыруынан топқа кіргенін ескеріп, оларды бас бостандығынан айырмай-ақ тәрбиелеп, түзетуге мүмкіндік бар деген қорытындыға келді» делінген журналистерге таратылған баспасөз парақшасында.

Айта кетейік, «заңда көзделген тәртіппен сот үкіміне шағым жасалған жағдайда сот шешімінің заңдылығы жоғары тұрған соттармен тексерілуі мүмкін» деп ескертеді Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан