Кеше сағат кешкі 22:18-де «101» Өрт сөндіру байланысының орталық пультіне Бұхар жырау көшесінде орналасқан тұрғын үйде электроқалқанның жануы туралы хабар түсті. Оқиға орнына тез арада мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылы жөнелтілді. Шақыру орнына жеткен кезде құтқарушылар 8 қабатты «Камал-4» тұрғын үй кешеніндегі пәтердің балконы мен жатын бөлмесінде жиһаз, оргтехника, киім-кешек сияқты заттардың жанып жатқанын анықтаған болатын. Өрт 15 шаршы метрді шарпыған.
«Түтін кіреберістің барлық қабаттарына таралып, тұрғындардың сыртқа шығу жолдарына кедергі келтіріп, адамдардың өміріне қауіп төндірген. Өрт орнына келген өрт сөндіру бөлімшелері өрт сөндіру кезекші қызметінің жалпы басшылығымен адамдарды құтқаруға кірісті. Құтқару жұмыстарына автосатылар және Газ-түтінен қорғау қызметінің буындары жұмылдырылды», – делінген Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жеке құрам жоғарғы қабаттардағы пәтерлердің терезелерінен баспалдақтың көмегімен 25 адамды құтқарып алды. Құтқарылғандардың 10-ы – балалар. Жалын сағат 22:46-та ауыздықталып, 22:58-де толықтай өшірілді. Алдын ала болжамдарға сәйкес өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуының салдарынан шыққан. Өрт салдарынан екі ер адам, бір әйел және екі бала иісті газдан орташа деңгейде уланып, ауруханаға жеткізілді. Өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖД 5 өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамның 23 адамы жұмылдырылды.