- Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Бұл ерекше мереке. Себебі 1-наурыз Елбасымыздың шешімімен Ассамблея күні және де Алғыс айту күні болып жарияланған болатын. Бұл елімізде тұрып жатқан барлық этностардың ынтымағы, бірлігі мен достығының нағыз символына айналған бірегей институт. Алғыс айту күні – бұл қиын-қыстау уақытты бірге өткерген және ең қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды бірге құрған азаматтардың бір-біріне деген өзара құрметінің, мейірімділігінің, достығының мерекесі. Бұл ортақ тарихымызға, жылдар бойы елімізде достық пен өзара түсінікті қалыптастырған аға ұрпаққа, біздің әкелеріміз бен аталарымызға деген құрмет. Сондықтан ортақ мерекеміз құтты болсын!, - деді салтанатты шарада сөйлеген сөзінде өңір басшысы.
Сондай-ақ мерекелік шараға жиналғандарды «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Эдуард Фрицлер, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абуязид Хасиев, корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий АН және тағы басқа этномәдени бірлестіктерінің өкілдері құттықтады.
- Бір кездері Совет үкіметінде Еділ бойы республикасы болған еді. Менің ата-анам сол жерде туған, 30 жасында қазақ жеріне көшірілген екен. Мен қазір70 жасқа келдім, осы жерде, Жымпиты ауданында дүниеге келдім. Өзімді Қазақстанның толыққанды азаматымын деп есептеймін. Ойлап қарасам, өткен өмірімде қуанышпен еске алатын сәттерім көп. Грузин, армян, еврей, орыс, қазақпен тату-тәтті араласып өстік. Өзім әлі күнге дейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етемін. Маған қарап-ақ Қазақстанның немістері қандай бақуатты жағдайда тұрып жатқанын көріңіздер. Мың да бір алғыс! - дейді Эдуард Фрицлер.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ
Батыс Қазақстан