Өнер • 04 Наурыз, 2019

Тамаша тандем салтанат құрды

1017 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жұмада «Астана Опера» театры сахнасында ерекше дауыс иесі Мария Мудряк (сопрано) пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Италия Жұлдызы» орденінің иегері Медет Шотабаевтың (тенор) «Музыка өнерінің жауһарлары» атты  шығармашылық кеші өтті.

Тамаша тандем салтанат құрды

Қазақстан мен Италия сахнасы­ның еркесіне айнал­ған қос талант­тың шығар­машылық тамаша танде­мін бельгиялық белгілі дири­жер Илья Машкевич сүйе­мелдеді. Илья Машкевич Ресей, Жапония, Фран­ция, Гер­мания және өзге елдерде жемісті еңбек етіп жүрген әлемдік деңгейдегі үздік музыканттардың қата­рында. Дирижерліктен бө­лек, шеберлік сабақтарын өт­кізіп, театр мен киноға арнап музыка да жазады. Ал айтулы концертті маэс­троның елордалық театр сахна­сындағы дебюті десе де болады. 

– Бұл – менің «Астана Опе­ра» театрындағы алғашқы жұмы­сым. Сондықтан да барынша тың­ғы­лықты да­йын­далып, көрер­мен­нің кө­ңілінен шығуға күш сал­­дық. Әлемдік музыка өне­рінің жау­һарларын ерекше талғаммен іріктеп концерт бағдар­ламасына қосып, соны жоғары кәсіби деңгейде алып шығуға тал­пындық. Мәселен, концерттің алғаш­қы бөлімінде Ан­тонин Дворжактың №9 симфо­ниясын «Астана Опера» театрының симфо­ниялық оркестрімен бірге орындаймыз. Дирижер ре­тіндегі менің басты ұста­нымым – бағыт­тау. Яғни олар ойнайды, мен тек бағыт­таймын. Дайындықтың ал­ғашқы минуттарында ор­кес­тр мен әрбір жекелеген музыканттың кәсіби дең­гейін бағалауға тырысамын. Содан кейін ғана музыканы қабылдаудағы өзімнің талдауымды ұсынамын. Бұл тұрғыдан келгенде солистермен де, театрдың сим­фо­ниялық оркестрімен де жақ­сы түсіністік, – деп атап өтті маэстро.

Қос бөлімнен тұратын кон­церт­тің алғашқы бөлімі чех композиторы Антонин Дворжактың атақты №9 сим­фониясымен ашыл­са, екінші бөлім во­калдық музы­каға арналды. Сопрано үнді Мария Мудряк пен тенор Медет Шота­баев тыңдарман назары­на опера өнерінің жауһарларын ұсынды. 

– Туған жерімде жүрегіме жа­қын қазақстандық көрер­менім – өзім хат-хабар алысып әрі кон­цер­ттерімде кез­десіп жүрген отандастарым мен жан­күйерлерімнің алдында есеп бе­ріп, өнерімді ортаға салғым келді. Бұл менің көптен бері ойда жүр­ген армандарымның бірі еді. Сон­дықтан да ерекше толқыныс үстіндемін. «Астана Опера» сахнасында өтетін бүгінгі концертке арнап таңдаған репертуарым негізінен менің өтке­німді, осы шағым мен ке­лешегімді қамтиды. Кон­церт шымылдығы шығар­машылық жолыма бастау болған Г.Дони­цеттидің «Дон Паскуале» опера­сын­дағы Но­ринаның ариясымен түріледі. Қазіргі шағым деп осы жылы Аустралиядағы Мель­бурн опера театрында өтетін дебю­тімді айтып отырмын. Онда Д.Мак­викар­дың әйгілі «Фауст» опера­сынан Маргаританың бас партиясын орындаймын, әріптесім – танымал тенор Саймир Пиргу. Ал болашағым деге­нім – қа­зірден бастап дайындап жүрген «Трубадур» операсындағы Леонораның ариясы. Бұдан бөлек, бағдар­ламаға енген Дж.Верди мен Дж.Пуччинидің опе­ра­ларынан орындалар керемет дуэттер де көрермен көңілінен шығады деп ойлаймын, – деді Мария Мудряк.

Концертте орындалған ғажайып дуэттермен қатар, «Астана Опе­ра» театрының жетекші солисі Медет Шота­баевтың жеке­лей орын­дауындағы бұған дейін елорда сахнасында шырқал­ма­ған У.Джорданоның «Фе­дор» опе­расындағы Лорис пен Дж.Пуч­чинидің «Тоска» операсындағы Кавара­дос­сидің ариялары, А.Лара­ның «Гранада» әні және тағы да басқа жаһандық музыка өне­рінің жауһарлары талғампаз тыңдарманның қошеметіне бөленді. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»