Қоларбадағы Азия чемпионы
Бізді спорт мектебіне бастаған аудандық Ішкі саясат бөлімінің маманының «Мұнда қол күресінен Қазақстан мен Азия чемпионы жаттығады» дегеніне әуелде сеніңкіремегенім рас. Себеп - «осындай тар бөлмеде Азия чемпионы қалайша жаттығып жүр?» деген ішкі күдік еді. Жоқ, жаттығып жүр екен. Сергей Андропов қоларбада отырып-ақ он екі мүшесі сау көп замандастарымыздан артық қайрат көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өз салмағында Қазақстан, Азия чемпионы атаныпты. Әлем чемпионатына барып, қолаға бір қадам жақындап, 4 орын иеленіпті. Бізді қоларбада күлімдей қарсы алған Сергей былтыр алтайлық екі жігіт – Медет Рақымов және Айнар Қасеновпен бірге «Zhas project» жобасына қатысып, бір миллион теңге ұтып алып, өздері жаттығатын залды спорттық құралдармен жабдықтағанын жеткізді.
«1 миллион теңгеге жатып көтеруге қолайлы орындығы бар жаңа штанга, қол күреске арналған төрт үстел, көп функциялы модуль, ал жоба аясында берілген стипендияға үшеуміз қосылып, әртүрлі гірлер сатып алдық. Біздің мақсатымыз – Алтай қаласында армрестлинг спортын дамыту. Былтыр біз жарты жыл бойы күн сайын жаттығу жасадық, әртүрлі жарыстар өткіздік. Балаларды да, ересектерді де тегін жаттықтырдық. Жоба тоқтап қалса да, осы ісімізді іркілтпей, әрі қарай жалғастырып жатырмыз. Осы ретте бізге екі бөлмесін ешқандай ақы сұрамай, тегін ұсынып отырған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұрат Байболовқа алғысымыз шексіз», - дейді Азия чемпионы.
Бір кезде Сергейді жаттықтырған, қазір онымен бірге өзгелерді қол күресіне баулып жүрген жоғарыда аталған мектептің қызметкері, армрестлингтен жаттықтырушы Медет Рақымовпен сөйлескенімізде 2018 жылы 40-тан астам баланы осы спорт түріне машықтандырып, шеберліктерін шыңдағандарын айтты. Қырық баланың ішінде құлағы дұрыс естімейтін, екінші топтағы және протезбен жүретін спортқа құштар балғындар да бар. Сергей Андропов екеуі қол күресіне құмар оқушыларды аптасына 5 рет жаттықтырады екен.
«10 баладан артық жаттықтыра алмаймыз»
Шәкірттері аудандық, облыстық жарыстарға шығып, біртіндеп нәтиже көрсете бастапты. Олардың арасында спорт шеберлігіне үміткерлер де бар. «Бізді аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов үнемі қолдап отырады. Спортшылардың жарыстарға баруына демеушілер тауып беруге көмектеседі. Алтайдың ауылдарындағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерімен келісіп, оқушыларын жарысқа шақырып тұрамыз. Бір ғана түйткіл, өзіңіз көріп тұрғандай, біз бөлменің тарлығына байланысты 10 баладан артық жаттықтыра алмаймыз. Оннан асса, ауа тарылып, сыймай кетеді. Әйтпесе қалада қол күресімен айналысқысы келетін балалар көп. Қысылмай-қымтырылмай спортпен емін-еркін шұғылданатын кеңірек зал болса деп армандаймыз. Үлкен зал болса, қол күресінің арасында жерге кілемді жайып жіберіп күресіп, груша қапты іліп, соққылап, денемізді қыздырып алуға да мүмкіндік туар еді», - дейді ол.
Екі бөлменің спортшыларға тарлық етіп жүргенін біз де байқағандай болдық. «Шіркін-ай, осындай спортқа құштар, кішкене бөлмеде жаттығып-ақ үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жүрген жігіттерге үлкен, кең де жарық спорт залдары қашан бұйырар екен?! Онда Азия емес, Әлем чемпионы шығарына ешқандай күмәніміз болмас еді» дедік іштей. Шағын шаһардағы қол күресімен шұғылданып жатқан жігіттердің әңгімесінен түйгеніміз, Алтай есімін иеленіп, жаңа бағытқа бет бұрған қалаға жаңа, үлкен спорт модулі қажет секілді. «Қалада 12 мектеп бар. Соның үшеуінде мың баладан оқиды. Қалған мектептерде 500-600, кем дегенде 400 оқушыдан бар. Алайда шаһарда жаттығатын орындар аз. Бұл – балаларға да, ересектерге де қатысты. Әрине, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі оқушылардың спортпен шұғылдануына барынша мүмкіндік жасап отыр. Десек те Алтай қаласында спортқа жаны құмар біз қатарлы тұрғындар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Олардың біразы «Қазцинктің» жаттығу залына барып жүреді. Онда бірде кіргізеді, бірде кіргізбейді.
Сондықтан қаламызға оқушылардың да, жастардың да, жасамыстардың да спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін үлкен спорт модулі салынса деген тілегіміз бар», - дейді өзінің ғана емес, Алтайдағы спортқұмар жұрттың арманын жеткізген Медет Рақымов.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы,
Алтай қаласы