Іріктеу кезеңінде өңірлік қолбасшылықтың намысын қорғау үшін Ақтау, Атырау және Ақтөбе гарнизондарынан 12 әскери қызметшіден 4 команда тартысқа түседі. Команда құрамына топ командирі, аға барлаушы, сапер, мерген, санитар, оқшашаршы, атқыш, гранатаатқыш, байланысшы, сондай-ақ резервтегі 2 әскери қызметші кіреді.
Сайыс барысында барлаушыларға 5 шақырымдық жүгіру орындауға, «Барлаушының соқпақ жолы» кедергілер кешенінен өтуге, ЖӘЖМ жүргізу машықтарын паш етуге және әртүрлі кіріспе міндеттерді пысықтауға, оның ішінде, шартты қарсыласқа торуыл ұйымдастыруға тура келеді.
Конкурс талаптарына сәйкес, барлаушылар барлық кедергілерді толық киім-кешекте еңсерулері тиіс. Оның салмағы шамамен 25 келіні құрайды. Бұл қару-жарақ, мина-жарылғыш және инженерлік құралдар, киім және медициналық мүлік, сондай-ақ бір тәуліктік құрғақ азық.
Биылғы жылы «Әскери барлау үздіктері» халықаралық байқауы Үндістанның Джайсалмер қаласында өтеді, ол өлкедегі сайысқа шөлді жердегі түнгі барлау этапын қосу мәселесі де қарастырылуда. Кезекті V «АрМИ-2019» халықаралық армия ойындары 2019 жылдың 3-17 тамыз күндері өтеді деп жоспарланған. Биыл ойындар Әзірбайжан, Армения, Беларусия, Иран, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Монғолия, Ресей және Өзбекстан сынды10 мемлекеттің аумағына өтеді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы