Аймақтар • 05 Наурыз, 2019

Балабақша тәрбиешісі бүлдіршінге қол жұмсады

1096 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында әлеуметтік желілер арқылы таратылған бейнежазба барлық өңір тұрғындары мен ата-аналардың наразылығын туғызды. Педагогикалық әдеппен мүлдем сыйыспайтын көрініс Қарғалы ауданына қарасты Бадамша ауылында болған.

Балабақша тәрбиешісі бүлдіршінге қол жұмсады

Осы ауылдағы «Айгөлек» балабақшасында педагогигкалық өтілі жиырма жылға жуықтаған жоғары санаттағы тәрбиеші бес жасар қызға қол жұмсаған. Бұл оқиға өткен  жылдың қыркүйегінде болса да, жабулы қазан жабулы күйінде қала берген. Тәжірибелі деген тәрбиеші де түк болмағандай қызметін бүгінгі күнге дейін атқарып келіпті. Ол өзінің дөрекі іс-қимылы әлеуметтік желілерде мәлім болғаннан кейін ғана қызметінен босатылған. Осынау теріс құбылыстың жарты жыл өткеннен кейін ғана анықталуы өңірдегі білім мен тәрбие беру ведомстволарының өз істеріне салғырт қарап келгенін, оқу мен тәрбие жұмыстарын жеткілікті бақыламайтындығын көрсетеді. Қазіргі күні өңірде балабақша тәрбиешісінің бес жасар балаға қарсы күш қолдануы - алдын алу жұмыстары жүргізілмегендіктен. Әрине, бұл жағдай өз кезегінде облыстық Білім басқармасына үлкен сын екені айтпаса да түсінікті.

Президент Жарлығына сәйкес Ақтөбе облысы әкімі болып тағайындалған Оңдасын Оразалин Бадамша ауылында болған оқиғадан тиісті қорытынды шығарылу керектігін айтты. Сонымен бірге өңірдің жаңа басшысы әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударған мәселе құқық қорғау органдарының айрықша бақылауында болу керектігін жеткізді. Мұндай жағдайда облыстық Білім басқармасы мен қала, аудан әкімдіктері Бадамша оқиғасының қайталанбауы үшін тиісті іс-шаралар кешенін белгілегені жөн. Сондықтан да қазіргі күні облыстың барлық мектептері мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде қажетті шаралар қабылдану үстінде.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті бүгінгі болған оқиғаның мән-жайын нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Осыған орай Қылмыстық кодексінің «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу туралы міндеттемесін орындамау» туралы 140-бабының 2-бөлігі бойынша алдын ала тергеу жұмыстары басталған. Демартамент пен облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен хабар осындай.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

 

Соңғы жаңалықтар