07 Ақпан, 2012

Президенттің орнын босатуын талап етті

313 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президенттің орнын босатуын талап етті

Сейсенбі, 7 ақпан 2012 8:03

Сирия оппозициясы әскери бөлімшелердің Хомс қа­ласын бомбалауы салдарынан кем дегенде үш адамның қаза тапқанын хабарлады. Кейбір дерек көздерінше, опат болғандар саны 10 адамды құрауы ықтимал.
Хомстың бір тұрғынына сілтеме жасаған Катардың «Әл-Жазира» телеарнасы өткен демалыс күндері Сирияда кем дегенде 88 адамның қазаға ұшырағанын жария етті. Жалпы, бұл ақпараттардың анық-қанығына көз жеткізу қиын. Осы аралықта АҚШ президенті Барак Обама Сирия басшысы Башар Асадты бейбіт адамдардың өліміне кінәлі деп айыптап, оның отставкаға кетуін талап етті.

 

Сейсенбі, 7 ақпан 2012 8:03

Сирия оппозициясы әскери бөлімшелердің Хомс қа­ласын бомбалауы салдарынан кем дегенде үш адамның қаза тапқанын хабарлады. Кейбір дерек көздерінше, опат болғандар саны 10 адамды құрауы ықтимал.
Хомстың бір тұрғынына сілтеме жасаған Катардың «Әл-Жазира» телеарнасы өткен демалыс күндері Сирияда кем дегенде 88 адамның қазаға ұшырағанын жария етті. Жалпы, бұл ақпараттардың анық-қанығына көз жеткізу қиын. Осы аралықта АҚШ президенті Барак Обама Сирия басшысы Башар Асадты бейбіт адамдардың өліміне кінәлі деп айыптап, оның отставкаға кетуін талап етті.

Уго Чавес Аргентина жағына шығады
Венесуэла президенті Уго Чавес Ұлы­британияға қарсы ықтимал соғыс жағ­дай­ында Аргентина жағына шығатынын мәлімдеді. «Венесуэла – соншалықты қуатты держава емес, бірақ импе­риа­лис­тердің кез келген басқыншылық әре­ке­тіне қарсы тұруға ерік-жігері жетеді», деді осы мәселеге орай У.Чавес.
Венесуэла басшысының бұл ұстанымы Ұлыбритания мен Аргентина таласып отырған Фолкленд аралдарына қатысты жанжалдың қайталануы мүмкіндігіне түсініктеме берген кезінде білдірілді. Аргентина мен Ұлыбритания арасындағы Фолкленд аралдарына байланысты кикілжің ақпан айының басында осында әскери қызметін өтеу үшін ханзада Уильям келгеннен кейін ушыға түскен еді.

Румыния үкіметі отставкаға кетті
Румыния үкіметі елдегі экономикалық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету үшін отставкаға кетеді, деп мәлімдеді осы елдің премьер-министрі Эмиль Бок. Оның мәлімдеуінше, мұндай қиын шешімге Румы­нияның болашағы үшін баруына тура келіп отыр.
Бок әріптестерін саяси шешімталдық танытуға шақырып, оларға жаңа үкімет құрамын тезірек анықтау қажеттігін атап көрсетті. Жыл басынан бері Румынияда Бок үкіметі мен ел президенті Траян Бэсескуге қатысты көптеген наразылық акция­лары жалғасқан болатын. Демонстранттар елді дағда­рыс­тан құтқаруға бағытталған қатаң экономика шараларына қар­сы көтерілген еді. Э.Бок ел үкіметі басына 2009 жылы келген еді.

Ұлттық келісім үкіметін басқара ма?
Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас­қа ХАМАС қоз­ғалысымен бірлесіп құрылып жат­қан ұлттық бірлік үкіметінің премь­ер-министрі лауазымы ұсы­ныл­ды. Бұл ұсынысты Катар әмірі шейх Хамад әл-Тани Махмуд Аббаспен және ХАМАС қозғалысы саяси бюросы­ның басшысы Халед Машальмен кездесуі барысында жасаған.
Аббас бұл ұсыныс туралы ойланып көруге уәде берген. Кейбір дерек көздері Аббас пен Машаль қазірдің өзінде қағидатты тұрғыда келісімге қол жеткізгенін мәлімдеп отыр. Осылайша Палестина автономиясының басшысы премьер лауазымын да иеленбек. Келіссөз барысында Ұлттық бірлік үкіметіндегі басқа орындарға кімдер баратыны туралы талқылау жүрмегенге ұқсайды.
Сайлауда Саули Ниинисте жеңіске жетті
Финляндия президентін сайлауда 63 жастағы консерватор Саули Ниинисте жеңіске жетті. 5 ақпанда өткен сайлаудың екінші турында Коали­циялық партия мүшесі Ниинистеге сайлаушылардың 63 пайызға жуы­ғы өз дауыстарын берген.
Оның қарсыласы, «Жасылдар одағының» өкілі Пекку Хаависто шамамен 37 пайыз дауыс жинаған. Сөйтіп, ол өзінің жеңілісін сөзсіз мойындаған. Сайлауға дауыс беруге құқы бар халықтың 69 пайызы қатысқан. Бұл жоспарланғаннан айтарлықтай аз. Сайлаушыларға ауа райының қолайсыздығы да кері әсер еткен секілді. С.Ниинисте бұған дейін қаржы министрі, парламент спикері және әділет министрі болған.

«Ингуштер геноциді» талқыланады
Грузия парламенті 1944 жылғы ингуштердің депортациясын тану туралы мәселе қарамақ. Осы жылы ингуштердің РСФСР мен Орталық Азия республикаларына күштеп қоныс аударылғандары белгілі. Талқы­лау ақпан айының соңына белгіленген.
Бұл ұсыныстың авторлары осындай шешім қабылдау тарихи әділеттілік болып табылатынын атап көрсетеді. Бірақ Грузия парламентіндегілер бұл ұсыныстың қанағаттан­ды­ры­ла­ты­нына күмәнмен қарайды. Мәселен, Грузия парламентіндегі диаспоралар мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Нугзар Циклауридің пікірінше, бұл өте күрделі мәселе. Комитеттің мұндай мәселені өз мойнына алуы да қиын. Сондықтан нәтиженің оң шешілетініне сенім аз.

Қысқа қайырып айтқанда:
* Мысыр басшылығы елдің экс-президенті Хосни Мүбәракті әскери госпитальдан Каирдегі түрме ауруханасына ауыстырумен байланысты дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Көпшілік бұрынғы ел басшысының госпитальдағы жағдайы тым жақсы екенін жақтырмаған секілді.
* Германия президенті Кристиан Вульфке 2010 жылы Skoda авто­кө­лігін жалға алуына байланысты министрлік заңын бұзды деген күдік білдірілді. Төменгі Саксонияның премьер-министрі болып тұрған кезін­де Вульф мәшинені ішкі бағам бойынша алса керек. Төменгі Са­ксо­ния­ның министрлік заңы бойынша, министрлер мен кабмин басшысына қызметіне орай сыйлықтар мен басқа да жеңілдіктер алуға құқы жоқ.
* Қазіргі кезде, бірінші кезекте, ауа райының қолайсыздығына байланысты Еуропа елдері газ тапшылығын сезіне бастады. Осы проблемаға байланысты Украина премьер-министрі Николай Азаров өз еліне де залалы тимейтіндей ахуал қалыптастыра отырып, «Газпромға» Еуропаны отынның қажетті көлемімен қамтамасыз етуге қолдан келген көмегін жасайтынын мәлімдеді.
* Филиппинде магнитудасы 6,8 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Цунами пайда болу қаупі туралы ескерту жасалған жоқ. Әзірше бір адамның ғана опат болғаны жайында ақпарат бар.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.