Чемпиондық белдікті жиырмаға жуық палуан сарапқа салады. Олардың ішінде бірде бір кәсіпқой спортшы жоқ. Бірақ оларды бүкіл Қазақстан халқы таниды.
Татамиге танымал әртістер мен музыканттар шығады. Боз кілемде Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардак Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және басқалары белдеседі.
Жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін, әсіресе қазақ күресін дамыту және дәріптеу, сондай-ақ жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу. Турнирді ұйымдастыруға Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы, Қазақ күресінен Қазақстан федерациясы, «Хабар» телеарнасы және «Айтыс- асыл мұра» қоғамдық қоры мұрындық болды. Ережеге сәйкес, дүбірлі додаға 16-36 жас аралығындағы шығармашылық маман өкілдері қатыса алады. Ақпан айының ортасында қатысуға ниет білдірген палуандар Алматыда оқу-жаттығу жиынынан өтті.