Барлық активтеріне тосқауыл қойды
Сәрсенбі, 8 ақпан 2012 7:57
АҚШ президенті Барак Обама Иранның Америка аумағындағы барлық мемлекеттік активтерін тоқтатып тастау туралы өкім шығарды.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, мұндай қадам Иранның орталық және басқа да банктеріне күшті қысым жасауға мүмкіндік береді. Әйтпесе, олар өздерінің транзакцияларын жасырып, халықаралық санкцияларды айналып өтуге үйреніп алған. Обама сондай-ақ жаңа шектеулер шет елдердегі Иран банктерінің жұмысын да қиындата түсетінін хабарлады. Бұл Иранның сыртқы сауда айналымын, бірінші кезекте, мұнай экспортын жүзеге асыруды қиындатады деп күтілуде.
Сәрсенбі, 8 ақпан 2012 7:57
АҚШ президенті Барак Обама Иранның Америка аумағындағы барлық мемлекеттік активтерін тоқтатып тастау туралы өкім шығарды.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, мұндай қадам Иранның орталық және басқа да банктеріне күшті қысым жасауға мүмкіндік береді. Әйтпесе, олар өздерінің транзакцияларын жасырып, халықаралық санкцияларды айналып өтуге үйреніп алған. Обама сондай-ақ жаңа шектеулер шет елдердегі Иран банктерінің жұмысын да қиындата түсетінін хабарлады. Бұл Иранның сыртқы сауда айналымын, бірінші кезекте, мұнай экспортын жүзеге асыруды қиындатады деп күтілуде.
Тіркеу мерзімі ілгерілетілді
Египет президенттігіне кандидаттарды тіркеу датасы 15 сәуірден 10 наурызға ілгерілетілді. Мысыр сайлау комиссиясы өкілінің айтуынша, науқанды ертерек бастау туралы шешім билікті әскерилерден азаматтық институттарға беру үдерісін жеделдетуді талап етіп отырған түрлі саяси топтардың қысымы нәтижесінде қабылданған.
Алдын ала бекітілген жоспар бойынша президенттік сайлауда дауыс беру үстіміздегі жылдың 20 маусымында өтуі тиіс. Бірақ әзірше бұл датаның да ілгері жылжытылатыны немесе алғашқы жоспар бойынша қалатыны белгісіз. Соңғы бірнеше күн бойы Мысырдың ірі қалаларында жаппай демонстрациялар мен тәртіпсіздіктер жалғасып жатыр. Олар да биліктің тез арада азаматтық үкіметке берілуін талап етуде.
Өзбекстан «тәжік шпиондарын» ұстады
Өзбекстанда 4 адам көрші Тәжікстан пайдасына жансыздық жасады деген айыппен түрмеге қамалды. Өзбек жағының мәлімдеуінше, бұл адамдар Өзбекстан азаматтары болып табылады және құпия ақпараттар жинаумен айналысқан.
Сот ұсталғандарды 14 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге түрмеге жапты. «Шпиондық желіні» Тәжікстанның бұрынғы дипломатиялық өкілі Бахтыбек Назархудоев пен Тәжікстанның бұрынғы ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Абдулло Назаров ұйымдастырыпты. Соңғы жылдары Өзбекстан мен Тәжікстанда жансыздық жасады деген айыппен ондаған адам сотталып отыр.
Мальдив Президентін отставкаға кетірді
Мальдивтегі жаппай демонстрациялар ел президенті Мохамед Нашидтің отставкаға кетуіне алып келген. Бұл ақпаратты жергілікті әскерилер таратты. Мемлекет басшысының міндетін елдің вице-президенті Мохамед Вахид уақытша атқаруға кіріскен.
Нашид бүгінде Мальдив қарулы күштерінің штаб-пәтерінде қауіпсіздікте отырған көрінеді. Ал Мальдивтегі шерулер осыдан үш аптадай бұрын, Нашид ел қылмыстық сотының басшысын тұтқындау туралы бұйрық шығарғаннан кейін басталған болатын. Ел халқы қылмыстық сот басшысы қамауға заңсыз алынды деп санайды. Мальдив өзінің тәуелсіздігін Ұлыбританиядан 1965 жылы алған болатын.
Түріктермен араға дуал қояды
Грекия Түркиямен шекарасына дуал орнатады. Бұл Еуропалық Одақты заңсыз мигранттар ағынынан қорғауға мүмкіндік береді. Аталған жобаны жүзеге асырумен айналысатын жедел орталық кешен құрылды. Бұл туралы азаматтарды қорғау министрі Христос Папуцистің сайтында хабарланған.
Тікенек сымдармен бекемделетін қоршаудың биіктігі 4 метр, ал ұзындығы 10 шақырымдай болмақ. Дуал Грекияның солтүстік-шығысындағы Кастаниес ауылы мен Неа Висса ауылы аралығына орнатылады. Бейнекамералармен қамтамасыз етілетін құрылыс наурыз айында басталса, оның құны шамамен 3 миллион еуроны құрайды делініп отыр. Дуал қыркүйек айында дайын болмақ.
Ресей үшін 2011 – «ең жемісті» жыл
Ресейдің арнайы қызметтері 2011 жыл бойы шет мемлекеттердің мүддесі үшін барлау қызметін жүзеге асырған 199 адамды анықтаған. РФ президенті Д.Медведевтің сөзіне қарағанда, шпиондардың 158-і агенттер болса, 41-і шет мемлекеттер арнайы қызметтерінің кадрлық қызметкерлері болып табылады.
Агенттердің 26-сы Ресей азаматтары екен. Сондай-ақ мемлекет басшысының айтуынша, арнайы қызметтер былтыр 8 лаңкестіктің алдын алған. Барлығы террорлық бағыттағы 94 қылмыстың жолы кесілген. Алайда, дейді Д.Медведев, мұндай қылмыстардың санын түбегейлі азайту әзірше мүмкін болмай отыр.
Қысқа қайырып айтқанда:
* Ресей президенті Д.Медведев Франция президенті Н.Саркозимен телефон арқылы Сириядағы жағдайды талқылаудан бас тартқан.
* Еуропада газ бен электр қуатына баға күрт өсіп кетті. Лондон биржасында газ 28 пайызға қымбаттаған. Бұл проблема ауа райының күрт сууына байланысты туындап отыр.
* Ресей премьері В.Путин өз елінде саяси тұтқындар бар деген фактіні теріске шығарды. Құдайға шүкір, бізде кейбіреулер қалайтындай саяси тұтқындар жоқ, деді ол.
* Украинаның құқық қорғау органдары контрабандашылар Коста-Рикадан ананастың ішіне жасырып әкелген кокаиннің ірі партиясын тәркіледі. Салмағы 38 кило тартатын жоғары сапалы есірткі теңіз жолымен әкелінсе керек.
* Тәжікстанда күннің күрт суытуынан жалпы білім беретін мектептердің барлығында оқушылар сабақтан босатылды. Мұндағы аяз соңғы күндері минус 15 градустан түспей тұрған көрінеді.
* Филиппиндегі жер сілкінісінен кем дегенде 43 адам опат болған. Өңірде цунами қатері жоқ делініп отыр. Ал жер сілкінісінің магнитудасы 6,8 балл болған еді. Зілзаладан жолдар мен көпірлер, электр желілері зардап шеккен.
* Украинада ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқарманың бұрынғы қызметкері И.Гончаров жетекшілік жасаған погон таққан банды мүшелеріне үкім шығарылды. 13 адамның 2-уі өмір-бақи түрмеде отыруға кесілсе, қалғандары 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.