Қазақстан • 05 Наурыз, 2019

Сенат депутаты Ә.Бектаев Кентау қаласында активпен кездесті

1227 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Кентау қаласында болып, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қала және ауылдық округтердің, мекемелер мен өндіріс орындарының және шаруа қожалықтарының басшылары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат депутаты Ә.Бектаев Кентау қаласында активпен кездесті

Сенатор жұртшылықпен жүздесуде Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде айтқан әлеуметтік бастамаларын жан-жақты түсіндірді және Парламент Сенатындағы заң шығару жұмыстарының барысымен таныстырды. Ә.Бектаев съезде айтылған негізгі үш әлеуметтік бастамаларға айрықша тоқталып, аз қамтамасыз етілген отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, табысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау саласының сапасын жақсартуға, жергілікті аймақтарды кешенді дамыту мәселелеріне баса назар аударылатыны және алдағы уақытта атқарылатын шаруалар көп екенін айтты.

Кездесу барысында бірқатар сауалдар да қойылды. Кентау қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы И.Жұмабаев депутатқа Кентау-Түркістан автожолын күрделі жөндеуден өткізуге ықпал жасағаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, Кентау қаласын экологиялық аймаққа енгізу мәселесінің Үкімет деңгейінде шешілуіне көмектесуді сұрады.

Кентау қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы М.Абдуллаев қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын, алдағы уақытта осы салада төтенше жағдайлардың алдын-алу, газды пайдалану ережелерін халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы «газ инспекциясы» мекемесін құруға жәрдемдесуді өтінді. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан мерекелік шараларда от шашу, оларды пайдалану барысында бірнеше оқыс жағдайлардың орын алуға байланысты арнайы мамандандырылған мекеме арқылы өткізу мүмкіндігін және оларды тұрғындарға сатуға тыйым салу қажеттігін айтты.

Қалалық мәслихаттың депутаты М.Тұрысбеков жұмыссыздық мәселесіне, аз қамтамасыз етілген отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды және білім беру мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру, жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет тарапынан арнайы жұмысшы тобын құрып, тиісті мониторинг жүргізуді өтінді. Сонымен қатар, Кентау қаласының экологиялық мәселесін Үкімет деңгейінде шешуге ықпал етуді сұрады.

Кентау қаласы, Бүргем елді мекенінің тұрғыны Қ.Айтбаев қалаға қарасты мөлтек аудандарда мал шаруашылығын дамыту үшін қосымша жайылымдық жерлерді қарастыруды сұрады. Қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі С.Адыршаев физика, математика және химия пәндерін үш тілде оқыту мәселесі бойынша ұстаздарды кеңінен дайындау қажеттігін, қалалық мүгедектер қоғамының мүшесі Р.Нұрылла мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мәселесі бойынша жеке қабылдауды өтінді.

«Қалалық әжелер алқасы» қоғамдық бірлестігі атынан жазбаша сұрақ беріліп, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және оны төлеу тәртібі бойынша ұсыныс білдірді.

Кездесу барысында айтылған ұсыныс-пікірлерге, сұрақтарға сенатор Ә.Бектаев жауап берді. Жүздесуге қатысқан қала әкімі Ғ.Рысбеков кездесуді қорытындылап, Сенат депутаты Ә.Бектаевқа алғыс білдірді және жұмыстарына табыс тіледі.