Тайынша ауданындағы кездесуде сенаторлар облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев және аудан әкімі Иван Турковпен бірге «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамалары туралы айтып, тұрғындарды, әсіресе ауыл еңбеккерлерін әлеуметтік қолдауға қатысты бағыттарына тоқталды.
Ең алдымен, бұл тұрғындардың аз қамтылған топтары үшін 2-3 пайыз көрсеткішімен жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру; арнайы әлеуметтік көмек деңгейін күн көріс көлемінің ең төменгі деңгейінен 70 пайызға дейін арттыру; мүгедек балалары бар отбасыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға дейін ұлғайту; медициналық-санитарлық көмек шығындарын 40 пайыздан 60 пайызға дейін арттыру; бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын 30 пайызға дейін арттыру және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу туралы айтылды.
Жүздесуде Тайынша ауданының тұрғындары сумен қамту және көлік инфрақұрылымы мәселелерін көтерсе, Аққайың ауданының Рублевка және Власовка ауылдарының тұрғындары ауылдық жерлерде тұратын азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселесі алаңдатып отырғаны сөз болды. Атап айтқанда, көпбалалы аналарға «Күміс алқа» төсбелгісін беру тәртібіне қатысты сұрақтар көптеп қойылды.
Одан басқа, кездесуге қатысушылар ауылдық жерлердегі мектептерде жан басына қарай қаржыландыруды енгізудің жөнсіздігі, мұғалімдердің өндірістен қол үзбей сырттай білім алуды қайта жандандыру және басқа да көптеген мәселелер көтерілді.
Депутаттар тұрғындарды алаңдатқан көптеген сауалдарға жауап беріп, басқа да ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдарда пысықтау үшін жазбаша түрде Сенатқа жолдауды сұрады.
Сенаторлар «Иван Зенченко» тауарлы-сүт фермасында болып, өндіріс үдерісімен танысты және еңбек ұжымымен кездесті.
Аудан тұрғындары Елбасы тапсырмаларының уақытылы берілгендігін атап өтіп, алға қойылған барлық міндеттерді сапалы іске асыруға болатынына кәміл сенеді.