Катонқарағайда ерекше шипажай ашылады
Соңғы жылдары медициналық туризмді өркендетуге елімізде де көңіл бөліне бастады. Осы туризм түрін дамытуға сұранып тұрған өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан, оның ішінде Катонқарағай ауданы. Төр Алтайдың баурайындағы өңір бүгінде туристерді негізінен жаз маусымында ғана қабылдап жүргені ешкімге жасырын емес. Мамандар Катонқарағайда туризммен жыл он екі ай, қысы-жазы тоқтаусыз шұғылдануға болатынын айтады. Катонқарағайда медициналық туризмді мықтап қолға алуға облыс әкімдігі де ықылас білдіріп отыр.
Жақында Өскеменде өткен халыққа есеп беру кезінде өңір басшысы Даниал Ахметов Катонқарағай ауылындағы №2 аудандық аурухана базасында «Алтай» шипажайы ашылатынын жеткізді. Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені Катонқарағай ауылы – бұрынғы аудан орталығы. Мұны бір деңіз. Екіншіден, осы ауылдағы аудандағы халық санының көп кезінде салынған емхананың жартысына жуығы пайдаланусыз бос тұр. Үшіншіден, шипажай ашылса талай адам өзіне жұмыс тауып, шекара шебіндегі ауылда тіршіліктің қыз-қыз қайнайтыны анық. Айтпақшы, былтыр осы аурухана жекенің қолына өтеді деген әңгіме шығып, аудан тұрғындарының наразылығын тудырғаны да есімізде. Облыс әкімі 23 ақпанда Катонқарағай ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, шипажай ашу мәселесін жан-жақты пысықтап қайтты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген шипажайдың жоба-жоспарымен мұқият танысты. «Алтай – түбі бір түркі жұртының атамекені. Осы жерде керемет тарихымыз жатыр.
Жылына 20 мыңдай турист келеді. Сондықтан Катонқарағайда туризмді де, медициналық туризмді де дамытуға болады. Бұл ғимаратқа жергілікті кәсіпкерлер алдымен шетелден келгендерге ұялмай көрсететіндей жөндеу жасасын, ал біз заманауи медициналық құрал-жабдықтар алып берейік. Келушілерге қажетті кинотеатр, ұлттық тағамдар әзірлейтін мейрамхана да ашайық. Елімізден сынықшы, тағы да басқа халықтық емшілерді жинайық. Ал аудан орталығында әуежай ашу мәселесіне келсек, одан гөрі Алтай мен Үлкен Нарын арасына жақсылап жол салған маңызды. Сонда тұрғындар Үлкен Нарыннан Өскеменге екі жарым сағатта жетеді. Дегенмен, бұл мәселені жақсылап ойлану қажет», деді Д.Ахметов тұрғындармен кездесуде.
Қазіргі уақытта осы істің басы-қасында жүрген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, шипажайда Алтайдың емдік шөптерімен, қымызбен, батпақпен емдейтін кабинеттер мен халықтық медицина бөлімі ашылмақ. Жаңа шипажай үш жұлдызды стандартқа сәйкес болып, мұнда бір мезетте 90 адамға дейін емделуі тиіс. «Шипажайды ашудағы мақсатымыз – ең әуелі Катонқарағайдың туристік әлеуетін нығайту. Қазір мұнда туристер негізінен жаз кезінде ғана келеді. Әрі кетсе екі-үш ай. Зерделеп қарағанымызда олардың жекеменшік демалыс базаларына баратынына көз жеткіздік. Аталған демалыс базаларында білікті медицина мамандары жоқтың қасы. Демалушылардың қан қысымын, сараптамаларын дұрыс тексермейді. Енді шипажайға келушілерді білікті мамандар қарап, рентгенге, УДЗ-ге (Ультра дыбыстық зерттеу) түсіріп, денсаулықтарын жіті тексеретін болады. Катонқарағай ұлттық саябағында 18 туристік бағыт бар. Жаяу да, атпен де серуендеуге, Бұқтырмаға барып балық аулауға болады. Қайыққа отырып күркіреген өзенге саяхат жасап, экстремалды спорт түрімен шұғылдануға да мүмкіндік бар. «Рахман қайнары» шипажайы өз алдына. Жалпы, Катонқарағайдың туристерді жыл бойы қабылдауға толық мүмкіндігі бар. Қыста шаңғы тебуге болады, жазда туристерге 100 жылдай уақыт бұрын салынған Аустрия жолын неге көрсетпеске?! Шипажайда иппотерапия, ине терапиясы, қымыз терапиясын дамытуды көздеп отырмыз. Керек болса, өзіміздің мамандарымызды оқытамыз. Қытайдың Алтай ауданында халық медицинасын жақсы меңгерген мамандарды осында тартып немесе өзіміздің азаматтарды сол жаққа жіберіп, тәжірибе алмасу ойымызда бар», дейді ол.
Алтайда 100-ден астам емдік шөптер бар
2010 жылы 93 жасқа қараған шағында өмірден өткен этнограф Жағда Бабалықұлы ақын Қасымхан Бегмановқа берген «Этнографпен әңгіме» сұхбатында өзінің емдік шөптерді жинаумен Қытайда жүрген кезінен бастап айналысқандығын, дүние жүзінде өсімдіктердің 500 мыңдай түрі барлығын, соның 220 мыңдайы – суда, қалған 280 мыңдайы құрлықта, ал елімізде өсімдіктің 6 мыңнан астам түрі өсетіндігін, мұның ішінде тек дәрі ретінде пайдаланылатындарының өзі 500-ге жуық екендігін айтқан еді. Қазақтың салт-дәстүрінің білгірінің сондағы шөппен емдеуге қатысты мына бір сөзі ерекше есте қалыпты. «Жалпы, шөппен емдеу – өте керек, қажет нәрсе. Өйткені біз медицинада бір апатты тауып алдық. Ол – химиялық дәрілерге тым арқа сүйеп кеткендігіміз. Ал шөп дәрілерге мұрнымызды шүйіре қараймыз. Көптеген шөптер адамның, хайуанның ауруына ем болады. Мен өзім Қытайда жүргенде мынадай бір сұраққа жауап іздедім. Қытайлармен бір ауамен тыныстап, бірге жасап жатырмыз ғой. Біз өспейміз, олар күн санап көбейіп жатыр. Мен әрі ойланып, бері ойланып, іздеп жүріп, мынадай қорытындыға келдім. Қытайдың кемпірлері мен шалдары жүздеген шөпті жинайды. Ананың баласы ауырып қалыпты десе, мына шөпті апар, іші ауырып жатыр екен десе, онда мынаны пайдаланыңдар, суық тиіп қалыпты десе, мына шөпті апар дейді. Көрдің бе, жүздеген шөпті жинайды. Әр шөп әртүрлі ауруға шипа. Біз шөпті табанымызға басып жүріп, соны жинамаймыз. Соның пайдалы екенін біле тұра мән бермейміз. Жалпы алғанда, шөпке көңіл аудару қажет. Менің өзімнің ойым, біздің медицинаға қосымша екі факультет керек. Шөп дәрілерімен айналысатын және қазақтың көне сынықшылығымен айналысатын екі факультет ашылса, құба-құп болар еді» деп сөзінің соңында өзінің ұсынысын жеткізген еді. Міне, бүгінде этнограф армандаған факультеттер ашылмаса да, Шығыста шипажай ашу ісі қолға алынып жатыр.
Емдік қасиеті бар шөп дегеннен шығады, Шығыс Қазақстан аумағында мұндай шөптердің саны қанша екендігін ешкім тап басып айта алмас. Десек те, Алтай тауының саясындағы Катонқарағай мен Марқакөлде емдік шөптердің аз емес екені анық. Бүгінде Глубокое ауданының әкімі қызметін атқаратын Катонқарағай ауданының тумасы Қалихан Байғонысовтың айтуынша, Алтайда «Қызыл кітапқа» енген 100-ден астам емдік қасиетке ие шөптер бар. «Бұл шөптер халық медицинасында бұрыннан қолданылады. Бала кезден жақсы білеміз. Марал шөп, алтын тамыр, қара жидек, қызыл жидек, шәңкіш деп жалғасып кете береді. Қарақаттың да емдік қасиетке ие үш-төрт түрі бар. Осының бәрі Катонқарағайда ашылатын шипажайға енгізілсе жөн болар еді», деген ол Катонқарағайда аңшылық фото туризмін де қолға алуға болатындығын жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы