Қазақстан • 06 Наурыз, 2019

Бағдарлама жаңа қарқынмен жалғасады

1336 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндады.

Бағдарлама жаңа қарқынмен жалғасады

Жол – ел игілігі

Р.Дәленовтің айтуынша, көлік ин­фра­құрылымын дамыту аясында жалпы 4,6 мың шақырым жол құрылысы және жаңғырту жұмыстарымен қамтылды және 2018 жылдың қорытындысы бойын­ша 528 ша­қырым жол қозғалысы ашылды. 928 шақы­рым темір жолға күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Қостанай облысы мен Семей қаласының әуежайында ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары аяқталды. 

2018 жылы 172,7 шақырым инже­нер­лік желілер салынып, тозуы 60 пайыз­дан 57 пайызға дейін төмендеді. Бағдарламаны іске асыру 2018 жылы ІЖӨ өсіміне үлес қосып, 86 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Ал Р.Скляр «Нұр­лы жол» бағ­дарламасы аясын­да ав­тожол жобаларын іске асыру жал­ғасқанын атап өтті. Бағдар­ламаны іске асы­ру басталғаннан бері автожол са­ласында 2,4 мың шақырым респуб­ликалық маңызы бар автожол салынды және қайта жаңғыртылды.

«Нұр Отан» партиясының съе­зін­де Мемлекет басшысы бер­ген тапсырмаға сәйкес, жергілік­ті жолдар желілерін да­мы­туды қар­жы­ландыру жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл 2025 жылдың соңы­на қарай 35 мың шақырым жол­ды жөндеп, жергілікті жолдардың 95 пайызын қа­нағат­танарлық деңгейде жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар азаматтық авиа­цияда көрсеткіштердің тұ­рақты өсімі байқалды. 2018 жылы транзиттік жолаушылар саны 45 пайызға артып, 900 мың адам­ды құрады. 2020 жылы тран­зит­тік әуе жолаушыларының саны 1,6 млн адамға жетеді.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде 3259,7 шақы­рым жылумен, сумен қамту және су тарту желілері, 24 қазандық, 71 басқа да нысан салынды. 2019 жылы 175 шақырым инженерлік желіні қайта жөндеу мен салуға 37,9 млрд теңге қарастырылған.

Инфрақұрылымдық дамудың жаңа саясаты

Р.Склярдың айтуынша, әзір­ле­ніп жат­қан бағдарлама аясында инфрақұ­ры­лым­дық дамудың жаңа саясаты ай­қын­далды. Осы бойын­ша облыстық және аудандық дең­гейдегі инфра­құ­рылымдарға баса назар ауда­рыла отырып, халық­тың өмір сүру сапасын арттыру, көлік түр­­лерін бір­ың­ғай жүйе­ге біріктіру негі­зінде кө­лік инфра­құрылы­мын дамыту, ин­тел­­лек­­туалдық тех­нологияларға, цифр­­лан­­­ды­руға және жаһандық жүйе­лерге инте­­гра­­ция­лауға негізделген шешім­дер­ге басымдық берілмек.

«Солтүстік – Оңтүстік» элек­тр тарату желілерін және «Қара­ғанды – Балқаш» жо­лын салу жобаларын іс­ке асыру туралы Қарағанды об­лы­с­ының әкімі Е.Қошанов, «Ақ­­төбе – Ақтау» автожолы жо­ба­сы бо­йынша Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин баяндады.

Талқылаулар бары­сында Пре­мьер-Министрдің бі­рінші орынба­сары – Қаржы ми­нистрі Әлихан Сма­йы­лов бағ­дар­ламаны іске асы­ру аясында биыл мемлекеттік ор­гандар мен ЖАО қа­ражаттарды жыл­дың соңына қалдырмай, уақ­ты­лы игеруі қажет екенін атап өтті.

Премьер-Министрдің орынба­сары Жеңіс Қасымбек жалпы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру 2018 жылдың қоры­тындысы бойынша барлық бағыт­та жақсы нәтиже көрсеткенін айтты. Құ­ры­­лыс пен реконструкциялау жұ­мыстары жоспарлы режімде жүр­гізілді, ақы төлеу жүйесі ке­зең-кезеңімен енгізілді. Со­нымен қатар су тарту және сумен жаб­дықтау мәселелері бойынша қа­жетті іс-ша­ра­лар жүргізілуде. 2015 жылдан бас­тап желілердің тозуы 57 пайызға дейін төмендетілді.

Мәселені қорытындылаған Үкі­мет бас­шысы Асқар Мамин «Нұр­лы жол» бағ­дарламасын орын­дау үшін мемлекеттік орган­дарға жұмыс қарқынын арттыру жөнінде тапсырмалар берді. 

Биыл 2015-2019 жылдарға ар­налған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады. Осыған орай А.Мамин бағдарламаны іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетінің, сонымен қатар ин­же­нерлік инфрақұрылымының дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті. Бұл кезеңде 8 мың шақырым автожол, 3 мың шақырым жылумен және сумен жабдықтау желі­лері салынып, қайта жаңғыр­тылды, ұзындығы 1776 шақырым­дық Солтүстік–Оңтүстік электр бе­ру желілерінің үшінші желісі пай­да­лануға берілді.

Өткен жылдың өзінде 86 мың­нан астам жұмыс орны құрылғанын айта кеткен жөн. Биыл жоспарға сәйкес тағы 54 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Сонымен қатар бағдарламаны іске асыру елдің көліктік әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді. Был­тыр транзиттен түскен кіріс 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Ал тран­зиттен қосымша табыс алу мақ­сатында осы жылдан бас­тап Ас­тана – Щучинск жолынан бө­лек, 471 ша­қырым ақылы жол пайдалануға бе­рілді. Оның ішінде Астана – Теміртау, Ал­маты – Қап­шағай, Алматы – Қорғас жол­дары бар. 2020 жылы ұзындығы 5,5 мың шақырымдық ақылы жол іске қосылады.

Премьер-Министр эконо­ми­каның дамуына үлкен үлес қосқан және ұзақ мерзімді оң әсерін ти­гізген жобалардың бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жоба­сы бол­ғанын атап өтті, оның аясында 47 жа­ңа өндіріс пен 73 қызмет көр­сету нысаны құрылды. Жобаны іске асырудың орта­ша жылдық жиынтық тиімділігі 200 млрд тең­гені құрайды.

«Бағдарлама аяқталатын биыл­ға да үлкен жоспарлар бар. Рес­пуб­ликалық маң­ызы бар 4,4 мың ша­қы­­рым жол қайта жаң­ғыр­ты­лып, 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді. Осыған орай, мем­лекеттік ор­гандар, құрылыс компаниялары бел­гі­ленген жоспарларды орындау үшін қар­қынды жұмыс жүргізуі тиіс», деді А.Ма­мин.

Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігіне «Нұр­лы жол» бағ­дар­­ламасының 2020-2025 жылдарға арнал­­ған келесі ке­зеңін әзірлеуді тездету тап­­сы­рыл­ды. Министрлік осы айда бағ­дар­­­ламаның тұжырымдамасын ұсы­нуы қажет.

Қарапайым заттарға – кең өріс

Үкімет отырысында «Қара­пай­ым заттар» экономикасы аясында өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жүзеге асырылатын шаралар кешені қаралды.

Елбасы тапсырмасы бойынша не­сиелендіру бағдарламасы аясын­да өңдеу өнеркәсібін қолдауға 400 млрд теңге қарас­ты­рылған. «Қарапайым заттар» эко­но­микасын дамыту аясында биз­нес-жобаларды қолдау мен да­мыту 2025 жылға қарай 16 мың тұ­рақты жұмыс орнын құруға, бюд­жетке 1,1 трлн теңге са­лық түсім­дерін қамтамасыз етуге, өнім­дер им­портының үлесін 59 пайыздан 37 пайызға дейін азайтуға мүм­кіндік береді.

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Роман Склярдың айтуын­ша, «қарапайым заттар» экономикасында құрылыс индустриясын, жеңіл және жи­һаз өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Аталған міндеттерді шешу үшін көрсе­тілген салаларды дамыту бойын­ша Жол карталары әзір­ленген. Бұл шикізат­тық базаны дамыту, кедендік әкімші­лен­діру және техникалық реттеу шара­ларын жетілдіру арқылы ішкі на­рықты қор­ғау, тауарлар мен қыз­меттер сапасын арт­тыруға ба­ғыт­талған ұлттық стандарттарды әзір­леу шараларын қарастырады.

Сонымен қатар отандық тауар­лар­дың сауда желілерінде ұсыны­луын арттыру, кә­сіпорындарды бі­ліктілігі жоғары кадр­лармен қам­тамасыз ету, жобаларды озық технологияларды қолданумен іске асыру үшін аталған салаларға ин­вестициялар тарту бойынша шаралар қабылданатын болады.

Жалпы, Жол карталарында 150-ден аса іс-шараны іске асы­ру қарастырылған, оның қоры­тын­дылары бойынша орташа мерзімде өн­дірілетін тауарлардың жер­гілік­ті қамту үлесі 50 пайыздан артады, шығарылатын өнім сапасы жо­ға­рылайды және контрафактілік өнім көлемі азаяды.

«Ұсынылып отырған шараларды іске асыру жыл сайын құрылыс материалда­рын, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі өнім­дерін өндіруді 73 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Р. Скляр.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров, өз кезегінде, агроөнеркәсіп ке­шенінің негізгі міндеті – маңызды компоненті тамақ өнеркәсібі болатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтты. Агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу үшін 200 млрд теңге бөлінді. Несие қаражаттары АӨК-те өңделетін 118-ге жуық өнім түріне беріледі. Со­ның ішінде 200 млрд теңгенің 100 млрд теңгесі ауыл шаруашылығының өң­дел­ген өнімдері саласындағы жобаларын несиелеуге, 100 млрд теңгесі тамақ және бас­қа да өңдеу өнеркәсібіне шикізат бере­тін ауыл шаруашылығы өндірісіне жұм­салатын болады.

Қазақстанның қаржыгерлер қауым­дас­тығы кеңесінің төрағасы Елена Бах­мутова басым жобаларды несиелендіру бағдарламасының іске асырылуының оң динамикасы туралы хабарлады.

Өңірлердегі жағдай туралы Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбек пен Шымкент қала­сының әкімі Ғабидолла Әбді­ра­хымов баяндады.

Жиынды қорытындылаған Үкі­­­мет басшысы «қара­пайым зат­­тар» эко­номикасын дамыту бо­йынша Жол карталарында көр­­­се­­тілген шараларды іске асы­руға ар­налған бірқатар тапсырма бер­ді. Оны жүзеге асырған жағ­дай­да 2025 жылға дейін импорт үле­­сінің 59 пайыздан 37 пайызға де­йін азаюы қамтамасыз етіледі.

«Мемлекет басшысының тап­сыр­масын орындау аясында біз өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қар­қынының есебінен әртарап­тан­дыруды одан әрі дамытамыз», деген А.Мамин, жоғарыда аталған салаларда 2019-2025 жылдар ара­лы­ғында 200-ге жуық жоба іске асы­рылатынын айтты. Соның нәти­жесінде болжамды есептеулерге сәйкес, 2025 жылға қарай «қара­пайым заттар» экономикасы тауарлары өнімдерін өндіру кө­лемі 4 трлн теңгеден 9 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Осы әзірленген шараларды жүзеге асыру арқылы 2025 жыл­ға дейін Қа­зақ­стан бойынша 16 мыңнан астам өнімділігі жо­ғары тұрақты жұмыс орындары құ­ры­лады, деген Пре­мьер-Министр тиісті мем­лекеттік ор­гандарға осы шараларды жү­зеге асыруға бірден кірісуді тапсырды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»