Өзі кетсе де сөзін әспеттеген жұрты онымен қайта қауышып отыр. Қазақ елінің халық ақыны Манап Көкеновтің «Сүлейлердің соңғы тұяғы» атты көлемді жинағы оқырман қолына тиіп отыр. Ақынның айтыстары мен терме-толғауларынан, дастандарынан, тауып айтқан әрлі әңгімелерінен, ол туралы жазған естеліктерден, ән-жыр топтастырылған рухани құндылықты құрастырған, атамұрасына адалдық танытқан немересі Алмас Манап екенін, бұл басқаға үлгі болар іс екенін де айта кетсек дейміз.
Кітапты парақтап отырғанда 1972 жылы Жамбылдың 125 жылдығына арналған ақындар айтысы ойға орала берді. Ол кезде бүгінгідей бірінің ізін бірі басқан жас қырандай жас ақындар онша көп емес еді. Аталмыш айтыста сахна төрінен Манап, Әсімхан (Қосбасаров), Көкен (Шәкеев), Мұқаш (Байбатыров), Қалихан (Алтынбаев), Әбікен (Сарыбаев), т.б. Айтыс өнерінің дүлдүлдері орын алып, Жамбыл жырауды, елдегі өркенді жұмысты, жұрт кісілерін өлеңмен өрнектеген болатын.
Жаны жайсаң, мейірімі мол ұстазымыз, қазақ фольклорының білгірі, ғалым, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулин алдыңғы толқын айтыс ақындарының жолын кейінгі жастар жалғауы керек, деп бір шоғыр жасты тартқан болатын. Төселе қоймағандарын алдын ала дайындап, тіпті кейбір талапкерлерге алдын ала өлең жолдарын жаздырғаны есте. Сөзіміз жалаң болмасын, бұған бір дәйек келтірер болсақ, кейін талантымен танылған ақын, қарымды жазушы Ғабиден Құлахметовтің бойындағы ұшқырлықты танып қана қоймай, айтыс бәйгесіне қосты. Сол айтысқа қатысқан мектеп оқушысы Райхан Нәкиеваны да мақтан еткенін білеміз. Додадан кейін Мәлік аға жадырай жымиып «Тарта алсақ сөз ұстайтын жас бар екен. Жарысқа әкеп қосқанда біразы топ жарды. Тіпті үлкендер риза болды. Оларды көрген жастардың арасындағы мықтылар, әсіресе ауылдағы өлеңді серік етсек дегендер енді ұмтылатын болады. Қан мен жанда бар құдіретті осылай жандандырмасақ айтыс ақындары қайдан шығады» деген еді.
Бұл кейін ақиқатқа айналды. Қазіргі өрен жүйріктер сол үлгіден тәлім алды десек, артық айтқандық болмайды.
«Қызықпаймын ақшаға, алтынға да, Алтыннан қымбат көпке нарқым барда. Елеусіз боп ешқашан қала алмаймын. Есімімді ұмытпас халқым барда» деп Манап ақын өзі айтқандай, ақынын халқы ұмытпапты. Көлемді дүниенің алғы сөзін ұлт зиялысы Сейілбек Шаухаманов жазыпты. Айтыстарына келсек, алғашқы сөз сайысы жезтаңдай ақын, әрі әнші Нартай Бекежановпен өткен екен. Манап: «Баураған асыл жырың, бұлбұл үнің, Шәкіртің болсам деген бұл бір інің», дегенде сөз саңлағы: «Өнер сенің қарамас, Бақ-даулет пен түріңе, Самғай бер, алға, кідірме! Сыйласа біл бәрімен, Өлгенде емес, тіріңде, Бастырмас қадам ілгері, Өсек сөзге ілінбе. Өлеңің болсын жинақы, Қыз тоқыған өрнектей, Сонда жұрт сені тыңдайды, Басқаны қояр сөйлетпей. Батам болсын бұл саған, Ұсынған сый мен зейнеттей» деп ақ тілегін ақтарыпты.
Жинақта жиырмадан аса айтыстармен қатар, өз ұлы Әбдікәріммен өлең өзенін тасытқан сәттегі − әке мен бала айтысы ерекше есте қалады. Әкенің: «Айналдым дариядай зейініңмен, Қазақтың даласындай пейілің кең, Қанеки, құшағыма енші ұлым, Сүйейін әкелік шын мейіріммен!» деп ұлына күн сәулелі жан шуағын төгуі жарасып-ақ тұр. Астары қалың әзілдерінен де алар тағылым аз емес. Сол секілді ақынға арнаған замандастарының, шәкірттерінің шығармалары да өз алдына бір төбе дүние. Бір сөзбен айтқанда, көлемді кітап ұлт руханиятына қосылған қазына дей отырып, арамыздан кеткен Манап Көкеновтей арыстарымыздың атын жаңғыртып, мұрасын осылай кейінгі ұрпаққа жеткізсек, бүгінгі толқынның мойнындағы қарызы өтелері хақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»