Қазақстан • 06 Наурыз, 2019

Аcқар Мамин Дүниежүзілік банк және  ЕҚҚДБ өкілдерімен кездесу өткізді

675 реткөрсетілді

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропа қайта құру және даму банкінің өңірлік директоры Агрис Прейманиспен және Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Ато Браунмен кездесулер өткізді.

Кездесу барысында халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері және Қазақстанда тұрақты, теңгерілімді және әртараптандырылған экономика құру мен құрылымдық реформаларды жүргізу үрдісіндегі өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары талқыланды.

Агрис Прейманиспен жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), инфрақұрылым мен көлік, қаржы секторы арқылы ШОБ-ты қолдауға баса назар аударумен энергетикалық сектордағы өзара іс-қимылдың стратегиялық бағыттары және басқа да мәселелер талқыланды. МЖӘ саласындағы, реттелетін секторлардағы трансформация және жекешелендіру үрдістеріндегі, тарифтік саясаттағы реформалар қарастырылды.

Бүгінгі таңда ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастықтың негізгі бағыттары Қазақстандағы автожолдар мен су шаруашылығы жүйелерін реконструкциялауға бағдарланған.

Ато Браунмен Әріптестіктің шекті стратегиясы мен Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасының іске асырылу барысы қарастырылды. Талқылауға ұсынылған 2019-2024 жылдарға арналған Әріптестіктің елдік стратегиясының жобасында Дүниежүзілік банк ынтымақтастықтың үш бағытын таңдауды ұсынды: адам капиталының сапасын арттыру, жекеменшік сектордың, инвестициялық ахуал мен сауда сапасын жақсарту, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы мен өңірлерді дамыту.

Сонымен қатар өзара іс-қимылдың басымдықты салаларын ретінде туризм, АӨК, индустрияландыру, цифрлық инновациялар, көлік-логистика саласы мен өңірлік инфрақұрылымды дамыту қаралды. Бұл тұрғыда займдық қаражатты тартпай Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы аясында көбірек жобаларды іске асыру, сондай-ақ жыл сайын шағын жобаларды қаржыландырудан Үкіметтің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған ірі жобаларды ұзақмерзімдік қаржыландыруға көшу ұсынылады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар