Байырғы басылымның тілшілері бұл үрдісті Алғыс айту күнінен бастады. Ұлыстың ұлы күніне дайындықты осыдан бастаған ұжымын алдымен «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін құттықтап, нөмірден-нөмірге дейін деп өмір сүретін, үнемі қауырт жүретін әріптестеріне ақжарма тілегін жеткізді.
– Бұл бастаманың мақсаты сырт киім үлгісімен ғана қазақ екенімізді айғақтау емес, сонымен бірге, ұлтқа деген шексіз құрмет, өзгелерге өнеге көрсетуді өзімізден бастап, нақты іспен көрсету десек те болады. Алатаудың ар жағындағы қырғыз ағайынның Парламентте ақ қалпақпен, өзбек бауырлардың ала шапанмен жүретінін, тәжіктердің мектеп формасына дейін ұлттық киімге негізделгенін ескерсек, Ұлы дала перзенттері неге төл құндылығын мақтан тұтпасқа?! Бұдан тыс, біздің қызметкерлеріміз Жетісу жұртшылығы алдында кембағал жандарға қайырымдылық көрсету үшін бірнеше концерттік бағдарламалар ұсынып, талай жанның жүрегін жібітті. Марқұм Есенқұл Жақыпбеков оқуларын елімізде алғаш ұйымдастырды. Тоғызқұмалақ, ат жарысы, хандойбы секілді ұлттық спорт түрлерінің бұқаралық сипат алуына тікелей қатысып, бастамашы атанды. Жаңа бастама Ұлыстың ұлы күнін 22 наурыз күні түске дейін киіз үй аралап, көже ішумен аяқтайтын көзбояу көрініске тосқауыл болмақ. Ғасыр толған қасиетті шаңырақтың бастамасы әрі қарай да ұлттық нақышта жалғасын таба береді, – дейді Әміре Әрін.
Көңілге де көктем сыйлаған газет журналистерінің бұл бастамасы ең алдымен Ұлыстың ұлы күні – Наурызға деген ерекше құрметті білдіреді. Қашанда халық пен билік арасына алтын көпір орнатып, ақпараттардың ақ-қарасын ажыратып, жұртшылыққа жіліктеп жеткізетін абыз басылымның бастамасы басқа да әріптестерге ой салып, әрі қарай жандана түседі деген сенімдеміз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы