05 Наурыз, 2010

ЕУРОПАМЕН АРАДА КӨПІР БОЛУҒА ДАЙЫН

720 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бұрнағы күні елімізге мемлекеттік сапармен келген Румыния Республикасының Президенті Траян Басескумен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастар мәселелері барысы туралы әңгімелесті. Спикер өз сөзінде екіжақты қарым-қатынастарда, сондай-ақ халықаралық саясатта екі елдің арасында ешқандай проблемалар мен қайшылықтардың жоқтығын атап өтті. Еуропа Одағы елдері­мен әріптестік орнату Қазақстан сыртқы саясатының маңызды бір басымдығы болып қала береді. Екіжақты қарым-қатынастар ір­гетасының нығаюына Қазақстан тарапынан қабылданған “Еуро­па­ға жол” бағдарламасы мен Еу­ро­па Одағының Орталық Азия елдері жөніндегі ұстанған стра­тегиясы өз септігін тигізіп отыр. Сондықтан Румыния Прези­денті­нің бұл сапары екіжақты қа­рым-қатынастарды дамытудың нышанына айналуы тиіс, деді. Орал Байғонысұлы. Парламент жұмысы және ел­дегі жағдай туралы қысқаша айта кеткен спикер “Бүгінгі таңда Мәжілісте Елбасының биылғы Жолдауында жария етілген Қа­зақстанның 2020 Стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың не­гізін қалайтын заң жобалары қа­ралып жатыр. Сол секілді индус­триялық-инновациялық бағдар­ла­малардың орындалуын қамта­ма­сыз ететін заңдар қабылдануы керек”, – деді. Мәжіліс Төраға­сы мәртебелі мейманға еліміздің атына айтқан жылы лебізі үшін ризашылығын жеткізіп, екі мем­лекет басшылары­ның достық байланысының арқасында ынты­мақ­тастық қарым-қатынас жаңа дең­гейге көтеріле­тініне сенім білдірді. Т.Басеску өз кезегінде Румы­ния Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін бірден қолдаған мемлекет екенін, Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы бастамасын да қолдайтынын жеткізді. “Біздің ел Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты нығайта түсуді мақсат тұтады. Өйткені, Қазақстан – Орталық Азиядағы саяси тұрақ­ты­лығы сақталған, келешегі зор мемлекет. Қазақстан мен Еуро­палық Одақ арасында Румыния ынтымақтастық көпірі рөлін ат­қара алар еді. Қазақстан кәсіп­кер­лері біздің елге келіп, одан әрі Еуропаның өзге мемлекет­те­рі­не барып, өздерінің қызмет­те­рін дамытуына толық мүмкіндік бар”, – деді Румыния Пре­зи­денті. Осы ретте Траян Басеску Нұр­сұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан­ның белді деген саясат­кер­лерімен кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығын жеткізді. Өзінің бұл сапары бір ғана мақсатты, яғни екіжақты әріп­тестікті нығайту мақсатын көз­дейтіндігін атап көрсетті. Мәр­тебелі мейман өз елінің Ор­талық Азия мен Еуропа Одағы ай­мағын жалғастыратын көпір болуға дайын екендігін де қай­талай жеткізді. Әрине, мұндай рөл­ді атқару үлкен жауапкер­ші­лік жүктесе, бұл орайда Қазақ­станмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мәні де ерекшелене түседі. Екеуара әңгіме барысында Мәжіліс Төрағасы Румыния Қа­зақ­станның Орталық-Шығыс Еуро­падағы басты экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Әлем жұртшылығын әуреге салған қар­жы дағдарысы да екі елдің ара­сын­дағы сауда айналымына көп әсерін тигізе қоймаған. Кездесуден кейін Румыния Президенті Мә­жілістің құрметті қонақтар кіта­бына тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды. Осы кездесуге Мәжіліс депутаттары Әмзебек Жолшы­беков, Гүлжан Қарағұсова және Наталья Геллерт қатысты. Сол күні мәртебелі мейман Қа­зақстан Республикасы Прези­денті жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясының профес­сор­лық-оқытушылар құрамымен және тындаушыларымен кезде­сіп, олардың алдында лекция оқы­ды. Оның тақырыбы Қазақ­стан-Румыния қарым-қатынасын дамыту мен өңірдегі ахуалға арналды. Артынан ол Тұңғыш Президент мұражайын аралап, онда қойылған экспонаттармен танысты. Одан кейін Отан қорғаушылар монументіндегі мәңгі алауға гүл шоқтарын қойды және “АстанаБасЖоспар” ғимаратын­да болып, Астананың дамуы ба­ры­сынан жан-жақты мағлұмат алды. Түс ауа Румыния Прези­ден­ті Қарағанды қаласына ұшып кетті.